«Елдестірмек – Елшіден» демекші, кез келген екі мемлекеттің тату болуы Елшіге байланысты. Өйткені ол екі елдің арасында алтын көпір қызметін атқарып, келісім мен бітімге шақырады. Түрлі халықаралық ұйымдарға белді мүше болып, көпвекторлы саясат ұстанатын біздің елімізде бұл қызметтің маңызы зор.
Тәуелсіздік таңы атқан кезден бүгінге дейін көптеген республикада Қазақстанның Елшілері тағайындалып, татулықты ту еткен біздің елімізде өзге мемлекеттің Елшілері дипломатиялық қызмет атқаруда. Қазақстанға тікелей инвестиция тарту бойынша көшбасшы елдердің Өкілетті Елшілері өз мемлекеті мен біздің өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында облыстарға сапарға шығып тұрады. Осы орайда АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюм Алматы облысында болды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Дэниел Розенблюм мен АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Мишель Еркінмен кездесті.
Басқосуда Марат Елеусізұлы Қонаев қаласының облыс орталығы мәртебесін иеленгеніне 2 жылға жуықтап қалғанын, халықтың 84 пайызы ауылдық жерде тұратынын, үшауысымды мектептердің оқу-тәрбие жұмысына кедергі болып отырғанын, осы мәселені шешу бағытында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қолға алынған жұмыстар жайын тілге тиек етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан реформаларын жүзеге асыру бағытында елімізде аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау өтетінін, облыста қанатқақты жоба ретінде екі аудан әкімі сайланғанын атап өтті. Облыс басшысы Үлкен ауылына салыну жоспарланып отырған атом электр стансасы жобасы жайлы кеңінен әңгімелеп, ауқымды жоба жүзеге асса, халыққа жұмыс орны ашылып, электр қуаты жетіспеушілігінен құтылып қана қоймай, еліміздің өзге өңірлерін де қамтып, тіпті, экспорттауға да зор мүмкіндік туатынына дипломаттардың назарын аударды.
Кездесуде ауыл шаруашылығы, туризм, шағын және орта бизнес, экология, білім салалары бойынша қарым-қатынас орнату жайы сөз болды. Сонымен бірге АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланыс және аграрлы аймаққа инвестиция тартудың тиімділігі жайы талқыланды. Облыс көлемінде жұмыс істеп жатқан америкалық кәсіпорындар жайы да әңгіме арқауына айналды.
Алматы облысымен барлық бағытта серіктестікті нығайтуға мүдделі екенін жасырмаған Дэниел Розенблюм Қазақстанда жүргізіп жатқан саяси реформаларды қолдайтынын, бүгінге дейін орнатылған әріптестік қарым-қатынасты одан әрі дамытып, алдағы уақытта да біріккен кәсіпорындар құруға ықпал ететінін мәлімдеді. Өзінің өңірде орналасқан «Таңбалы тас» тарихи-археологиялық ескерткішін көру ниеті бар екенін айта келе, аймақ жайында мол мағлұматқа қанықтырған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевке жүрекжарды алғысын білдірді.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы