Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде ерекше мұқтаждықтары бар балаларға жоғары деңгейде қамқорлық көрсетіліп келеді. Жалпы әлеуметтік саладағы мемлекеттік саясат мүгедектігі бар балалардың қоғамға мейлінше ықпалдасуы үшін қолжетімді жағдай жасауға бағытталған. «Ақ жол-М» мүгедектігі бар балаларды емдеуге арналған оңалту орталығының ашылуы да мұның жарқын мысалы.
Талғар ауданындағы Қызылқайрат ауылында орналасқан бұл әлеуметтік нысанның ашылуына алыс-жақыннан көптеген құрметті қонақтар келді. Олардың арасында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев, Нұр-Мүбәрак университеті мешітінің бас имамы, «Ақ жол-М» балаларды оңалту орталығын салудың ұйымдастырушысы, қамқоршылар кеңесінің мүшесі Қайрат Жолдыбай, меценаттар мен демеушілер болды.
Қызыл лентаны қию құрметі облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым мен Астанадан арнайы келген қонақ Болат Жәмішевке берілді. Салтанатты рәсімнен соң аймақ басшысының бірінші орынбасары бұл шараның аудан және облыс тұрғындары үшін маңыздылығына тоқталып, өңірдегі әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстар жайында жиналған жұртты хабардар етті.
Оның айтуынша, бүгінгі күні облыста 42 мың мүгедек жан бар, олардың 6 мыңнан астамы – бала. Қазіргі кезде аймақта ерекше мұқтаждыққа ие мүгедек балаларға көмек көрсетіп келе жатқан осындай 11 оңалту орталығы бар. «Ақ жол-М» орталығы да бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан нысандардың қатарына жатады. Бұл жерде қазір әртүрлі ауруға шалдыққан 200-ден аса бала оңалту емін алып жатыр. Оларға нұсқаушы, логопед, массажист, реабилитолог сияқты 68 маман қызмет көрсетеді. Мемлекет тарапынан мүгедектігі бар балалардың толық кешенді ем алып, оңалуы үшін барлық жағдай жасалған. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап орталық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен 58 балаға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша мемлекеттік тапсырыс алып келеді. Көмекке мұқтаж балалардың көптігінен әрі мейлінше толық және кешенді оңалту деңгейіне өту мақсатында орталықтың аумағын кеңейту қажеттілігі туындаған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қатары жыл сайын көбейіп келеді, мемлекет олардың емделуі мен қоғамға ықпалдасуында қиындықтар мейлінше аз болуы үшін барлық жағдайды жасап отыр.
Нұрлан Ерғалиұлы сөзінің соңында «Ақ жол-М» балаларды оңалту орталығының жаңа ғимаратын салуға, қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға көмек қолдарын созған демеушілерге, меценаттарға, әсіресе, миллиардқа жуық қаржы құйған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өкілдеріне ерекше ризашылығын білдірді. Ал орталықтың жаңа ғимаратының салынуына бастамашы болған, құрылыс үшін жер телімін сатып алуға, сондайақ қаржы жинауға ерекше үлес қосқан Нұр-Мүбәрак университеті мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбай бұл игі істің барлығы мүгедектігі бар балалардың өмірін жақсарту үшін, балалар мен олардың ата-аналары ешқандай кемшілік көрмей, қоғамға тез бейімделуі үшін жасалып жатқанын атап өтті.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатынан соң қонақтар орталықтағы барлық арнайы бөлмелерді аралап, ерекше мұқтаждығы бар балаларды оңалту қалай жүргізілетінін өз көздерімен көрді. Оларға, сондайақ, шетелдік замануи құралдар ғана емес, емдік дене шынықтыру, механотерапия, роботтандырылған механотерапия, жалпы және сегменттік уқалау, гидрокинезотерапия, парафинотерапия, логопед, психолог пен дефектологтың сабақтары, мектеп бағдарламасы бойынша оқыту, еңбек терапиясы, Монтессори кабинеті, ойын, музыка терапиясы, иммерсиондық ванна, ТМС, физиотерапия, агротерапия, аспаздық сабақтары таныстырылды.
Орталыққа жыл сайын 170-200 бала қабылдау жоспарланған. Қордың есебінде әртүрлі науқасқа шалдыққан 1000-нан аса бала бар. Оңалту көмегі күндіз келіп, ем алу тәртібінде жүргізіледі. Орталық аптасына бес күн – таңертеңгі сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Мұнда әр балаға жеке қызмет көрсетіледі, ал орталықтың басты ерекшелігі – балалары жалғызсырамауы үшін ата-аналарға олардың қасында болу мүмкіндігі берілген.
Орталыққа бірқатар жеке фирмалар мен компаниялар, сондай-ақ меценаттар мен демушілер тарапынан қайырымдылық көмек көрсетіліп, «Neuro-MSX ТМС» (транскраниалды магниттік стимулятор), шунгит бөлмесі, парта, мұғалімдер үстелі, орындық, шкаф түріндегі жиһаз, оттегі концентраты, компьютер тарту етілген.
Қонақтар бөлмелерді аралап көргеннен кейін орталық иелері өздерінің ризашылықтарын білдіру мақсатында барлық демеушілер мен меценаттарға әдемі ашықхаттар мен гүл сыйлады. Ал олар ашықхатқа өздерінің тілектерін жазып қалдырды.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өкілдері сол күні Талғар қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы №2 мектепте болып, мұнда инновациялық әдістермен оқытатын жаңа модификацияланған физика, химия және биология кабинеттерінің тұсауы кесілді. Бұл шара 756 миллион теңге қаржы бөлініп, Алматы облысының 50 мектебінде бірте-бірте енгізіліп жатқан «Білім – инновациялар» жобасының аясында іске асырылды. Жобаның мақсаты – педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру, олимпиадалық қозғалысты енгізу және нығайту, білім берудің ұлттық құндылықтарға негізделген философиясын қалыптастыруға және дамытуға жағдай жасау.
Осы жобаның арқасында өткен жылы 3847 педагог химия, биология, физика және информатика сияқты жаратылыстану ғылымдарына жататын пәндер бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Ал 50 мектептің директоры А ст ан а қал асын да « Б асқар у білімі» турына қатысып, өздерінің кәсіби біліктіліктерін арттырды. Әр кабинетте пән мұғалімдері тарапынан жаңа лабораториялық құрал-жабдықтар, интерактивті тақтасы бар заманауи құрылғылар көрсетілді. Оқушылар да шет қалған жоқ, олар жаңа технологиямен жұмыс істеу бойынша өз білімдерін көрсетті. Шара соңында қонақтар мұғалімдер мен ата-аналардың жоғары даярлық деңгейін атап өтті.
Инновациялық әдістер қазіргі мектеп оқушыларының өмір салтына бірте-бірте еніп, оларға білім берудің сапасын жақсартуға оң ықпал етіп жатқанын айта кеткен жөн. Осы жобаның арқасында облыстағы білім беру сапасы 63 пайызға дейін көтеріліп отыр. Облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаеваның айтуынша, жоба аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен 50 мектепте 150 физика, химия, биология сыныптары жабдықталған. Бұл болашағымыз – балалардың білім деңгейінің артуына септігін тигізері сөзсіз.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы