Аспантауы асқақтаған қасиетті жердің өшпес байлығын терең зерттеп, зерделеп, халыққа таныстырып жүрген өлкетанушы – Болат Сәрсенбай ағамыздың бір басында сан қырлы өнер жеткілікті. Ол кісі – суретші, жасыл алаңда ойқастап гол соғатын футболшы, шебер шахматшы, ағаштан түйін түйетін өнер иесі. Көнекөз қариялардың ізін жалғап, мұраларын ұрпаққа жеткізудегі сырсандық шежіреші. Сонымен қатар, Кеген өңіріндегі А.Нүсіпбеков атындағы мектепгимназиядағы «Өзекті ой» клубының жетекшісі, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық журналистер одағының мүшесі. 2022 жылы республикалық «Жеті өнер» 6-халықаралық шығармашылық конкурсында бас жүлдені жеңіп алған, «Үздік педагог» төсбелгісінің иегері. Кезінде «Азия дауысы» ән фестивалінің символына айналған «Күн құдайы» деп жүрген таңбаның б.з.б. Үйсін Күнбибінің таңбасы екенін нақты деректермен дәлелдеп берген тарихшы, өлкетанушы десек те, артық айтқанымыз емес. Қасиетті мекеніміз талай тарихтың куәсі, біз білмейтін талай сырды ішіне бүгіп жатыр. Осынау өлкеміздің құнды мұрағатын кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен Болат Сәрсенбайды әңгімеге тартқан едік.
– Болат аға, өзіңізді ең бірінші өлкетанушы ретінде танимыз. Өткенді зерттеп, бүгінмен үндестіру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Әрқашан ізденімпаздық пен талмай еңбектенуді талап етеді. Осынау қызығы мен шыжығы қатар жүретін іске қай кезден білек түре кірістіңіз?
– Өлкетанудың бастауы ауыл академигі – ақсақалдар, жасы үлкен білімді ағаларым болды. Әкем Жапсарбай дастарқан басында көптеген қызықты әңгімелер айтатын. Менің сөзге құмарлығымды байқаған соң, үйге келген білімді қариялардың жанына отырғызып, сөздерін тыңдататын. Есейіп, ақыл тоқтатқан кезде бажайласам, ең жақсы тәрбие – қазақтың дастарқаны екен. Әкем өзі білмей қалған кезде: «Қайырбекке бар, Садығожа атаңнан сұрашы, бір білсе, Байниет білуі керек, сонымен сөйлесіп көргін», – деп мені ауылдың сөз білетін, шежіре даналарына бағыттайтын. Қожахмет Алдиярбаев ағаның айтқаны бар: «Өңкей шалдардың ішіндегі бір бала – дана, өңкей баланың арасындағы бір шал – шала», – деп. Менің бір қасиетім – әңгіме естуге барған кезде бір дәптер, екі қалам, бір қарындаш ала баратынмын. Естіген аңыз, әңгіме, шежіре – бәрін жазып алатынмын. Бүгінде қырықтан аса қолжазбам бар. Көнекөздерден қалған мол архи – асыл мұра. Кейде кезінде жазып алған мәліметтерді пайдаланамын. Өйткені көзін көрген үлкендердің көбі о дүниелік болып кетті. Қағаз бетіне түсіріп алғаныма ризамын. Үлкендер айтқан жер-су аттарының аңыздары, сол жерге қатысты тарихи оқиғалар туған жерге деген қызығушылығымды оятты. Кейін Шоқан Уәлихановтың Ыстықкөл сапарындағы жазбаларынан өлкеміздің өзгеше сипаттарын оқығаннан соң, осылай жазуға болатынын білдім. Шоқанның жазбаларындағы картографиялық сызбалар, салған суреттері де әсер етті. Менің өскен ортам, ауылдың дана қариялары, тәрбиесі өлкетанушы болып қалыптасуыма мол ықпал етті.
– Зерттеуіңіздің шоқтығы биік тақырыбы – Үйсін мемлекеті. Көне Құяс, Барсыған қалалары қай аймақта жатыр, кімдерге тиесілі қала еді? Үйсін тоғаны жайлы не айтасыз?
– 1974 жылы шыққан Қазақ совет энциклопедиясы біздің аумағымызда көне өркениеттер болғанын жазған. Құмтекей маңында Үйсіннің астанасы – Шығу қаласы болуы керек. Құмтекей орнынан қыш ыдыстар, құмыра сынықтары табылған деп жазған. Энциклопедияның 4-томындағы Дулат мақаласында Естеми қағанның жазғы астанасы болған көне Құяс қаласы Жалағаш бөктерінде деп жазылған. Тарихшы, аудармашы Байұзақ Албани ауылымыздан шыққан, жақын әкеміз болып келеді. Ол кісі 2000 жыл бұрынғы тарихта Үйсіннің алтын дәуірі болғанын әрі біздің өлкемізбен тығыз байланыста өрбігенін айтатын. Осының қызығушылыққа айналып, тарихи кітаптарды көп ақтаруға тура келді. 1896 жылғы Бартольдтың көне картасындағы Жалағаш жазығын барлап қарасаңыз, қала орны айқын көрініп жатыр. Қалмақтар 1670–1755 жылдар аралығында біздің ауданымызды иеліктерінде ұстады. Кейін Райымбек батырдың басшылығымен бұл жерді азат етеді. Содан Қауменнің бейітінің аяққы жағындағы қала орнын қалмаққа теліп, Ағанас жазығы деп кеткен. Ал Ағанастың негізгі резиденциясы Жуантөбенің астында, Екпінді ауылы орналасқан Ақтоғайдың қабағында болған. Осы жер «Ағанас» деп атаған. Үлкендер Ағанас хан атанғанымен, ол хан болмаған, тайшы болған. «Тайшы» деген жыршы деген мағынаны білдіреді. Ал қаладан қол үзіп қалу себебі, 85 жыл қалмақтар билеген уақытта үш буын алмасты, төрт буынның өмірі ат үстінде, қылыштың жүзінде өтті. Көне байланыс осыдан үзіліп қалды. Оның есесіне, Кеген, Нарынқол, Далайты, Ағанас, Дегерез, Күрметі сияқты қалмақ атаулары жер атауына айналды.
Біздің Ақай ауылының басында тауды айналдырып әкелген үш тоғанның ізі бар. Оны «қалмақ тоған» деп кеткен. Кейін жинаған деректер мен зерттеулерімізді, тарихи жазбаларды салыстыра келгенде, ол тоғанның қалмаққа түк қатысы жоқтығын білдім. Үш күн таудағы тоған іздерін аралап анықтағанымызда, тоғанның ені екі метр, тереңдігі 1,5 метр, ұзындығы 15-16 км екенін анықтадық Тоғанның басы – теңіз деңгейінен 2197 метр. Аяғы – қала орны, теңіз деңгейінен 1531 метр. Үш бірдей тоғанды тау айналдырып әкелу не үшін қажет болды? Қаншама мыңдаған адамды тоған жасауға тартты. Басты мақсат – Құяс қаласына су жеткізген. Бұл қалада 2000-дай тұрғын болған. Құяс қаласын Естеми жабғы 554 жылдары жазғы астана жасаған деген деректер бар. Бұл аралықта түркілерді Бумын қаған билеген, түркілердің алтын дәуірі еді. Жабғы – қағаннан кейінгі екінші лауазым болған. Ұлан-ғайыр территорияның бір бөлігі – Жетісу, Ыстықкөл, Соғдиана, Ферғанаға, Иранға дейінгі жерді Бумынның інісі Естеми жабғы билеген. Естеми Византия королі Юсти II-мен Жібек жолын Еуропаға жеткізу үшін келіссөз жүргізген. Соғдылық көпес Маниякты Византияға жібереді. Византия елшісі Земарк Естеми ордасына келген. Екінші деректерде Құясты Шағатай хан жаздық астана жасаған екен. Бұл да шындыққа келеді. Құяс қаласына жақын жерде Далашық жайлауынан шағатай жазуымен жазылған тас және Саты ауылынан көне кірпіш сынығы табылған, онда Шағатай өрнегі, гүлді өсімдік тектес өрнек басылған екен. Үшінші дерек – Шағатайдың жерленген жері. Ол Шелек өзенінің ең түкпірі – Бестармақ деген жерде. Биыл жазда сол жерге экспедиция ұйымдастырсақ деп жатырмыз. Бұл да – көп әңгімеге арқау болатын тақырып.
Сонымен, Құяс қаласы 550-1250 жылдары дәуірлеп тұрған шаһар болғаны жайлы деректер бар. Қай кезде өмір сүруін тоқтатты, ол зерттеуді талап етеді.
Біз үлкен тарихтың үстінде отырмыз. Кеген ауданы – тарихи ескерткіштердің саны жөнінен республикада алдыңғы бес ауданның қатарына кіретін үлкен тарихи өлке.
«Үстіндегі адамдар ғана ауысады. Ал жер – мәңгілік, ел – мәңгілік. Жаңарады, жаңғырады, бірақ жоғалмайды» деген Мұхтар Мағауиннің сөзінде үлкен терең парасат-пайым жатыр.
Барсыған қаласына келсек, Барсыған Тұран патшасы Апрасияфпен де байланыстырады, Жетісуда Барсығанды деген ру болған. Саты ауылының орнынан қала кірпіштері табылған. Күрметіге бұрылар жерде қалашық қорғаны, үй орындары, қорғанның қақпалар орны анық көрініп жатыр. Бұл тарихи орын да біздің назарымызда. Сонау сақ кезеңіндегі Асы, Шыбыл рулары кейін Үйсіннің құрамына кірген. Жерлерімізде осы көне атаулар әлі де сақталған.
– Өлкетану саласында ұзақ жыл еңбек етіп, халық жағынан сөніп бара жатқан талай жер-су, тарихи орындардың атауларын қайта жандандырдыңыз. Қазақ даласының барлық аймағында кездесетін балбал тас біздің өлкеден де табылды. Балбал тастың маңызды элементтері мен символдық мәніне де тоқтала кетсеңіз?
– Бізде балбал тасты бұрын қазақтар «қопа тас» деп атаған екен. Балбал деп тасқа жазылған түркі жазуындағы жазба арқылы тілімізге кірген термин. Балбалдардың ішінде «Кеген жазуы» деген атпен ғылымға енген тас бірінші кезекте тілге оралады. Бұны Қағанның тасы деп те атайды. Басы жұлынған бұл таста «Қаған алты бөрік елді ертті» деген жазу бар. Екінші – Шалкөде жайлауындағы балбал тастар. Бірі – ана бейнеленген тас. Оның оңтүстік жағында 500 метрдей жерде ата бейнеленген балбал бар. Осы екі тастың тура ортасынан шығыстағы Айғайтас тауы пирамида пішінде көрініп тұр. Осы үшеуі үшбұрыштық сызық өлшемінде жатыр. Айғайтас – тылсымға толы жер. Төбесіне метеорит құлаған. Қазақстанның көп жерінде еңлікгүл негізі өте аласа өседі. Биіктігі 12-15 см ғана. Ал Айғайтас тауында еңлікгүл 120 см-ға жетеді. Ал жатып өсетін қасиетті арша сирень ағашы секілді бұта өсімдік болып сорайып өсіп тұр. Айғайтастағы ата мен ана балбалының орналасуында бір күрделі схема бары анық. Төртінші балбал тас – Жаманбұлақтан табылған ер мен әйелдің символикасын түзген мүсін тас. Бір шетінде ер адамның жарты басы, құлағы, жауынгерлік кең иығы, қайратты қолында қылыш ұстаған. Оның жартысы әйел бейнесінде шашы ұзын, иығы, белі нәзік. Қолында кесесі бар. Артында түркі жазуымен болар-болмас бір таңбалар бар. Бұл ер мен әйелдің біртұтастығын бейнелеген махаббаттың символикасы деген ұғымға келеді. Қытай жазбаларында түркілер әр өлтірген адамына бір балбал тас қояды деп жазған. Бұл түркінің салтын білмеген, қытай тыңшыларының атүсті жорамалы болуы керек. Өйткені Орхон бойындағы Күлтегін ескерткішіне бас иіп тұрған алты балбал тастағы жауынгерлерде әр тайпалардың таңбалары бейнеленген. Күлтегін мен әйелінің мүсіні төрде болған. Кейін 700 жылдан кейін қырғыздар шапқыншылық кезінде бұл тас ескерткіштерді қиратып кеткен. Балбал тас бұл атамекеннің паспорты іспеттес. Көрнекті тұлғаларға арналып жасалынған.
Кейін отарлаушылар бұл тастарды жойып жіберуге тырысқан. Бірақ пұшпақтап бізге жеткендері де баршылық. Бұл тастарда біздің тарихымыз, біздің тағдыр айнамыз жатқандай. Бір кезеңдерде зерттей жатармыз. Жұмбағы көп, жауабы аз жәдігердің бірі осы балбал тастар болып отыр.
– Саты аймағындағы құрбандық шалу орнында тастан жасалған қасиетті альтарда петроглифтері табылған екен. Онда не бейнеленген және құрбандық шалу орны қай дәуірді қамтиды?
– Саты аймағындағы құрбандық шалу орны туралы зерттеу мақала жаздым. Оқырмандар жылы қабылдады. Құрбандық шалу орнының дәлелі: абыз отыратын орындығы және сойылған малдың қаны ағып суға түсетін тастан ойылған канал бар. Бұл тарихи орын бұдан екі мың жыл бұрынғы Үйсін дәуіріне жатады. Көне үйсіндердің салты ғұндармен бірдей деп жазады қытай жазбасы. «Тарихи жазба 110бума. Бан гудың жазбасы. 27-бет. Қытай жылнамаларындағы қазақ деректері б.з.б 177 – б.з. 222 жылдар». Онда былай делінген: «Бұларда құрбандық жылына екі рет үлкен деңгейде өткізіледі. Әр жылдың көктем соңында, яғни, бесінші айда тәңірге тауап жасап, ұлы құрылтай жасалынады. Екінші, күзде мал семіргенде мал-жан түгенделіп, ұлы тәңірге разылық ретінде жиналыс өтіп, құрбандық шалынады». Құрбандық шалғанда жекелей аңшылар да тәңірге разылық ретінде дұға оқып, құрбандық шалып, майларын қолға алып тас алтарьға жағып, тәңірге рақметтерін білдіреді.
Май жұққан тас әбден қарайып кеткен. Осы таста Бұғы үстіндегі Үйсін таңбасы ерекше көрінеді. Садақ тартқан аттылы аңшы, бұзауын емізген бұғы ана бейнеленген. Бұғылардың петроглифі суретшінің аңның анатомиясын, ерекшелігін өте жетік бейнелегенімен таңғалдырады. Бұл орынның тағы бір қасиеті – бел омыртқаға суық тигенде қыздырып емдейтін де шипалы орны бар. Таза ауа, таза су, топырақ пен от. Қасиетті төрт элементтің тоғысқан жері.
– Алатау өлкесі – киелі мекен. Қойнауына талай тарихты бүгіп жатқан сырсандық іспеттес. Сізді таңғалдырған ерекше тарихи нысанды айта аласыз ба?
– Алатау жерінде ерекше қасиетімен тәнті ететін тарихи орындар көп. Соның ішінде менің қызығып, зерттегім келген жер – Бұғыты мен Торыайғыр тауының ортасында орналасқан «Алтын бесік» деп аталған жер. Бұл жердегі табиғи таста бәрі бейнелеген. Ежелгі Түркі аңызындағы «Ергенеқон» тура осы Алтын бесікке келеді. Өйткені адамның жарыққа келу циклін көрсететін мүсіннің бәрі бар. Адамның ұрығы, оның ішінде әр айлардағы дамуы, баланы босанардағы ана жатырының ашылуы, тіпті, баланы ішті жарып алғаннан кейінгі тіккен тігістің іздері таста анық көрініп жатыр. Таңғалмасқа шараң жоқ. Бұл белгілер нені білдіреді? Ерекше қасиетке ие екенін жүрегіңмен сезесің. Бұл жерді тапқан «Жеті қазына» мұражайының директоры, өлкетанушы Мүлік Исабеков ағамыздың пікірінде Ергенеқон тура осы жерге келеді. Ергенеқонды біреулер Монғолияда, біреулер Алтайда, біреулер Ферғанада, біреулер Жетісуда деп түрліше айтады. Ергенеқон Елхан ұрпақтарының шапқыншылыққа ұшырап қырылуымен басталған. Кейбір тарихшылар Елханды Іле өзенімен байланыстырады. Іле өзені жақын. Ергенеқон таулар қоршаған жазықта делінген, бұл жер де соған келеді. Құпияға толы қасиетті орынның шындығын ашу уақыт еншісінде. Алтын бесікті көрген академик Әбдімәлік Аширов, Қазақ-түрік университеті тарих факультетінің доценті Қуандық Ералин, тарих ғылымының кандидаты Рая Нұрланбекова сынды аға-әпкелеріміз көріп, оның тылсым дүние екенін ерекше бағалаған. Медицина университетінің оқытушылары студенттерге лекция оқитын жер екен, дайын экспонаттары бар деп таңғалған.
– Туған өлкеміз бүгіп жатқан, әлі де зерттеуді қажет ететін тарихи орындарды жарыққа шығару үшін қандай жұмыстар атқарылуы қажет? Тарихи ескерткіштерді дала мұражайына айналдыру ісіне көңіл бөлсек, шеттен келген туристерге бағалы мұрамызбен мақтана білсек, өскелең ұрпаққа мұра болып қалары сөзсіз. Бұған не дейсіз?
– Біз өскен аймақ – тұнған тарих. Бұл тарихи орындарды алдымен түгел есепке алып, тіркеп, картасын жасаған дұрыс. Және арнайы тақталар, абаттандыру жұмыстары жүргізілсе. Осы тарихи орындар туралы деректі фильмдер түсірілсе, елге танымалдығы арта түсер еді. Нағыз туризмнің қайнар көзіне айналатын тарихи нысандар өте көп. Содан соң туристік бағыттар ашылса дұрыс болар еді. Бұл істің бәрі мемлекеттік бақылаумен жүзеге асырылуы қажет. Туризм дамыған оңтүстік облыстарымызда қасиетті, киелі жерлерге баратындар өте көп. Оларды арнайы автобуспен, маман-гид ертіп жүреді. Туризм мәдениеті қалыптасқан. Біз өзіміздің Алматы облысында осындай тарихи киелі орындарымызды жұртшылыққа неге ұсынбасқа?! Ашық аспан астындағы мұражайларды насихаттасақ, дүниежүзілік масштабқа кетер еді. Өйткені бір жылдары Сауд Арабиясынан адамдар келіп, Алтын бесіктегі қыран құстың басын іздеп, таба алмай кеткен әңгімелерін естідім.
– Жақында «Өлке тарихнамасы» атты кітабыңыз жарық көрді. Қаншама жылғы ізденістің нәтижесі ғой, аты айтып тұрғандай, өлкеміздің жалпы тарихы жазылған еңбек көрінеді. Не қамтылды? Қандай тың тақырыптар қозғалды?
– «Өлке тарихнамасы» – менің үшінші кітабым. Еңбектің жазылуына он бір жыл уақыт кетті. Бұл – Кеген ауданының 100 тарихи киелі орны жайлы өлкетану бағытында жазылған энциклопедиялық кітап. Қазыналы қарттардан бастап, бүгінгі оқушы балаларға дейін туған жердің аңыздары, жер-су атауының шығуы, тарихи оқиғаларынан мол мағлұмат береді. Орайы келгенде айта кетерлігі, кітаптың шығуына демеуші болған Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевқа, әкім орынбасары Кеңес Қабылбековке, аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыманға, ақын Кәдірбек Құныпияұлына, баспагер Махмұд Қосмамбетовке алғысымды айтамын. Бұл кісілер кітаптың маңызын жете түсініп, оқырмандардың қолына жетуіне көмек берді, жақсы ниетпен қолдау білдірді. Әр ауылда көкірегі ояу, көңілі зерек өлкетанушы азаматтар ел болған соң кезігеді. Өлкетанушы Мүлік Исабеков, Шәміл Сағындықов, Дүйсенбай Сығаев секілді білімді азаматтарымыз бар. Біз солардың білгенін қағаз бетіне түсіріп, болашаққа қалдыруды ойлағанымыз жөн.
– Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен – Салтанат Бакеева