Өңірлік кадр резерві жобасының негізгі мақсаты – аймақты дамытуға талантты жастарды тарту. Жобаның бірінші кезеңі 1-31 наурыз аралығында өтеді. Бұл туралы өңірлік комуникациялар қызметі алаңында Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы Мұрат Мәдіғұлов пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Арсен Жакупов айтты.
Баспасөз-мәслихаты барысында Мұрат Мәдіғұлов кадрлық резерв пен оған қатысушыларға қойылатын негізгі талаптарға тоқталды. Оның сөзінше, облыста өңірлік резервке 4 бағыт бойынша 15 адам қабылданады. Агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, экономика және қаржы, цифрландыру, әлеуметтік салалар сынды 4 бағытты дамытуға өз үлесін қосатын жастар таңдалып алынбақ.
Кадрлық резервке өтуден үміткерлер 35 жастан аспайтын, жоғары білімді және кемінде 3 жыл жұмыс өтілінің болуы шарт.
«Елімізде жастарды қолдауға арналған түрлі жобалар бар. Солардың бірі – өңірлік кадр резерві жобасы. Қазіргі таңда озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар елімізге де, облысымызға да өте қажет. Байқаудың әрбір кезеңінің нәтижелері комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, кандидаттардың жеке кабинеттерінде, жобаның сайтында орналастырылады. Сондай-ақ іріктеуден қай тілде өту және әр кезеңге қатысатын күні мен уақытын таңдау кандидаттардың өз құзыретінде. Жоба барысында жастар резервте 2 жыл мерзімге алынады,- деді Мұрат Бақыткерімұлы.
Арсен Абзалұлы үміткер жобаға қатысу үшін қандай кезеңдерден өтуі қажет екенін түсіндіріп өтті. Әуелі құжаттарды қабылдау кезеңінен, одан кейін заңнамалық білімі мен жеке қасиеттерін бағалау тестінен өтеді. Бұдан соң құзыреттерді бағалау мен комиссияда сұхбат болады, соңғы кезеңде резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс шығарылады.
Еске салайық, үміткерлер құжаттарын onir.pkrezerv.gov.kz сайтында тапсыра алады.