Қазақ танымында «әже» деген сөз қамқорлық пен жылулықтың, даналық пен даралықтың синонимі іспетті. Олар – кейінгі ұрпаққа ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды аманаттаушы, ұлттық рухтың дәнін егуші. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтылмаған. Сондай жанның бірі – бүгінде әулетін берекеге толтырып, ақылгөй данасы болып отырған аяулы әже, Қонаев қаласының тұрғыны Мұқсина Қалдыбаева.
Жасы 104-ке келсе де, қажырқайраты таусылмаған, санасы суалмаған. Сонау есте жоқ ескі заманның көріністерін суреттегенде сол кезге тап болғандай күйге бөленесің. Сөйлеуінің өзі нық әрі әуезді. Жарқын жүзі нұр шашып, жанарынан мейірім мен махаббат төгіліп тұрады. 10 баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты әжеміздің ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, сол перзенттерінен немере, шөбере, шөпшек сүйіп, үбірлі-шүбірлі болып, шаңырағын шаттыққа бөлеп отырған жайы бар.
Әкесі сол кездегі Алматы облысы Қарабөгет ауылындағы Қалдыбай қажы деген бабасының мешітінде молда болған, қажылық парызын да өтеп келген. Мұқсина әжеміз 17 жасында тұрмыс құрып, адал жар, үлгілі келін, қамқор ана бола білген. Жастық шағы аумалы-төкпелі кезеңге тұспа-тұс келіп, Кеңес өкіметінің құрылған сәтінен бастап, байларды кәмпескелеу науқанын, 30-жылдардағы аштықты, Екінші дүниежүзілік соғысты, одан кейінгі қиын жағдайларды басынан өткізіп, соның бәріне мойымай, сынбай, рухын биік ұстады. Ардақты жан көне тарихтың көзіндей.
«Тамақ тапшы болып, жесір әйелдің өзі жалғыз сиырынан алған сүтті балаларының аузынан жырып, өкіметке өткізіп отырған кезде, соғыстан кей майдангерлер жарымжан халде мүгедек болып оралғанда, қолдан ұйымдастырылған зұлмат кезінде бізді сақтап қалған халықтың берекесі, ауызбірлігі еді», – дейді Мұқсина апамыз.
– Үлкен мемлекет болсын, шағын отбасы болсын, ондағы берекені сақтап қалудың басты жолы – татулық. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, әрқашан ақылдасып, ұйымдасып шешім қабылдау керек. Отбасында келін ананы сыйлау керек. Ал анасы сол құрметтің қадірін түсініп, туған қызындай аялау керек. Әйел – үйдің ұйытқысы. Оның бойында болу керек ең асыл қасиет – сабырлылық. Екіншісі – ақыл. Өсек-аяңға үйір болмай, одан бойыңды аулақ ұстаған жөн. Сені сынап, мінеп жатқандарға көңіл бөлме. Осы құндылықтарды ұштастырып, санасына, жанына берік қып бекіткен жанның өмірі мәнді де, сәнді болады, – дейді әжеміз.
Қиындығы мен қызығы қатар келген ғұмырын өнегелі тағдырымен өрнектеген Мұқсина Қалдыбаева қашанда құрметке лайық.
Гүлзат Байқонысова,
Қонаев қаласы