Қонаев қаласында облыстық ономастика комиссиясының кезекті отырысы өтті. Басқосуға комиссия құрамы, облыстық басқарма басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары қатысты.
Отырыста күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ономастика бөлімінің басшысы Айбол Нүсіпқожаев баяндама жасады.
Баяндамашы Қонаев қаласы «Рауан» шағынауданындағы 3-линия көшесіне, облыстық орталық әмбебап кітапханасына, Қаскелең қаласындағы мектеп-гимназияға, Іле ауданы Көкқайнар ауылындағы №53 орта мектепке, Райымбек ауданы Нарынқол ауылындағы жаңадан салынған саябаққа, Кеген ауылындағы «Жастар» саябағына облыстың тумасы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың атын беруге аудан, қала әкімдіктерінен ұсыныстар түскенін жеткізді. Сонымен қатар, Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында жаңадан ашылатын спорттық сауықтыру кешеніне грек-рим күресінен 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы, екі дүркін КСРО чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің атын беру ұсынылды.
Облыстық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылған нысандар мен көше атауына байланысты мәліметтерге тоқтала кетсек, облыстық орталық әмбебап кітапхана Қонаев қаласындағы жаңа ғимаратқа қоныстанады. Облыс бойынша кітап қоры – 2 801 182. Оқырман саны – 332 394 мың. Нарынқол ауылындағы жаңадан салынған 3 гектар аумақты қамтитын саябақта су жүйесі жүргізіліп, электр жарығымен қамтамасыз етілген. Кеген ауылындағы Б. Атыханұлы көшесі №13 «А» жер телімінде орналасқан «Жастар» саябағы 2017 жылы пайдалануға берілген, субұрқақ, орындықтар мен жарық шамдары орнатылған. Қаскелең қаласындағы мектеп-гимназия 2023 жылы 1 қыркүйекте білім алушыларға есігін айқара ашқан. Биылғы оқу жылында 1500 орынды мектепте 1360 оқушы оқып жатыр. Іле ауданы Көкқайнар ауылындағы 1500 орынды №53 мектеп 2023 жылдан бастап қолданысқа берілген. Бүгінде 1727 оқушы білім алуда. Облыс орталығындағы жаңадан бой көтерген «Рауан» шағынауданы 3-линия көшесінде бүгінде 49 тұрғын үй салынған. Келешекте Қонаев қаласының Бас жоспарына сәйкес аталған ықшамаудан үлкейіп, көркіне көрік қосылып, ажары айшықтала түспек. Сондықтан жазушының есімін еншілейтін көшенің болашағы жарқын. Сондай-ақ, Шелек ауылындағы спорт кешенінің 180 көрерменге арналған трибунасы бар. Командалық спорт алаңы, заманауи жабдықтармен жарақтандырылған күрес пен боксқа және жаттығуға арналған залдары бар.
Күн тәртібіндегі 6 мәселе бойынша ұсыныс комиссия мүшелері тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
Айжарық Көпілеуов,
Қонаев қаласы