Облысқа жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының көлік министрі Марат Қарабаев өңір тұрғындарымен жүздесіп, сауалдарына жауап берді, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Кездесуде Марат Кәрімжанұлы министрліктің автомобиль жолы, теміржол, авиация, су жолдары, көліктік бақылау салаларына жауапты екенін және былтырғы кездесуде көтерілген мәселелердің оң шешімін тапқанын атап өтіп, кейбіреуінің түйіні тарқатылмау себебіне тоқталды.
Басқосу барысында тұрғындар жолдың нашарлығы, көлік кептелісін тудырып отырған жолдарды кеңейту және тағы басқа мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, 6 жылға созылып кеткен «Ұзынағаш-Отар» күрежолын қайта жаңғырту жұмысының қашан аяқталатыны сұралып, Алматы-Жетіген, Талғар-Алматы, Байсерке-Өтеген батыр тасжолдарындағы кептелісті азайту мақсатында оны кеңейту жайлы ұсыныс айтылды. «Ұзынағаш-Отар» күрежолын қайта жаңғырту жұмысы бойынша екі рет мердігер мекеменің ауысқанын, екеуі де шетелдік компания болғанын айтқан министр бүгінде өз ісін дұрыс атқармаған оларды жауапқа тарту үшін сотқа жүгінгендерінен хабардар етті. Сонымен қатар, аталған жолдарды кеңейту мен күрделі жөндеу жұмысын жүргізу үшін оның айналасындағы жер мен жеке иеліктегі нысандарды сатып алу керегін, оның қомақты қаражатты талап ететінін және біраз уақыт өтіп кететінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, орташа жөндеу жұмысын жүргізуге биыл қаржы бөлінгенін, әкімдік пен тұрғындар келісіп жатса, осы мүмкіндікті қарастыруға болатынына жұртшылықтың назарын аударды.
Жиынға қашықтан онлайн қосылған Кеген, Райымбек, Талғар аудандарының әкімдері мен тұрғындары тасжолдың сапасыздығына, «ҚазАвтоЖолдың» облыстағы басшысын кездесуге шақырса келмейтініне шағымданып, осы мәселелерді шешіп беруге ықпал етуін сұрады. Жамбыл ауданынан келген Жадыра Жаңабаева Ұзынағаш ауылын кесіп өтетін күрежол мен өзге де көшелерге уақытында құм себілмей, қардан аршылмайтынын, тұрғындардың техникалардың жеке біреудің ауласын тазалап жүргеніне куә болып жүргендерін айтты. Көлік министрі «ҚазАвтоЖол», «КазСервис» мекемелеріне жаңа басшылар тағайындалып отырғанын айтып, аудан әкімдерін олармен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Жаңадан тағйындалған басшылардың алдағы уақытта аталған мәселелерді оң шешу бағытында жұмыс істейтініне сендірді.
Марат Қарабаев биыл жөндеу жұмысы жүргізілетін жолдар жөнінде жұртшылықтың бейхабар екенін, оған жауапты мамандардың халықты хабардар етпегені себеп болып отырғанын алға тартып, алдағы уақытта аудан әкімдері мен тұрғындардың қатысуымен қашықтан жиын өткізуді ұйымдастыруға сала басшылығына тапсырма берді.
Министр тұрғындарды жеке мәселелерімн қабылдап, одан әрі аудандардағы құрылысы жүріп жатқан нысандарды көріп, жұмысымен танысты.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы