Наурыз – халқымыз ерекше күтетін мереке. Жер-ана бусанып, айнала жасыл түске боялып, күн мен түн теңелетін мейрамның адамдарға шашар шапағаты да мол. Жаңа тіршіліктің бастауы саналатын көктемнің осынау шуақты мерекесін адамзат та асыға күтіп, оны ерекше есте қаларлықтай етіп өткізуге барын салады. Облыстың 1,5 миллион тұрғыны үшін де бұл мерекені мәні зор, маңызы терең етіп өткізуге мейлінше мән берілуде. Бұл ретте Наурыз мейрамын ұлттық дәстүріміз бен жаңашылдықтарды үйлестіре отырып, ұмытылмайтын жаңа ауқымда қарсы алу көзделуде.
Облыстың Ұлыстың ұлы күніне арналған бас мерекелік шарасы Қонаев қаласындағы Орталық алаңда өтеді. Ол тұтас елді қамтитын жалпыхалықтық мейрам ретінде көрініс таппақ.
Думанды мерекенің басты белгісі – көш-керуен. Неліктен көш таңдап алынды? Өйткені, көш – көшпелі елдің ажырамас дәстүрі. Қазақ арасында көш ертеден сән мен салтанаттың көрінісі саналған. Бүгінгі ұғыммен бейнелеп айтсақ, салтанат шеруі десе болады. Сонымен қатар, ауылдың бірлігі, ынтымағы да осы көште көрініс табады.
Облыстың мерекелік көш-керуенінің атауы – «Ынтымақ». Мақсаты – облыс халқының тұтастығын, бірлігін көрсету. Бүкіл аудандарды қамтитын көшке 3000-ға жуық адам қатысады. Бір аудан – бір көш. Әр ауданның тарихи, мәдени, географиялық ерекшеліктері ескеріле отырып, әрқайсысына белгілі бір тақырып беріледі. Мысалы, Еңбекшіқазақ ауданы Сақ қорғандарымен, әйгілі «Алтын адамымен» ерекшеленеді. Сондықтан, көш-шеруге қатысушылар сақ киімдерін киеді.
Әр ауданнан жол тартқан көшкеруен жол бойы бір-біріне қосылып, толығып отырады. Қарсы алу-толығу үрдісінде қазақтың көш дәстүрі қатаң сақталады. Мәселен, келген көшке дәм ұсыну, көрісу сияқты дәстүрлер қамтылып отырады.
Бірінші көшті Жамбыл ауданы бастайды. Онда ақындар мен батырлар елінің көшін осы өңірден шыққан Қарасай, Наурызбай батырлар мен Сүйінбай, Жамбыл ақындардың бейнесі сомдалып, 50 атты әскер жүк артылған түйе және арбамен шығады.
Екінші – Салтанат көшін Іле ауданы жалғайды. Онда салтанатты көштің бүкіл элементтері (шаңырақ, сандықтар, тағы басқа) болуы тиіс.
Үшіншісі – Тайқазан көші. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар» деген қазақ үшін қазан – ырыздықнесібенің, бірліктің, елдіктің символы. Сондықтан бұл көште ұлттық тағамдар, берекелі Тайқазан инсталляциясы қамтылады. Бұл Кеген ауданына беріледі. Арба үстіне буы бұрқыраған тайқазан орнатылып, 10 атты би мен батырлар жорыққа шығады.
Төртіншісі – Алтын көш. Ол Еңбекшіқазақ ауданына жүктеледі. Бұл көштен Сақ патшасы Томирис және 51 атты сақ әскерін көреміз.
Бесіншісі – Жеті қазына көші. Мұнда тазы, қыранқұс, төбет, қару-жарақ, жалпы саятшылық өнері қамтылады. Бұл көш Қарасай ауданына тиесілі.
Алтыншысы – Келіншек көші. Мұнда күймелер, сал-серілер, ұзатылып бара жатқан қыз, дәстүрлі ерекшеліктер қамтылуы керек. Аталған көшті Талғар ауданы жалғайды. Мұннан келіншек күймесін, жүк (қыз жасауын) артқан түйе, арба көреміз.
Жетіншісі – Ырысты көш. Балқаш ауданына жүктелген көште Д.Қонаев бейнесі, ауданның мақтанышы дәнді дақылдар, күріш көрініс табуы тиіс. Бұл көште Қонаев бейнесін, төбесі ашық антиквариатты көлік үстінен тамашалаймыз.
Сегізінші көш – «Хантәңірі мақтаныштары». Райымбек ауданына тиесілі бұл көш Алматы облысының мақтаныштары, биыл 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтіліп жатқан Бердібек Соқпақбаев пен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев шығармаларын негізге алады. Мұнда «Менің атым – Қожа» фильміндегі көріністер орын алуы тиіс.
Тоғызыншысы – Ұйғыр ауданына тиесілі Достық көші. Мұнда диқаншылық, жеміс-жидек, далалық цирк өнерінің элементтері қамтылуы керек. Мұнда буы бұрқыраған тандыр пешінің көрінісі мен арба толы жемісжидектерді көреміз.
Аудандардың көшінен кейін мәдениет, жастар саясаты, спорт басқармалары, Ассамблея өкілдерінің көштері жүріп өтеді. Бұл көшке аталған салаларға үлес қосып жүрген жандар қатысады.
Орталық алаңға жеткен «Ынтымақ» көш-шеруін Қонаев қаласы қарсы алады. Ұлттық салт-дәстүр бойынша келген көшті қарсы алудың да өз жөн-жоралғысы бар. «АТА ДӘСТҮР» деген тақырыппен Қонаев қаласының көші меймандарға құрмет көрсетеді. Мұнда ақ ұсыну, кие сұрау, сыралғы дәстүрлерін көреміз. Ең бастысы, көш жай ғана жүріп өтпейді, театрландырылған қойылымға айналады. Әр көш өнерін көрсетіп, өз тақырыбын ашады.
Көш-керуендердің өнері толық аяқталғаннан кейін «Жаңа күн» атты пролог басталады. Ол Күнді қарсы алу, көктемнің келуі, табиғаттың оянуы, Қыдыр атаның бата беруі сияқты дәстүрлерді қамтиды. Театрландырылған пролог-қойылымын белгілі әнші Мөлдір Әуелбекова мен «Рабат» этнотобы аяқтайды. Ары қарай концерттік бағдарлама басталады. Концерттік бағдарламаға халық сүйіп тыңдайтын «Дос-Мұқасан», Әбдіжаппар Әлқожа, Шаба Әденқұл, Мирас пен Құралай сияқты белгілі әншілер қатысады. Ал кешкі концерт сағат 19.00-де басталады. Оған Еркеш Хасен, Нұрсұлтан Нұрбердиев сияқты жастардың сүйікті әншілері келеді.
Наурыз мерекесінің қалай тойланатыны турасында өңірлік коммуникациялар алаңында баспасөз мәслихаты өтіп, онда облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсел Жалғасбаева 14-23 наурыз аралығын қамтитын Наурызнама онкүндігі жарияланғанын жеткізген болатын. Ондағы мақсат – төл мейрамымызды тойлаудың жаңа дәстүрін қалыптастырып, оның мәнмазмұнын байыта түсу екенін, осыған орай бірыңғай логотип әзірленіп, өңірдің барлық ауданында 700-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланғанын алға тартты.
Атап айтар болсақ, 1 наурыздан бастап облыстағы 92 ірі сауда орталығында «Наурыз Sale» атты жеңілдіктер науқаны өткізіліп, мейрамханалар мен дәмханаларда мерекелік мәзірлер ұсынылуда. Сондай-ақ, ірі сауда орталықтарының алдында «Наурыз қалашықтары» құрылған. Бұл қалашықтарда қазақ үйлер тігіліп, көрме, жәрмеңке, фотоалаң орналастырылған.
Наурызнама онкүндігінің алғашқы күні Амал мерекесіне сәйкес келді. Қонаев қаласы мен аудан орталықтарында, ауылдық округтерде мерекелік шаралар өтіп, салт-дәстүрімізді насихаттайтын театрландырылған көріністер қойылды.
15 наурыз Қайырымдылық күні деп белгіленді. «Наурыз – қамқорлық мерекесі» акциясының аясында қарттар үйінде түрлі іс-шаралар өткізілді. Аз қамтылған отбасылар азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, оларға қаржылай көмек көрсетілді.
Бүгінгі 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетті, өнерді және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналады. Облыс аумағында орналасқан 144 кітапхана мен 15 музейде әдеби сағат, дөңгелек үстел, кездесу, көрмелер мен экскурсиялар өткізілмек.
17 наурыз отбасы құндылықтарын сақтауға, 18 наурыз ұлттық киімдеріміз ді дәріптеуге арналса, 19 наурызда ағаштар отырғызылып, сенбіліктер ұйымдастырылады. Ал 20 наурыз күні ұлттық спорттық ойындардан жарыстар өткізіледі. 21 наурызда Қонаев қаласының орталық алаңында «Төрлет, Әз-Наурыз» атты театрландырылған мәдени көпшілік шарасы өтіп, ол Ынтымақ көш-керуенінен басталады. Орталық алаңда қазақ үйлер тігіліп, белгілі өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт болады. Орталық саябақта ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылып, наурызкөже таратылады. Кешке қарай мереке жастарға арналған би кешімен жалғасады. Ал 22 наурызда «Жыл басы» атты бұқаралық көпшілік шаралар, халықтық мерекелер мен жәрмеңкелерге орын беріледі. «Наурыз нақышымен безендірілген ең тартымды үй», «Ең таза аула», «Ең әдемі көше» байқаулары өтеді. 23 наурыз – Тазару күні. Наурызнама онкүндігі жалпыұлттық экологиялық акциямен қорытындыланады.
Мерекелік шаралардан бөлек, аймақтың дамуы мен өркендеуінің символына айналатын, облыстағы дене шынықтыру-сауықтыру және спорт кешендерін, кәсіпорындар мен емдеу мекемелерін қамтитын жаңа нысандарды ашу жоспарлануда. Осылайша облыстағы Наурыз мейрамын тойлау жаңаша леп алып, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау бағытында айшықтала түспек.
Алма Есенбай,
Қонаев қаласы