ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетіне қарасты Орталық мемлекеттік архивінде «Жапар сұлтан. Құжаттары мен материалдары» атты жинақтың таныстырылымы өтті. Аталған шараға сала мамандары мен ғалымдар қатысты.
Жаңа жинақты ҚР Орталық мемлекеттік архиві әлеуетті зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Рашид Оразов құрастырған. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының ұлы – Жапар сұлтанның тарихы мен тағдыры бүгінге дейін қалың оқырманның назарынан тысқары қалып келгені белгілі. Әкесінің қазасынан кейін, оның күрес жолын Жапар сұлтан жалғастырғанын архив қорларында сақталған деректер растайды. 1851 жылы ол орыстың жүзбасы Рыбин бастаған әскермен соғысып, қақтығыс кезінде жараланып, қолға түседі. Оны Ақтау бекінісіне апарып қамайды. Тұтқынның Жапар Кенесарин екенін анықтау үшін оның немере апасы, Батырбай Тоғынов Сұлтанның әйелі Ұршықты (кейбір деректерде Уршак деп көрсетілген – Р.О.) алдырады. Ол кісі тұтқынның шын мәнінде Жапар екендігін куәландырады. Сұлтанның жасы 19-да деп берілген.
Архив қорларындағы құжаттарда Жапардың ерлігі, батылдығы, сабырлылығы суреттеледі. Жаралы болса да, жолдастарын құтқарып, жалғыз өзі жау қолына түсуі, одан тергеушілерге қайсарлықпен жауап беруі, барлық кінәні тек өз мойнына алып, бірде-бір серігінің атын атамауы, оның өз әкесі Кенесарыдан кем түспейтін тарихи тұлға екендігін айғақтай түседі.
1851 жылғы 1 тамызда Сібір корпусының басшысы Гасфордтың әскери министрге жолдаған мәліметінде Жапардың қазақ даласында өте қауіпті адам екендігі айтылған. Арнайы құпия құжаттарда Жапарды Омбыда емес, Березов қаласында тұтқында ұстау керектігі тапсырылады. Жапар Кенесарыұлы отарлық билікке қарсы шығып, өмірінің он сегіз жылын Сібір жерінде айдауда өткізіп, одан қашып шығып, туған жеріне келгенде де әр басқан қадамы бақылауда болған.
Жинаққа Жапар сұлтанның өмірі мен орыс билігіне қарсы күресін сипаттайтын Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, Ресей мемлекеттік әскеритарихи архиві, Орынбор облыстық мемлекеттік архиві, Өзбекстан Республикасының Ұлттық архиві қорларында сақталған, осы уақытқа дейін ғылыми айналымға енгізілмеген тың құжаттар кіріп отыр. Сонымен қатар халық ауыз әдебиетінде, яғни, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің қолжазба қорында, Түркістан жинағында жарияланған Бекет батыр жырынан Жапардың Бекет батырмен бірге Березов түрмесінен қашып шыққаны туралы да мәліметтер берілген.
Ұлт тарихының ақтаңдақ парақтарын толықтыру мақсатында ұйымдастырылған шарада жиналғандар ойларын ортаға салып, жарыққа шыққан тың деректер тұлғатануға қосылған сүбелі үлес екенін атап айтты.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы