«Таңбалы» қорық-мұражайы Жамбыл ауданының Мәтібұлақ ауылдық округіне қарасты Қарабастау ауылы маңында орналасқан. 3800 гектарды алып жатқан аумақ бейнебір ашық аспан астындағы алып көрме іспетті. Мұндағы негізгі жәдігер – жақпар тастардың бетіндегі петроглифтер. Олардың ұзын саны үш мыңнан асады. Сонысымен әлем назарын аударып отыр.
ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген осынау баға жетпес құндылықты сақтап қалу үшін 2003 жылдың қазанында Қазақстан Үкіметінің қаулысымен «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы құрылды. Мекеменің негізгі міндеттерінің бірі – мұражай қорын сақтау. Мұражай қызметкерлері жыл сайын ескерткіштерді тиімді қорғау мақсатында бақылау-барлау жұмыстарын жүргізіп, жаңадан табылған археологиялық мұраларды есепке алып, оларды бүлінуден қорғау мақсатында іс-шаралар атқарады. Тізімге алынған әрбір ескерткіш ұлт байлығының рухани қазынасы екені анық.
Ескерткіштерді түпнұсқа қалпында сақтау – қазіргі таңда өзекті мәселенің бірі. Көптеген тарихи-мәдени мұралар адамдардың жауапсыздығынан өзгерістерге ұшырап, кейбір жағдайда жойылып кету қаупі төніп отырды. Қазақ елінің басынан өткен аумалы-төкпелі замандарда мұндағы құнды жәдігердің қаншасы тоналғаны белгісіз. Қолды болмаған қорымның бүгінге жеткені санаулы ғана. Уақыт табы да тасты өз дегеніне салып, тау жыныстары жарылып, кей тұстары мүжіліп тұр. Ашық далада ыстық-суықтан, жауын-шашыннан тастағы суреттің көбі көмескіленген. Оны сақтау елдің, бүтін халықтың баға жетпес асыл қазынасы екенін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, өз елінің өткеніне жанашырлықпен қарайтын ұлтжанды етіп тәрбиелеудің маңызы зор. Бұл мақсатта оқушылар экскурсиялары ұйымдастырылып тұрады.
Мекеме кеңсесінде спутниктік байланыс орнатылған. Қазіргі заман талабына сай құрал-жабдықтармен, қорықшылар дүрбімен, мініс аттарымен қамтылған. 2020 жылы саяхатшылар үшін қолайлы жағдай туғызу мақсатында заманауи Сапар орталығы бой көтерді. Сәулетті ғимаратта қонақүй, асхана, конференц-зал, жұмыс бөлмелері бар. Осындағы көрме залына тастағы суреттердің көшірмелері мен бейіттерді қазу кезінде табылған қыш құмыра, ыдыстар мен тұрмыстық бұйымдар, тағы басқа жәдігерлер қойылған.
Ал үлкен аумақты алып жатқан қорық-мұражайда мамандар туристерге туған өлкенің өткенінен, рухани әлемінен әсерлі әңгіме өткізеді. Мұндағы қорғалатын аймақтың жалпы ауданы – 3800 гектар. Оның 900 гектарына археологиялық орындар кірсе, аралық бөлігін 2900 гектарда орналасқан таңбалы тастар алып жатыр. Келушілердің саны жылдан-жылға артуда. Мәселен, 2023 жылы тастағы тарихты тамашалауға 14 мыңнан аса саяхатшы келген. Қорық-мұражай алты топқа бөлініп, әр топ бойынша туристерге көрсету бағыттары белгіленген. Оны түгел аралап шығуға шамамен төрт сағаттай уақыт кетеді. Келушілер шатқалдағы тарамтарам сүрлеумен жүріп отырып, бағзыдан қалған бірегей мұраны тамашалайды. Жартас бетіне қашалған өнер туындылары ежелгі адамдардың ой-санасы, тіршілігі, наным-сенімі, қоршаған ортамен байланысынан мағлұмат береді.
Мұнда бұғы, қабан, таутеке, бұқа, құлан бейнелері, топталып аң аулау сәті, жылқыны жүгендеп міну, ту ұстаған салт атты, екі дөңгелекті арбаға жегілген түйе сияқты көріністер өте ертеде бедерленген. Кейінгі түркі дәуірінде жаңартылған кескіндер де кездеседі. Әр суретте белгілі бір мазмұн бар. Тылсым космогониялық сурет – «күнбасты» аталып кеткен адам бейнесі де бар. Алматыда дәстүрлі өткізілген «Азия дауысы» конкурсының логотипіне айналған мұндай сурет бірнеше жартаста кездеседі. Соның бірінде екі күнбасты және төменгі жағында 12 адам билегені бейнеленген. Неше мың жыл өтсе де, композиция анық көрінеді.
Мұның мәнісі туралы әртүрлі болжам бар. Таңбалы петроглифтерін өткен ғасырдың 60-жылдары алғаш зерттеген Анна Максимова бастаған ғалымдар күнбастыны антропоморфтық сипаттағы құдайдың бейнесі болуы мүмкін деген. Кейінгі зерттеушілер оны Наурыз мерекесімен байланыстырады. Ол дәуірдегі адамдардың күнге, отқа, аспанға табынғаны, Наурыз мерекесінің бастауы есте жоқ ескі заманға кеткені белгілі. «Таңбалы» қорық-мұражайы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ринат Шәріпов те ғалымдардың осы пікіріне сүйенеді.
Оның айтуынша, сонау қола дәуірінде өмір сүрген адамдар жер әлемнің жаңару мезгілі, көктемде табиғаттың қайта түлеуіне байланысты орындалатын биді бейнелеген тәрізді. Тағы бір жақпар таста бастарына қасқыр, тауешкі бетпердесін киіп, аң терілерін жамылғандар қашалған. Бұл да ежелгілердің ұстанған қандайда бір ғұрыптық әрекетінен хабар беріп тұрғандай. Бұл жерді ежелгі тайпалар киелі санап, салттық рәсімдер жүргізіп, Тәңірге табынатын, ата-баба рухына тағзым ететін орынға айналдырған деген нұсқа айтылады.
Осы орайда отандық ғалымдардың: «Қазақ халқының дәстүрлі этнографиясының түптамырын осы қазақ жерінде өмір сүрген байырғы тайпалар қалдырған деректерден іздеуге болады. Соның бірі – тастағы таңбалар», – деген пікірі көңілге қонымды. Дегенмен, мұның барлығы – болжам. Еліміздегі жартас суреттерінің барлығын зерттеу, мән-мағынасын ашу – қазір тың ізге салынып жатқан ғылым саласының бірі. Таңбалы шатқалындағы петроглифтер де әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Демек, онда құпиясын ішке бүгіп жатқан белгілер біз ойлағаннан көп болуы мүмкін.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы