Қарасай ауданы Шамалған ауылында орналасқан «Үшқоңыр» спорт кешенінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты құрылым қызметкерлері арасында өткен спартакиада мәресіне жетті. Аталған спартакиадаға 9 аудан мен Қонаев қаласынан 10 команда жасақталып, барлығы 350 адам қатысты.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров бұл спартакиада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Табысты қоғам» Жолдауын жүзеге асыруға бағытталғанын айта келіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Дені саудың жаны да сау болатынын ескерер болсақ, үнемі халықтың көз алдында жүріп, жұртшылыққа рухани дүние сыйлайтын өнер қызметкерлерінің келбеті де, денсаулығы да өзгеге үлгі болуы тиіс.
Спартакиада волейбол, суда жүзу, арқан тарту, гір көтеру, қол күрес және шахмат спорты бойынша өтті. Волейболдан жеңіс тұғырына Райымбек ауданының командасы көтерілді. Ал екінші және үшінші орындар Балқаш пен Кеген ауданының үлесіне бұйырды. Арқан тарту бойынша жамбылдықтар ешкімге дес бермесе, одан кейінгі орындарға Райымбек пен Қарасай ауданының командалары жайғасты.
Шахматтан ерлер арасында Райымбек ауданының өкілі Тойғанбек Нұркелді қарсыласын шақ келтірмесе, екінші бәйге қарасайлық Болат Әбішевке, үшінші орын жамбылдық Фархат Ақпанбекке бұйырды. Ал әйелдер арасында жамбылдық Көрік Әлиман, кегендік Күлсін Мұсаева, қарасайлық Бұлбұл Нұрбековалар өзгелерден озық шығып, жеңімпаз атанды.
Суда жүзу жарысында ерлер арасында Балқаш ауданының өкілі Серік Қадырханов үздік нәтиже көрсетсе, қарасайлық жүзуші Алмас Нұғыманов одан сәл қалып, екінші орынды иемденді. Ал үшінші орын талғарлық Қанағат Мешенбайдың қанжығасына байланды. Әйелдер арасында жүзу жарысында Іле ауданының өкілі Гүлім Бағланқызы алдымен келсе, одан кейінгі орындарға жамбылдық Алмагүл Данабаева мен Ұйғыр ауданының қызметкері Ақерке Көмекбаева жайғасты.
Қол күрестіру жарысы да өте тартысты өтті. Дегенмен, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, ерлер арасында кегендік Ұлан Әділжанға тең келер ешкім табылмады. Ал екінші және үшінші орындар қарасайлық Жасұлан Бейсенбаев пен балқаштық Ғабит Бегімжановтың еншісіне бұйырды.
Гір көтеру бәсекесінде Балқаш ауданының өкілі Талант Төлеубеков жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орын тұғырына кегендік Еламан Тохтанбай мен жамбылдық Айдос Серікбай көтерілді.
Сонымен қатар спартакиаданың үздік ойыншылары болып Еңбекшіқазақ ауданының спортшысы Саят Жапархан мен қарасайлық Марат Дәнібеков танылды. Ал ардагер-ойыншылар қатарынан ілелік Гүлнар Төкебаеваның, қарасайлық Болат Әбішевтің, кегендік Гүлсім Қызайбекқызының, Қонаев қаласынан келген Мырзакей Мұхаметжанның еңбектері ерекше атап өтілді.
Жарыста жалпы командалық бірінші орынды Балқаш ауданының мәдениет қызметкерлері иемденсе, екінші орын Қарасай ауданының үлесіне бұйырды. Төрешілердің бірауыздан мақұлдауы бойынша үшінші жүлделі орын ешкімге берілген жоқ.
Жеңімпаздарға кубоктар мен медальдар, ақшалай сыйлықтар табысталды. Осылайша, өлкеміздің мәдениет қызметкерлері сахнада ғана емес, шаршы алаңда да үздік өнер көрсете алатындарын тағы бір дәлелдеді.
Қуат Қайранбев,
Қарасай ауданы