Көрікті Көлсай! Бар сұлулықты бойына жинаған Көлсайды бір көруді армандайтындар қаншама? Көркіне көз тоймайтын Көлсай қысы-жазы Қазақстанмен қоса шетелдік саяхатшылардан да арылмайды. Табиғаттың әсем жері – Көлсай көліне соңғы жылдары келетін туристер саны еселеп көбейді. Саты ауылы мен Көлсай көлі маңында жүзден астам қонақүй мен шағын туристік орталықтар бой көтерді. Алайда таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, сол қонақүйлердің пайдасымен бірге залалы да Көлсай көлінің тұнығын лайлап, қоршаған ортаға зиянын келтіруде.
Айта кетейік, ақпанның 16-сы күні Көлсай көлі маңындағы экологиялық ахуал туралы Саты ауылының тұрғындары дабыл қаққан. Олар қонақүйден Көлсай көліне қарай салынған құбырды тапты. Тұрғындардың айтуынша, қонақүйдің кәріз суы жасырын құбыр арқылы көлге төгіліп келген. Әлеуметтік желіде жергілікті тұрғындар көмілген құбырды қазып алған бейнематериал тарады. Онда қонақүй иесі көлдің шатқалына кәріз суын төгіп отырған. Бұдан кейін жергілікті тұрғындар әкімдік рұқсатымен «Kolsay Lakes Town» аймағына өтіп, құбырлардың шынымен сол жерден шығып, оларды қар мен жердің астынан қазып алғанына көз жеткізген. Осылайша, Көлсай бойындағы «J.S Travel» ЖШС кәріз суын ағызуға қатысты жүргізілген тексеру нәтижелеріне сәйкес, заң бұзушылықтар анықталды. Мәселенің ақ-қарасын анықтап, тұрғындардың пікірін білмекке БАҚ өкілдері «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен Саты ауылында болып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Маңызы зор жиынға Кеген ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы, аудандық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бек Әбдіманапов, «Сәулет және қалақұрылысы» мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы Нұрғазы Дәрмен, «J.S Travel» компаниясының құрылтайшысы Марат Жөргенбаев, «QazNomad» демалыс кешенінің директоры Қанат Өскенов және ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында алғашқы сөзді алған «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары Мақсат Әлімқұлов:
– «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының комиссия құру туралы өндірістік бұйрығы негізінде «J.S Travel» ЖШСна келісімшарттағы міндеттердің орындалуына байланысты тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру барысында он демалыс үйіндегі кәріз жүйелері құбыр арқылы арнайы қалдық су жиналатын орынға құйылатындығы анықталды. Кәріз суы жиналатын орын Көлсай орманшылығының 9-орам, 23-телімінде «J.S Travel» ЖШС-на пайдалануға берілген жерде орналасқан. Алайда осы кәріз суы жиналатын орыннан Көлсай орманшылығының 9-орам 22, 24-телімдері арқылы жер астымен «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесіне тиесілі жер учаскесіне кәріз суының қалдықтары жайылған. Ол бойынша Алматы облысының экология департаменті тарапынан айыппұл салынған. Қазіргі кезде департаменттің әкімшілік құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсынысын орындап, құбырларды қазып алу жұмыстарын жүргізуде. «J.S Travel» ЖШС-нің «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мекемесімен жасалған келісімшарты бойынша 0,80 га жер пайдалануға берілген. Осы тексеру барысында «J.S Travel» ЖШС 9-орам 22, 24-телімдерінен 0,70 га жерді артық пайдаланып отырғандығы анықталды. 9-орам, 22-телімінде «J.S Travel» ЖШС-на берілмеген жер учаскесіне бір демалыс үйі орналастырылған. Яғни, заңсыз салған, – дей келе, Саты ауылы тұрғындарының кәріз суын Көлсай шатқалына төгуіне байланысты шағымы бойынша тексеру комиссиясы тексеру нәтижелері бойынша аудан әкімдігі, «Көлсай көлдері» мекемесінің қызметкерлері, «J.S Travel» ЖШС өкілдері және ауыл тұрғындарымен бірлесе өткен жиынның хаттамасымен таныстырды.
Кеген ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы өз сөзінде көтерілген мәселені облыс басшысы бақылауда ұстап отырғанын, құзырлы уәкілетті органға тапсырма берілгенін және арнайы құрылған комиссиямен бірлесіп, тексеру жүргізіліп жатқаны туралы баяндады. Сонымен қатар, Көлсай көлінің айналасына салынып жатқан құрылыс нысандарының заңдылығына тексеру жұмысы басталғанын, аталған кемшіліктерді жоюдың бір шешімі табылатынын, тексеру қорытындысы толық шыққанға дейін серіктестік жұмысы уақытша тоқтағаны жөнінде айтып өтті.
«J.S Travel» ЖШС өкілдері Б. Рысбаев және М. Жөргенбаев орын алған жағдаймен келісетіндерін, осы бойынша салынған айыппұлды төлегендігі жөнінде және алдағы уақытта мұндай қателікке жол бермейтінін айтып, 2 250 000 теңгеге келісім жасалып, Алматыдан арнайы техника келіп, 2-3 күнде бір рет кәріз суы шығарылып отыратындығы, сондай-ақ, ауыл тұрғындарына қалдық су жинақтайтын орынға бейнебақылау қойғызатыны жөнінде сөз етті. Серіктестік өкілдері ұжым атынан ауыл тұрғындарынан орын алған мәселе бойынша кешірім сұрады. Демалыс орнын саларда үш жоба жасалғандығын, геологиялық анықтау жұмыстарын жүргізгендерін, демалыс орны бұрын тау көшкіні болған жерде орналасқанын, сол себепті ағаштан жеңіл, құрама үйлер салғандығын да айтты. Арнайы тосқауыл орнату бойынша бірлесіп, мемлекеттен қаржы сұрап, алдын-алу шараларын жүргізу қажеттігін баяндады.
– Машина бұзылып қалған кездерде ол факт орын алды. Ол рас, мен оны мойындаймын. Біздің балалар машинаны қайта жөндеткенше, суды төккені рас. Аудан, облыс көлемінде комиссия құрылып, республикадан экологтар келіп тексерді. Ол судың қай жерге дейін барғанын комиссия анықтайды, – деген кәсіпкер Марат Жөргенбаев қалдық су тасуға әскери көліктердің де шыдас бермейтінін жеткізді. Сондықтан, бұл мәселені шешу үшін жан-жақты шаралар қаралып жатыр.
Көшпелі баспасөз шарасында Саты ауылының әкімі Әділхан Батанов та пікір қосты. «Үлкен мәселе қозғалуда, біраз болды. Кәріз суы тек Көлсайда ғана емес, Саты ауылында қаншама қонақүйлер тұр, солардың да басты мәселесі. Бұл туралы облыс, аудан көлемінде мамандар келіп көрді. Сатыдан кәріз суын жинайтын жер таппадық. Өздеріңіз білесіздер, Саты ауылы алақандай ауыл, жан-жағы тау, су. Кәріз суын жинау үшін, оның экологиялық талаптары бар. Ол судан қанша қашықтықта болуы, қандай жерде орналасуы керек екендігі ескерілуі тиіс. Сондықтан, Сатының төменгі жағынан бұған орын табылмады. Өзіміздің Қобы деген сай бар, кәріз суы жиналатын тұндырма салу үшін 3 га жер бөлінді. Қазір біздің қолымызда жердің мемлекеттік акт бар, ауданда жобалық-сметалық құжаттары жасалуда. Сол құжаттар аяқталып, сараптамадан өтсе, осы Қобы сайының ішінде кәріз суы жиналатын тұндырма салынады. Ауылдан және Көлсайдан шыққан кәріз суы сол жерге жиналатын болады», – дей келе, жиынды қортындылады.
Бұдан кейін БАҚ өкілдері Көлсай аумағында орналасқан «QazNomad», «Қанат» демалыс кешендерінің ғимараттары мен кәріз суының қалдықтары жиналатын орындарды аралап көрді. Нысандарды аралау барысында Саты ауылы тұрғындарының пікірін білген едік. – Мына жерден шыққан кәріз суын Көлсайға ағызып қойған. Соны көрдім, бейнекамераға түсірдім. Ауыл тұрғыны болғаннан кейін табиғатымызға жанымыз ашиды. Дұрыс емес жағдай. Содан мен ауылға тараттым, мына мәселені көтергеніміз жөн болды, – деген ауыл тұрғыны Ұлан Есікбаев өз жанайқайын жеткізді.
Ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер бұл мәселені шешуге облыс басшылығы ат салысса деген ниетте. Өйткені, саяхатшыларды күтумен айналысатын Саты ауылы мен тау бөктерінде жүзден астам қонақүй мен туристік нысан бар. Олардан шыққан нәжіс суы қайда кетіп жатқаны тұрғындарды алаңдатуда.
Осы орайда Еркін Барақов есімді Саты ауылының тұрғыны: «Тау бөктерінде туристік фирма бар. Экология министрінің құлағына алтын сырға, өзі араласуы керек. Оның әрекеттері тіптен масқара, қырық жыл болды. Не ол жаққа шығып жатқан нәжіс суын таситын машиналары жоқ. Қыстыгүні машина да шыға алмайды. Ауданнан құрылған комиссия көлдің аумағында орналасқан нысандарға тексеру жүргізіп, бірнеше ғимараттың заңсыз салынғанын анықтапты. Енді, оның бірін сот арқылы сүруді көздейді, ал кәріз мәселесін шешуге ауданның шамасы келмейді. Жағдайды ушықтырмау үшін облыс басшылығынан көмек сұраймыз», – деді. Бұл мәселе бойынша: «Жобалық-сметалық құжаттарды әзірлейміз. Жобалау жұмыстарына 23 млн теңге бөлініп, құжаттама жасалып болды. Енді, сол құжаттамаға сәйкес, жұмыстарды жүргізуге 760 млн теңге қаражат керек», – деді Кеген ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы.
Қалдық судан шыққан дау облыс орталығына жетіп, құрамында құзырлы орган өкілдері бар комиссия әр нысанды жіті тексермек ниетте. Өткен жылы Көлсайға келушілер қатары 200 мыңнан асып жығылған. Биыл кәріз жүйесі шешімін таппаса, ол ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Естеріңізде болар, 2018 жылдың сәуір айында Көлсайда лай көшкіні жүріп, жылыстаған тау жынысы тұрғындарға қауіп төндіріп, Көлсай көлінің арнасына жетуге сәл қалған-ды. Сағатына бір метрден жылжыған қоймалжың топырақ көлдің арнасын жауып тастауы мүмкін еді, абырой болғанда ешкім зардап шекпеді. Бұдан түйеріміз, көбіне табиғатқа адам факторы да әсер етеді. Табиғат – адам баласының тіршілік тынысы әрі таусылмас қазынасы десек, көркіне көз тоймайтын Көлсайды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек екені айтпаса да түсінікті. Экологиялық тәрбиені қолға алғанда ғана табиғатты сақтай аламыз. Табиғатананы ренжітсек, ол бізді кешірмейді. Ең маңыздысы, табиғатқа қиянат жасамау! Жер-анаға адамның кері әсері бір тисе, жағдайды қайта қалпына келтіру өте қиынға соғады.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы