Қарасай ауданы Райымбек ауылында орналасқан «NurAman» спорт кешенінде жасөспірімдер арасында классикалық шахматтан Алматы облысы әкімінің ашық кубогі басталды. Аталған халықаралық жарысқа спорттың осы түрі бойынша озық нәтиже көрсетіп жүрген АҚШ, Украина, Нидерланд, Армения, Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан және Қазақстан мемлекеттерінен, барлығы 200-ден аса шахматшы қатысуда. Солардың қатарында 12 гроссмейстер мен 20 халықаралық дәрежедегі спорт шебері бар екенін айта кету керек.
Қазақстан шахмат федерациясы мен Алматы облысының әкімдігі бірлесіп өткізіп жатқан дүбірлі доданың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым осындай жарыстар өңірдегі және еліміз бойынша шахмат спортының дамуына үлкен ықпал ететінін айта келіп, қатысушылардың барлығына қызықты ойын мен жеңіс тіледі. Сол сияқты Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова мен ұйымның вицепрезиденті Александр Бабенко да ізгі тілектерін жеткізді.
Аталған шахмат турниріне келгендердің қатарында аты әлемге әйгілі шахматшылардың болуы жарыстың маңыздылығын арттыра түсті. Солардың қатарында Гиннестің рекордтар кітабына енген америкалық шахматшы Тимур Гареевті атап өтуге болады. 2004 жылы гроссмейстер атағын жеңіп алған Өзбекстанның тумасы 2016 жылы көрмей ойнау тәсілі бойынша бір мезгілде ең көп адамдармен тартысқа түсіп, әлемдік рекордты жаңартқан еді. Біздің елдің атынан әлем чемпионы Ксения Балабаева, Азия ойындарының чемпионы Мұртас Қажығалиев, әлем чемпионатының жүлдегері Аңсат Алдияр сияқты халықаралық дәрежедегі гроссмейстерлер қатысқан болатын.
Үш секция бойынша өтіп жатқан жарыстың алғашқы жеңімпаздары да анықталып үлгерді. Атап айтқанда, «Блиц» турнирі жарысынан Тимур Гареев (АҚШ) бірінші орынға көтерілсе, тиісінше, екінші және үшінші орындар Григор Диланян (Армения) мен Артавазд Хайрапетянның (Армения) еншісіне бұйырды.
Ерлер мен әйелдер арасында Алматы облысынан Пайрави Кодири мен Алматы қаласынан Әсел Лесбекова үздік деп танылды. Ал 11 мен 14 жас аралығында Ақтау қаласынан келген Эдгар Мамедов өзгелерден қара үзсе, 10 жасқа дейінгі спортшылар арасынан алматылық Санжар Толбаев жеңіс тұғырынан көрінді. Әлемдік дүбірлі дода әлі үш күнге созылады деп күтілуде. Ендеше ұлттық құрама мүшелеріне әлі де болса озық ойын көрсетуге мүмкіндік бар.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы