Қазақ ұлты, қазақ елі қай ғасырда да дарындарға, таланттарға кенде болған емес. Әсіресе, әдебиет пен өнер саласында көп. Осы бағытта қазақ руханиятының бай да байтақ тарихын мақтанышпен айта аламыз. Ұлт руханиятының ұлы ұстындары бар емес пе? Сол ұстындардың бірі, әрине, сан ғасырлық тарихы бар қасиетті қазақ әдебиеті екені даусыз. Ал қазақ әдебиетінің алтын діңгектері Абай, Жамбыл және Махамбет екеніне ешкім шек келтіре алмасы тағы анық. Бірнеше мыңжылдықтан тамыр тартатын ұлттық поэзиямызды, яғни, түркілік поэзияны, халық ауыз әдебиетін, фольклорды, ұлан-ғайыр жыраулық мұрамызды аттап өтіп, әңгіме өрбіту де мүмкін емес.
Мұхиттай терең халық ауыз әдебиетін, әлемдік деңгейге кетіп қалған ұшы-қиыры жоқ бай фольклорымызды айтпағанның өзінде, бес ғасырға жуық дәуірлеген жыраулық поэзиямызға ғана тоқталсақ, туған әдебиетіміздің терең тарихы көз алдымызға келеді. Біз осынау терең тарихтың бір белесіне ғана, яғни, жыр алыбы Жамбылдың шығармашылығына ғана ат шалдырып, әңгіме өрбітуді мақсат еттік. Осы орайда Жамбылдың алдында жыраулық өнердің баға жетпес үлкен мектебі жатқанын да ұмытпауымыз қажет. Соның бірі Жетісу ақындық мектебінің алтын діңгегі болған (Мұхтар Әуезовтің бағасы) Сүйінбай ақынның да әсер-ықпалын аттап кете алмаймыз. Қазақ поэзиясында, жалпы қазақ әдебиетінде Сүйінбай ақын қалдырған жыраулық дәстүр оның шәкірттерінің шығармашылығында да жаңаша түрленіп, жаңа поэтикалық арнада жалғасын тапты. Соның бірі – Жамбыл шығармашылығы.
Мен мақаламды ұстазым, жамбылтануға теңдессіз үлес қосқан, олжа салған саңлақ ғалым, профессор Мырзатай Жолдасбековтің бірауыз сөзімен бастағым келіп тұр. Тура осыдан отыз жыл бұрын Мырзатай ағамыз Бішкекте Жамбыл шығармашылығынан докторлық еңбегін қорғады. Алматыдан арнайы академиктер С.Қирабаев, З.Қабдолов, З.Ахметов, Т.Кәкішев ағаларымыз барып, сөз сөйледі, баталарын берді. Бұл Жамбыл туралы тұңғыш қорғалып жатқан докторлық жұмыс еді. Сонда ұстаздарының шапанын көтеріп, бірге ілесіп, орта буыннан ғылым докторлары – Р.Нұрғалиев, С.Қасқабасовтар жүрді. Қырғыздың төрінде, Бішкектің аспанында Жамбыл бабамыздың есімі, атақ, абыройы асқақтап, қол жетпес шырқау биікке көтерілді.
Қырғыз-қазақ ғалымдары бас қосқан сол алқалы жиында мінберге көтерілген Мырзекең өз баяндамасын былай деп қорытындылады: «Жамбыл – халық мүддесін ғасырлар бойы армандаған қажымас қамқордың дәстүріндегі жыршы, елдің мұңын мұңдаған мүддегер, жыраулықтың көшпелі академиясы, ойшыл, данышпан ақын, туған халқының ар-намысы, үні, жүрегі және ақиқат шындығы. Ол – эпик әрі айтыс ақыны, абыз жырау, жауынгер жыршы, шын мағынасындағы заңғар поэзияны жасаушылардың ең ұлысы. Жамбылдың құдыреті оның осындай асқан шеберлігімен ғана емес, халық поэзиясының бұтақ жайған алып бәйтерегі болуымен де, халық ақындарының жаңа көшін бастаған даралығымен де әлемді таңқалдырған болатын. Байтақ қазақ даласын жырға кенелткен, осы бір теңдесі жоқ өнерді биікке көтерген, ілгері дамытқан даңғыл жыраулардың ең соңғы үздігі – Жамбыл!».
Әрқашан шешен сөйлейтін, төгілте баяндайтын, тосыннан қиыстыра білетін Мырзекең Жамбыл феноменінің алтын өзегін дәл ұстап, дәнін аршып айтты. Сүйсінбеске амалың жоқ. Жамбылдың жыраулық дарынын, жыраулық поэзияға қосқан баға жетпес олжасын ақынның өнерпаздық қырының ең басты қасиеті ретінде неге айшықтап айтамыз? Оның сыры тереңде. Жамбылтану ғылымы – ешқашан тоқтамайтын, суалып бітпейтін, таусылмайтын мәңгілік тақырып. Оның мұхиттай терең түбіндегі інжу-маржанын әр ұрпақ, әрбір замана көшіне келетін келесі буын өз биігінен зерттейді, зерделейді. Өзіне керегін алады, үрім-бұтағына аманаттайды. ХХІ ғасырдың ұрпағы біздер де өз сөзімізді айтамыз, саралаймыз, жүрек көзінен өткіземіз.
Бәрімізге белгілі, ғасырдан-ғасырға жалғасып, атадан ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ сөз өнерінің айшықты бір саласы – телегей-теңіз жыраулық поэзия. Сақ, ғұн дәуіріндегі, ар жағына бармай-ақ, берідегі Түркі империясы тұсындағы Йолығ-тегін, Тоныкөк, Қазақ хандығы салтанат құрған жүзжылдықтардағы жырауларымыз – Сыпыра, Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Доспамбет, Жиембет, Бұқар, Махамбет, Шөже, Майкөт, Марабай, тағы басқалары тарихты түптеп таратып айтатын шежірешілер, миллиондаған жыр жолдарын жадында сақтай алатын құдыреттер, Ұлы даланың ұлы тарихын таңды-таңға ұрып жырлап, тыңдарманын үйіріп, селт еткізбей уысында ұстап отыра алатын сөз сиқырының иелері еді. Жамбыл да күллі мұсылман жұртына кең тараған, әлемдік рухани мұраның үздік үлгілері болып табылатын Шығыстың қисса, дастандарын, лиро-эпостық жырларын, әйгілі туындылар – «Көрұғлы», «Манас батыр», «1001 түн», «Шахнаме», «Ләйлі-Мәжнүн», «Орақ-Мамай», «Сейіт-Баттал», «Тоты Камал», «Қыз Жібек», «Едіге», «Шора Батыр», «Қабанбай», «Бөгенбай», «Ерназар мен Бекет» және өзінің төл дастандары «Сұраншы батыр», «Өтеген батырды» да ұзақ жатқа айтатын.
Жыраулардың барлығына табан астында суырып салып, айта жөнелетін төкпелік, тапқырлық, көріпкелдік, данагөйлік, яғни, импровизаторлық өнер тән. Керек болса, Жамбыл әрбір дастанын жырлағанда шабыт орайына қарай, тыңдарман ортасына байланысты дастандарының бірнеше нұсқасын айтатын болған. Осы орайда ақындық өнер тарихын терең зерттеген біртуар ғалым, академик Есмағамбет Ысмайыловтың төмендегі пікірінде жыраулық поэзияға ауқымды баға берілген: «Жыраулар да ақын, көркем сөз шығарушы, өнерпаз, ауыз әдебиетінің өкілдері. Жыраудың ақыннан өзгешелігі – шығармаларының сарыны мен тақырыбы бірыңғай болып келуінде. Адам баласындағы қайғыны, зарды, ел ішіндегі ауыртпалықты толғау, әлеуметтік, елдік мәселелерді көтеру, болашақты болжап, ақыл айтып, батагөйлік ету, шешендік түйіндер жасап, терең ой қозғау – жыраулардың дәстүрлі ерекшеліктері».
Сондықтан да бүкіл ел жыраулардың айтқанына құлақ түріп, әрбір сөзіне тоқтайтын болған. Ханнан бастап, қарашаға дейін! Рухани байлықтың, ақындық өнердің ең биік шыңы жыраулық поэзиядан көрініс тапқан. Ел тағдыры, ұлттың қамы, халықтың болашағы туралы айтылатын жыр-толғаулар да жыраулық поэзияның тұсында шарықтау биігіне көтерілген.
Қазтуғанның, Ақтамбердінің, Доспамбеттің, Бұқар жыраудың, Махамбеттің толғауларында, өлең-жырларында елдік, ұлттық мүддеден басқа тақырыптарды таппайсыз. Ұлттық сарын, ұлттық рух, ұлттық мүдде, тәуелсіздік үшін күрес – жыраулық поэзияның ең басты арқауы. Алтын діңгегі. Бел омыртқасы. Ал енді Жамбыл жырларын, әсіресе, толғаулары мен дастандарын алсаңыз да дәл осылай. Жамбыл ақындығының ең басты арнасы, алтын жүлгесі – ұлт тағдыры, ел тағдыры.
Жамбыл өз шығармашылығына елдік мүдде, ұлттық сана, ұлттық құндылықтар биігінен көз салады, толғанады, алдымен халық тағдырын жырына арқау етеді. Ақынның суреткерлік таным көкжиегі кейде одан да биік деңгейге, жалпы адамзаттық құндылықтар деңгейіне дейін көтеріледі. Әйгілі «Ленинградтық өренім» жыр-толғауының әлем тілдеріне аударылуы – соның бір ғана мысалы.
Шынайы гуманист тұлғалар қазақ жыраулары болған. Солардың бірі, әрі бірегейі – ұлы жырау Жамбыл. Даналықтан тұратын, данагөй жырдың тұнығын ғана ағыл-тегіл төгетін табиғи таланттың иесі Жамбылдың барлық жанрдағы туындыларын алып қарасаңыз, ақынның әр алуан тақырыптарды толғағанын аңғарамыз. Өсиет, тағылым тақырыбын былай қойғанда, бір ғана ерлік, батырлық, халықтық тақырыпты көтеретін Жамбылдың қос дастаны «Сұраншы батыр» мен «Өтеген батыр» эпостық жырлары – жыраулық поэзияның ең үздік үлгілері. Екі дастан да тұнып тұрған тарих. Ел тарихы, ұлт тарихы!
Автор эпостық таным биігінен ой толғап, өз туындыларында халық тағдырын тарихи ретроспектива аясында суреттейді. Тарих көші мен ұлтының жүріп өткен жолын бас кейіпкерінің тағдыр жолымен тұтастыра, тоғыстыра бейнелегенде бір халықтың тарихи тағдыры көз алдымыздан өтеді. Метафоралық теңеулер арқылы қазақ даласындағы барлық тарихи жерлер мен тарихи оқиғаларды қамтып, айшықтап жеткізетін дастан жолдарын тебіренбей қабылдау мүмкін емес.
«Өтеген батыр» жырын Жамбыл:
Қырғауыл ұшып, қаз қонған,
Аққу келіп, жаз болған,
Алтайға қара маралды!
Балығы таудай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Шортаны шоршып ойнаған,
Алтын қаймақ Аралды.
Қазақ бұрын құл болған,
Күн көруге мұң болған.
Күнді көрдік, ел болдық,
Асу бермес, өр болдық.
Осы бақ қонған таңым да,
Саған да ортақ, маған да! – деген жыр жолдарымен аяқтайды.
Ақтамберді, Бұқар жыраулар үлгісімен, жыраулық сарында, философиялық астармен толғап, адам өмірінің әрбір белесін өлең жолдарына түсіреді. Жалпы, жыраулық поэзияда замана көшіне, яғни, уақыт пен кеңістік аясындағы қоғам дамуына, сол қоғамда тіршілік кешетін адам пенденің өз ортасымен, тарихи оқиғалармен қарым-қатынасына құрылатын өлең-толғаулар, сюжетті дастандар көп кездеседі. Сондай өлең-толғаудың үлгілерін Сүйінбайдан да жиі кездестіреміз. Мысалы, бір толғауында:
Ақын боп жиырмада желдей болдым,
Отызда асқар биік белдей болдым.
Отыз асып, қырыққа келгеннен соң,
Қаптаған жердің жүзін селдей болдым.
Қырықтан асып, елуге келгеннен соң,
Түбім терең, құрақты көлдей болдым.
Елу асып, алпысқа келгеннен соң,
Салынды суға ілінген сеңдей болдым.
Алпыс асып, жетпіске келгеннен соң,
Тап-тақыр ел жайлаған жердей болдым, – деп өз өмірінің әрбір белесіне поэтикалық, метафоралық сөз тіркестеріне жүгіне отырып мағынасы терең ой өрбітеді. Адам тағдырын табиғат құбылыстарына теңейді. Замандасы Майлықожа Сұлтанқожаұлы да алдыңғы аға буын жыраулардың салып кеткен дәстүр арнасын жалғастырып:
Жиырма жасқа келгенде бұлақтайсың,
Жиырма бес – жанып тұрған шырақтайсың.
Отыз жас – ер жігіттің дер кемелі,
Мысалы, көлге біткен құрақтайсың.
Отыздан отыз беске келгеніңде,
Мысалы, байлаудағы пырақтайсың.
Қырықтан қырық беске келгеніңде,
Байлауда мінілмеген құр аттайсың, – деп адам жасының әрбір кезеңіне тоқталып өтеді.
Осыдан кейін Жамбылдың жыраулық поэтикалық дәстүрді жалғастырушы тұлғасы, жаңаша, жаңғырта, түрлендіре тереңдеткен, өркендеткен ақындық қасиетін де еріксіз мойындайсыз. Сыпыра жырау, Қазтуған, Ақтамберді, Доспамбет, Бұқар, Махамбет жыраулардың қолтаңбасы Жамбыл жырларында қайта тіріледі, қайта көктейді, жаңа заман, жиырмасыншы ғасыр көгінен қайта үн қатқандай көрінеді. Сондықтан да Жамбылдың жыраулық поэзиясын ХХ ғасырдың бірінші жартысында барлық қырымен жарқырай көрінген, күллі адамзаттың өркениет биігіне көтерілген, көркемдік, әдеби құбылыс немесе тұтас ғасырдың феномені десек, артық айтпаймыз.
Осы пікірімізді терең ғалым, фольклорист, академик Сейіт Қасқабасов та шегелей түседі. Өзінің «ХХ ғасырдың ұлы жырауы» атты Жамбылдың күллі поэзиясын талдайтын, саралайтын көлемді мақаласында: «Жүз жыл өмірінің сексен бесін өлеңмен өткізген Жәкең екі ғасырдың куәсі ғана болған жоқ. Оның жүз жылғы өмірі, шындап келгенде, екі ғасырға тең еді. Өйткені, Жамбыл тарихта сирек кездесетін, мүлде қарама-қарсы екі заманды көрді. Ол Қазақ хандығының жойылғанын, елінің отарлыққа түскенін, қазақ даласына Ресейдің әкімшіл-отаршыл басқару жүйесін орнатқанын, сонымен қатар көрші жатқан Қоқан хандығы жасаған жаугершілігін көрді. Қызыл империяның шовинистік қатыгез саясаты мен Алаш арыстарының көпе-көрнеу, жазықсыз атылғанын көрді. 1920-30 жылдары үш миллион қазақтың қолдан жасалған аштықтан қырылғанын көрді. Сол себепті Жамбылдың «Кең жатқан байтақ-ұлан шежіремін, тарихтың домбырасын қолына алған» деп айтуы тегін емес. Осы көргені мен білгенінің бәрін Жәкең өз поэзиясына арқау еткен, оны бірде жырау болып, бірде жыршы ретінде, бірде ақын болып жырлаған, толғаған, суреттеген», – дейді. Ғұлама ғалымның осы тереңнен қамтып, дәл тауып айтқан ауқымды сөзі – Жамбыл феноменіне берілген әділ баға.
Қансейіт Әбдезұлы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы,
филология ғылымдарының докторы, профессор