Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл заңда сабақта ұялы телефонды пайдалануды шектеу туралы айтылған. Жаңа Заң негізінде оқушы мектепке ұялы телефонды алып баруына болады, бірақ тек үзіліс кезінде ғана пайдалана алады. Ал сабақта қолдануға тыйым салынады.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары өткен жылғы қараша айының соңында мектептерде ұялы телефон пайдалануды шектеуді ұсынатын заң жобасын дайындаған еді. Оны биылғы 1 ақпанда Сенат депутаттары мақұлдап, Президентке жолдады.
Заңда жетім балаларға тәлімгерлік институтын енгізу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарының басқару еркіндігін кеңейту, орта білім беру ұйымдарында смартфондарды пайдалану ережелерін бекіту қарастырылған. Сонымен қатар, бірінші сыныпқа тестілеусіз қабылдау, балабақшадағы орындарда бірыңғай басымдықты қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты насихаттайтын, өзін-өзі өлтіруге итермелейтін, діни үгіт, ақпараттың таралуына жол бермеу шаралары қамтылған.
Бұл нормалардың қолданысқа енгізілуі білім беру сапасын арттыру мен заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Сабақта ұялы телефонды ұстау тәжірибесі PISA халықаралық жобаларында жоғары нәтиже көрсеткен бірқатар елде бар. Өйткені, мектепте бала сабақ оқуы тиіс. Ал телефон оған кедергі келтіреді. Десек те, көптеген ата-ананы «Мектепте ұялы телефон ұстауға тыйым салынса, балаларымызбен хабарласа алмай қаламыз ба?» деген сауал толғандыратыны анық. Бұл сұраққа жауап берген ҚР Оқу-ағарту министрінің орынбасары Наталья Жұмаділдаева: «Біз балаға ұялы телефонды пайдалануға тыйым салу туралы айтып отырған жоқпыз. Көптеген ата-ана қажет кезінде баласымен байланыса алмай қаламыз деп ойлайды. Шын мәнісінде шектеу тек сабақ барысында ғана қолданылады», – деді.
ҚР Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл туралы: «Біздің ұсынып отырған нормамыз тек сабақ кезінде ғана шектеуге арналған. Ал баланың үзілісте пайдалануына шектеу болмайды. Сабақ кезінде бала әлеуметтік желілерді қарап отырғаны дұрыс емес. Егер мұғалімнің сабақ жоспарында кейбір қосымшаларды пайдалану қажет болса, онда сабақ кезінде инновациялық технологиялар мақсатында смартфонды қолдануға рұқсат етіледі. Атап айтқанда, жалпы мектепте пайдалануға шектеу қарастырылмаған», – деген болатын.
Қабылданған заңның білім ошақтары үшін тиімділігі қаншалық? Бұл турасында Талғар ауданындағы №11 орта мектептің директоры Айгүл Махметовадан сұрап көрген едік.
– Біз смартфонның баланы алаңдататынын жақсы білеміз. Өйткені үлкен адамдардың өзі ұялы телефонға байлаулы. Минут сайын қарамасақ, бір нәрседен құр қалғандай боламыз. Ал ой-санасы жетілмеген бала оның зияндығын тіпті де ескермейді. Бұл баланың білім алуға деген құлшынысын төмендететіні анық. Сабақта ұялы телефон қолында тұрғандықтан баланың ойы онға бөлінеді. Сондықтан Мемлекет басшысының сабақта ұялы телефонды ұстауға тыйым салатын Заңға қол қоюы құптарлық жайт. Өйткені, оқушылар мектепке ұялы телефон қарау үшін емес, білім алу үшін келеді, – деді.
ЮНЕСКО ұйымы да былтыр әлем елдеріндегі білім мекемелерінде ұялы телефон қолдануға тыйым салу бастамасын көтерді. Өйткені, смартфонға назары ауған баланың сабаққа зауқы болмай, оқу үлгерімі төмендейді, ештеңеге қызығушылығы болмайды. Үнемі смартфон қолдану баланың психикасына да кері әсер етуде. Ұялы телефонға телмірген баланың оқуы ғана емес, көру қабілеті де нашарлай түседі. Сол себепті сарапшылар телефонды тек қажетіне қарай пайдалану керектігін алға тартады.
Ұйымның үндеуінен соң Ұлыбритания билігі барлық мектепте ұялы телефон пайдалануға тыйым салды. Ал Нидерланд Үкіметі жаңа жылда сабақты смартфонсыз бастаған. Бұл тізімде осындай шектеуді 2018 жылы енгізген Франция бар. Дәл сол жылы Қытайдың Шандунь провинциясы да сабақ барысында телефоннан бас тартқан. Қазір көрші Қытай елінде электронды құрылғыны оқу құралы ретінде пайдалану 30 пайызға дейін төмендеген. Италияда мұғалімдер таңертең оқушылардың смартфондарын жинап алып, дәріс аяқталғанда қайтарады. Ал Израиль Үкіметі 2021 жылдан бастап бастауыш сыныптарда смартфонды қолданбайды. Көршілес Ресей билігі болса, былтыр мектептерде құрылғыны қолдануға тыйым салатын Заңға қол қойды. Білім саласындағы бұл тәжірибеге алпауыт елдер біртіндеп көшуде. Алайда бұл «оқу орындарына смартфон әкелуге болмайды» деген сөз емес. Телефонды адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда пайдалануға болады екен.
Ендігі кезекте біздің елде де балаларымыздың болашағы үшін маңызды шешім қабылданып отыр. Заң өз деңгейінде жүзеге асып, оқушыларды сабақ кезінде ұялы телефоннан шектей алсақ, келешегімізге салынған жарқын жол болар еді. Бүгінде әлемнің әрбір төртінші елінде мектептерде смартфонға тыйым салынған.
Алма Есенбай