Еңбекшіқазақ ауданында Шелек орман шаруашылығы мекемесі жаңа ғимаратқа көшті. Аталған нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов, аудан әкімінің міндетін атқарушы Ертай Нұрмаханов, ауыл ақсақалдары мен орманшылар қатысты.
Ең әуелі облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің атынан орманшыларды жаңа ғимараттың ашылуымен, ал жиналған жұртты Наурыз мерекесімен құттықтады.
– Орман – елдің ырысы, табиғаттың байлығы. Сол байлықты қызғыштай қорып, қамқорлығына алып, ерінбей еңбектеніп жүрген жандар – орман шаруашылығының қызметкерлері. Ал орман шаруашылығы экономиканың бір саласы болып саналады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021-2025 жылдар аралығында 2 миллиард ағаш көшетін отырғызу туралы тапсырма берген болатын. Бұл межені жүзеге асыруды мекеме ұжымы қызу қолдап келеді. Орман күзеті қызметкерлерінің орташа жалақысы 129 мыңнан 250 мың теңгеге дейін өсті. Облыс аумағындағы орман шаруашылығы мекемелерінің техникалық базасын жаңартуға басымдық берілді. Бұл бастама алда өз жалғасын табады, – деді Нұржан Кеңесұлы.
Салтанатты шарада сөз алған Шелек орман шаруашылығы мекемесінің директоры Бекболат Алтаев: «Шелек өңірі – шыбық қадасаңыз шынар бой көтеретін, топырағы құнарлы, бұта түбі бір асым ет болған, ырыс-береке қонған, бабадан қалған бақ мекен. Ауылдың жаз жайлауында таудың қоңыр аюы мен кекілікті де көруге болады. Қырда елік пен қоян, қасқыр мен түлкі кездеседі. Даласында дуадақ, қаз, үйрек, бірқазан, орман-тоғайларында қырғауыл мекендейді. Өлкеміз сазды әрі құмды болғандықтан, көкпек, жусан, изен, бидайық, қызыл мия, еркекшөп, теріскен, жантақ, адыраспан, жиде секілді көптеген өсімдіктер өседі. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген тораңғы мен сексеуіл де – даламыздың көркі, – дей келе, құттықтап келген әріптестері мен ауыл жұртшылығына алғыс білдірді.
Жаңа ғимараттың лентасын ауданның Құрметті азаматы Алмагүл Орынбетова бастаған ардагерлер қиды. Кеңсе интернетпен, заманауи құралдармен және жиһаздармен жабдықталған. Айта кетейік, екі қабаттан тұратын, 250 шаршы метрден асатын жаңа ғимаратты салуға 200 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Қатысушылар ағаш егіп, концерттік бағдарламаны тамашалады. Шара соңы арқан тарту, гір көтеру, жамбы ату сынды ұлттық ойындарға ұласты.
Шелек орман шаруашылығы 1948 жылы құрылған. Мекеменің жалпы жер көлемі – 117 461 гектар, оның ішінде 48 810 гектары орманды алқап. Таулы аумақтарда орман ағаштарынан Тянь-Шань шыршасы, қайың, терек, тал, тоғайлы, жазық аумақтарда тораңғы, жиде, сексеуіл өседі.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы