Хафиза Абдуллаева! 1953 жылы Алматының іргесіндегі «Заря Востока» елдімекенінде туып, өскен. Бүгінгі таңда Көкқайнар ауылында тұрып жатыр.
Хафиза апайдың жары 2016 жылы жетпіс жастан аса бере қан қысымының күрт көтерілуінен көз жұмады. Ол кісінің ата-анасы сонау 1962 жылы Қытай Халық Республикасы, Шәуешек қаласынан көшіп келген. Хафиза апай екеуі 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Төрт баласы да жоғары білімді. Өмірде өз орындарын тапқан. Әкелері оқытты, тоқытты. Жағдайларын жасап беріп кеткен.
Апайға: «Төңіректі былай қойып, алыс-жақын шетелдерге танымал сынықшы екенсіз. Бұл қасиет сізге қайдан келген? Қандай жарақаттарды емдейсіз? Арғы әке-шешелеріңізде мұндай кісілер болған ба?» деген, әдетте, елдің білгісі келетін сауалдарды жаудырдық.
Хафиза апай: «Бұл сынықшылық менің тегімде бар. Өзімнің анам да, әжем де сынықшы, емші болған кісілер. Сол кісілерден маған да бірдеңе жұққан болып тұр ғой. Әжем кәдімгідей оқу бітірген дәрігер еді. Өзім де дәрігерлікті тәмамдадым. Бірақ өз салам бойынша істемей, басқа салаға ойысып кеттім. Істетпеді. Әдепкіде жұмысқа орналасқан кезде көріп тұрған кемкетікті, қателікті айтпай тұра алмайсың, жассың. Тым адал еңбек кей кісілерге жақпай жатады. Содан шығып кеттім де, аспазшылыққа ауыстым. Қолымда енем тұрды. Ол кісіні 42 жыл қарап, 105 жасқа жеткен кезінде бұл пәнимен қоштасты. Қайтпас сапарына өзім шығарып салдым. Одан төрт ай бұрын күйеуім қайтты. Негізі осы Көкқайнар ауылында 1975 жылдан бері тұрып келе жатырмыз. Сөйтіп, жүре келе атадан берілген қасиет те өзінен хабар бере бастады. Қазір, міне, 35 жыл болды. Сынықшылықты кәсіп етіп келемін. Омыртқа жарығы, түрлі дәрежедегі сынықтар мен буын шығуларын саламын. Түрлі жағдайда жарақат алған кісілер, скейттен құлап, мертіккен балалар келіп жатады. Географиясы дегенде, енді әр өңірден естіп, келетіндер көп. Келушілер қатарында еліміздің әр облысынан келіп, жарақатын емдетіп қайтқан кісілер бар. Мына жағы – Семейден, мына жағы – Қызылордадан, Астанадан келген кісілер де жетіп-артылады. Осы сізбен әңгімелесіп отырған кезімде Ташкенттен келе жатқан кісілерді тосып отырмын. Ресейдің Новосібір жерінен де келді. Түу Германиядан келіп қаралған жандар болды. Омыртқа жарығы диагнозымен Ресейден Сергей деген бала болды. Қонақүйде жатып, күнделікті келіп қаралып, еліне өз аяғымен жүріп қайтты.
Өзімнің тілеуім – Алланың науқастарға шипа беруі! Балаларымыз аман болсын! Аспанымыз ашық, еліміз аман болсын. Мемлекет басшысына ғұмыр берсін! Біз көргенді балалар көрмесін. Сонау 1966 жылдары нанға қатты мұқтаждық болды. Сондайды бала-шаға көрмей, аман-есен жүре берсін. Бәрі Алланың қолында. Бүгінде адамдардың ниеті бұзылды. Жасы бар, кәрісі бар. Айтсақ, әңгіме көп. Жас буын тарту көрмей, бетімен кетіп бара жатыр ғой. Бәрі ата менен анадан. Ата-ана қандай болса, бала-шаға да сондай. Ата-ана қатты ұстаса, бала бетімен кетпейді. Қазір өзі тойлап, ішіп, ләйліп жүрсе, ондай отбасынан шыққан бала қайдан оңады?! «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» деген бар. Өзімнің екі ұлым даланың, екі қызым үйдің жұмысын істеп өсті. Қыздарыма 10 жасынан тамақ істетіп үйреттім. Ұлдарым әлі күнге дейін ұлдың-қыздың жұмысы демей, үйдің еденін жуып, тазалайды. Қолмен жуғызамын. Швабраны сындырып тастадым. Келіндерім «Әкелеріміз еден жуады», – деп күледі. Мен «Бұрыш-бұрыш пен қуыстар қалып қояды. Еңкейіңдер!» деп айтамын. Келіндерім соған да күледі. Жалпы, атааналарға айтарым – балаларға ие болу керек. Әке – баланы, шеше – қызды тәрбиесіне алуы керек», – деп өмірбаянынан, кәсібінен баян етіп, ұрпақ тәрбиесі жөнінен біраз ойларын ортаға тастады.
Осылай деп біраз ойланып отырып қалған Хафиза апай ана ретіндегі тағы бір үзік ойларын айта келіп: «Көшені байқастасаң, темекі шегіп, сыра ішіп тұрған жап-жас қыздарды көреміз. «Мына үлкен кісі келе жатыр екен-ау, ұят боладыау» деген ой жоқ. Сондықтан ата-аналарға айтарым – баланы қаттырақ ұстау керек. Кейбіреулер «үйде тәрбиелейміз, далаға шығып кеткен соң біздікі емес» деп айтады. Жоқ, бала келген соң «Қайда болдың, не істедің, қалай жүрдің?» деп сұрап отыру керек. Сұрау – ата-ананың парызы. Бала даладан келеді де, «қазір келем» деп кетеді. Атаананың шатағы жоқ. Ондай болмайды. Әсіресе, қыз балаға қарау керек. Ұл өз орнын табады. Ал қыздың жөні бөлек», – деп, ұрпақ тәрбиесін қолдан шығарып алудың салдары халықтың ертеңі үшін зор қауіп екенін ескертіп өтті.
Расында да, апай қазіргі таңдағы көптеген ата-аналардың сипатын дәл ашып беріп отыр. Балаларына көрген жан сүйсінерліктей етіп тәлім мен тәрбие беріп отырған Хафиза апайымызды Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, әңгімемізді түйіндеп, үлкен әсермен тарқастық.
Бейбіт Мекеев