Қонаев қаласында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті жанындағы тәлімгерлер кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Жиынды Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Арсен Жақыпов кіріспе сөзбен ашты.
– Тәлімгерлер кеңесінің міндеті – лауазымға тағайындалған басшылардың кәсіби дағдыларын дамытуға және бейімдеуге жәрдемдесу, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру. Кеңестің төрағасы мен мүшелері – азаматтық ұстанымы берік, өмірлік және кәсіби тәжірибесі мол мемлекеттік қызмет ардагерлері. Қазіргі буын басшылары мен мемлекеттік қызмет ардагерлерінің өзара сабақтастығы жұмыстың тиімді әдістерін сақтауға септігін тигізеді, – деді Арсен Жақыпов.
Одан кейін облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қуандық Чункунов, дін істері басқармасының басшысы Ерғали Көшеке, жастар саясаты басқармасының басшысы Мәди Ахметов, цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Жандос Сәбит өздері жетекшілік ететін сала бойынша атқарылған жұмыстар жайына кеңінен тоқталды.
Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов ауыл шаруашылығы саласындағы субсидия төңірегінде алып-қашпа әңгіменің азаймай тұрғанына басқарма басшысының назарын аударды. Осы мәселе бойынша кооператив пен шаруа қожалығы иелерімен жүздесіп, субсидия алудың тәртібін түсіндіру керек екенін қаперге салды. Сонымен бірге кеңес мүшесі Ескелді Қасымов бір жерге бір дақыл түрін егудің белгілі мерзімі болатынын, диқандардың осыны ескере бермейтінін сөз етті. Сондықтан көктемгі егіс науқаны қарсаңында агрооқу өткізіп, мұны бір жүйеге келтіру қажеттігін айтты.
Басқосуда кеңес мүшелері жат ағыммен күресті күшейтіп, имамдар мен мешіт қызметкерлерінің сауаттылығын арттыру керектігін тілге тиек етті. Облыстағы әр этностың ұлтқа бөліну қаупінің алдын алу және тағы басқа осы саладағы өзекті мәселелер төңірегінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жиында цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Жандос Сәбит тұрғындардың басқармаға келіп, интернет байланысының нашарлығы жөнінде наразылық білдіретінін айтты. Ол бұл мәселемен әуелі байланыс операторына шағымдану керектігін, одан нәтиже шықпағанда ғана басқармаға жүгінуге болатынын жеткізді. Бүгінде қандай мәселе болса да, әкімдікті жазғыратындардың аз еместігіне қынжылыс білдірді. Кеңес мүшесі Ілияс Сүгіров құзырлы орындар шағымына құлақ аспай, тауы шағылған тұрғындардың ғана әкімдікке баратынына басқарма басшысының назарын аударып, түйткілді мәселенің дер кезінде шешімін табуына көңіл бөлуге кеңес берді.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы