Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінде жайылымдарды тұрақты пайдалануға мүмкіндік беретін, көпжақты серіктестік пен инновацияны негіз еткен «Жайылым» жобасының жұмыстарына арналған конференция өтті. Аталған жиынға Еуроодақтың Қазақстандағы Ынтымақтастық департаменті басшысы Йоханнес Бауэр, «Қазақстан АгроОдақ» қауымдастығының президенті Алик Сағындықов, Еңбекшіқазақ аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Ермек Жакеев, округ әкімдері, шетелдік мамандар мен кәсіпкерлер қатысты.
Конференцияда «Қазақстан АгроОдақ» қауымдастығының президенті Алик Сағындықов аталған жоба аясында атқарылған істерге тоқталды. Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен, қазақстандық және италияндық серіктестер Консорциумы жүзеге асырған «Жайылым» жобасы Еңбекшіқазақ ауданында 2022 жылдың наурыз айынан бастап қолға алынған. Нәтижесінде жайылымдарды тұрақты басқару және пайдалану жөніндегі аудандық үйлестіру кеңесі, жайылым пайдаланушылардың 5 ауылдық округте бірлестіктері құрылып, экологиялық және экономикалық тұрақтылықты жақсарту бойынша 6 жоба жүзеге асырылды.
Қазіргі таңда табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану – өзекті мәселе. Бүгінде Үкіметтің алдына қойған мақсаты – жайылымдарды барынша игеру арқылы мал басын өсіріп, ет экспортын дамыту. Экологиялық таза өнім өндіруге ұмтылу. Кездесуде Еуроодақтың Қазақстандағы Ынтымақтастық департаменті басшысы Йоханнес Бауэр климаттағы ресурсты үнемдейтін экономиканы құруға бағытталған «ЕО Жасыл» келісімі, сондай-ақ ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері туралы әңгімеледі. Сонымен қатар Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы серіктестік аграрлық саланың дамуына серпін беретіндігіне сенім білдірді.
– Қазақстан ауылшаруашылығын дамытуда Еуроодақ тәжірибесімен бөлісіп жатқанына қуаныштымыз. Әрине, жобаны кешенді түрде қолға алу үшін жайылымдық жерлерді басқаруға жергілікті азаматтық қауымдастықты тарту маңызды. Алда бұл бағытта да жүйелі жұмыстар атқаруға күш саламыз,– деді Йоханнес Бауэр.
Қазір Парламент депутаттарының бастамасымен «Кейбір заңнамалық актілерге жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы дайындалды. Мәжіліс екі оқылымда құптаған Заң биыл күшіне енеді деп күтілуде. Конференцияға онлайн қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, Жер кодексінің жер телімдерін конкурссыз ұсынатын 36-бабы әу баста мал шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге бастапқы кезеңде қолдау көрсету үшін енгізілген.
Бүгінде жоба аясында мал шаруашылығының экономикалық тиімділігін арттыруды ұйымдастыру, климаттың өзгеруінен туындайтын қауіптердің алдын алу және оған бейімделу мүмкіндіктері бойынша оқытумен қатар, туындаған қиындықтарға техникалық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, жоба шеңберінде Ақши, Қаражота, Асы, Қырбалтабай және Сөгеті сынды бес ауылдық округте жайылымдық жерлерді тұрақты басқару мен пайдалану жөніндегі аудандық үйлестіру кеңесі мен жайылым пайдаланушылар қауымдастығы құрылып, жобаның сәтті жүзеге асуына мүмкіндік туды. Сонымен қоса, жоба аясында аталған округтерде мал дәрілейтін орындар мен қой қырқу алаңдары салынды.
Коференцияда ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, “Зооинженерия” кафедрасының профессоры, Әбдірахман Омбаев, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты жайылымдық ресурстарды басқару бөлімшесінің меңгерушісі Нұргүл Мелдебекова және шетелдік ғалымдар «Жайылым» жобасы туралы пікірлерін ортаға салды.
Конференцияға қатысқан жергілікті қауымдастық өкілдерінің сөзінше, жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормаларын бұзу, мал жаю ережелерін мүлдем елеусіз қалдыру салдарынан ауыл маңайындағы жайылымдар тақыр жерге айналған. Осыған байланысты, зоогигиеналық ахуал да шиеленісіп, мал арасында аурулар көбейген. Ал «Жайылым» жобасы қолға алынғалы бері осы түйтікілдер оң шешімін таба бастаған.
Айта кетейік, «Жайылым» жобасына Еуроодақтың еліміздегі өкілдігі қаржылай қолдау көрсетіп отыр. Оның жүзеге асуына «FELCOS-Umbria» қауымдастығы (Италия, жетекші серіктес), «IsMed-CNR» Ұлттық зерттеу кеңесі (Италия), «Қазақстан АгроОдақ» қауымдастығы, «Қазақстан фермерлер» қауымдастығы мен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі атсалысады. Жоба ары қарай ауданның бірқатар округінде жалғасын табады.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы