Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда егемендігіміздің басты нышандарының бірі – Елтаңбаны өзгерту туралы бастама көтерді. Оған себеп те жоқ емес. Елтаңбаны кешегі қылышынан қам тамған КСРО тұсындағы қызыл гербке ұқсатып, сыни пікірлер ара-тұра айтылып қалады. Рас, Елтаңбамызда Кеңес заманындағы тудағыдай жұлдыз бейнеленген. Ол Қазақстаннан өзге Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан сынды кешегі одақтас болған елдердің елтаңбаларында да басылған. Дегенмен, еңселі ел болу еркіндіктен басталса, еркіндік мемлекеттік рәміздерден айқын сезіліп тұруы тиіс. Мұнда кешегі күннің сарқыншағы, өткенді еске салып тұратын нышан болмауы керек деп ойлаймын.
Бұдан басқа, мемлекеттік рәмізімізде астары бар бірнеше символ қамтылған. Жоғардағы жұлдызшадан бөлек шаңырақ, уық, пырақ, күмбез, күн, көк аспанды көреміз. Мұның бәрін бір рәмізге кіріктіргенде қарапайым азаматтың қабылдауына күрделі болатыны сөзсіз. Менің түсінігімде елтаңба бір қарағанда түсінікті, елдің мұратын айқындайтын нақты белгі-нышандардан тұруы тиіс.
Әрине, Мемлекет басшысы елтаңбаны бүгін-ертең ауыстыруды ұсынып отырған жоқ. Мұндай елдік мәселеде ең әуелі ортақ келісімнің, ашық талқылаудың болғаны маңызды.
Ерік Абитов,
Алматы облыстық мәслихатының депутаты