Жол бойында қаз-қатар солдатша тізілген жеміс ағаштарын көрген сайын «осы бақтың иесі қандай адам екен деген ойға қалатынмын. Тәуекел етіп, бақ иесімен танысып, еңбектерін елге паш етсек ниетпен бардық. Ерте көктем болса да бақта тіршіліктің тынысы басталған. Бір қатарда, ерекше тіртіппен, ыждаһаттылықпен отырғызылған жеміс ағаштарына қарап көз сүйсінеді. Осыған қыруар еңбектің сіңгені көрініп-ақ тұр.
Бақ ішінде Адилжан ағамызды кездестірдік. Жас көшеттерді қырқып, түптерін қопсытып, күтіп-баптап жатқан мезеті екен. Ағамызға келген мақсатымызды айтып, әңгімеге тарттық. Сөзге шорқақ болса да, ағамыздың нағыз еңбектің адамы екеніне бірден көз жеткіздік.
Адилжан Сайдуллаев деп өзін таныстырған бағбан 15 гектар аумақты алып жатқан бақшаның жұмысын қалай қолға алғандарын сөз етті. Әкесі марқұм Аббас қария 2004 жылы 6 гектар жер алып, «Сайдуллам» шаруа қожалығын құрып, бау-бақша өсірмек болады. Жердің тастақ екенін көрген кей жандар бұл жерден өнім өспейтінін де айтқан еді. Бірақ еңбекқор қария ешкімге дес берместен тәуекел еткен ісіне берік кіріседі. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді бабаларымыз. Ағаш өсіруді бала тәрбиелегенмен пара-пар дегенді де халық ертеден айтады. Ендеше, баланы туғанынан өмірдің ызғарлы желіне төтеп беретін бекем, берік қылып өсіруді мақсат тұтатындай ағашты да табиғаттың алапат күшінен аман қалдырып, тамырын қаққан қазықтай мығым ету үшін күтімі күпті, бабы мықты болу керек. Ал бұл оңай шаруа емес. Десе де Аббас ақсақал балаларымен қолға алған ісін тастамайды. Қытайдан 350 түп алма, шабдалының көшетін әкеледі. Қараусыз қалған жерді тазартып, жас талдарды егеді. Жылдар бойы сол көшеттердің қамын жасаған Аббас қария мен Патигуль ана бұл іс ұрпақтарына қалдыратын ең асыл қазына екенін білген екен. Бүгінде ұлдары Адилжан мен Алмаз әке жолын жалғап, бағбаншылықты серік еткен. 2012 жылдары елімізде сапалы көшеттер көбейген тұста жер көлемін 15 гектарға ұлғайтып, 4 гектар жерге алма, 5 гектарға абрикос, 2 гектар аумаққа қараөрік, 4 гектар жерге шабдалы көшетін отырғызған.
Жыл басы наурыз айы жаңару мен жасарудың айы дейміз. Бұл айда бағбандар да жас шыбықтарын отырғызып, бұрнағы жылдарғы көшеттерді күтіп-баптауға кіріседі. Балаша күтімді қажет ететін жеміс көшеттері де көктеммен бірге көгеріп, тіршілік бастайды. Міне, осы тұста әр бағбан кетпен-күрегін алып, бақшадағы әр талдың жағдайын жасайды. Осы мақсатта көктем шығысымен таңның атысы, кештің батысы бақшадан табылатын Адилжан ағамыз немересі Ирфанды жанына алып, бағбаншылықтың қыр-сырымен қанықтырып жүр. «Адам жанындай әр талдың да жаны бар, оларға қаншалықты жақсы күтіммен қарасаң ол соншалықты саған жемісін үйіп-төгіп, несібесін молынан береді» деп аталық ақылын айтқан Адилжан ағамыз Ирфанның болашақта осы кәсіпті жалғарына бек сенімді. Ал жан жары Роза апайымыз да отағасының қабағын бағып, қасынан табылып, бір жағынан шығып жүр. Отбасылық кәсіптің берекесі қашанда мол. Жаз айларында абрикос піскен тұста өнім жинауға ауданның азаматтарынан 150-200 жан бір ай бойы жиын-терін жұмыстарында еңбек етеді екен. Ең кемі бір адам күніге 10000 теңге табыс тауып кетеді. Тіпті отбасымен келіп, абрикос теріп, бір күнде 40-50 мың алатын жандар да бар. Бұл да болса ауданымыздағы жұмыссыз отбасыдар үшін әжептәуір табыс. Келген жұмысшыларға түскі астарын да ұйымдастырып береді. Ағамыздан құпия болмаса жылына қанша табыс табатынын сұраған едік. Еш қысылмастан ең кемі 30 миллион теңге табыс кіретінін айтты. Иә, табиғат-ана тағы да еңбек еткенге емірене несібесін беретінін дәлелдегендей. Жемістерді көбіне көрші Ресейге жөнелтеді. Өйткені ол жақта біздің аудандағыдай таза, табиғи, сапалы өнімге сұраныс мол. Шекара асатын Қарадаланың жемістері талайдың таңдайына татығанына күмән жоқ.
«Алаған қолым береген». Жаратқанның үйіп-төгіп берген несібесін Адилжан ағамыз қайырымдылыққа сарп етуден де жалықпайды екен. Бірақ онысын айтуға онша құлықсыз екенін танытты. Тек қасындағы жолдасы Алимжан Ашимов атты азамат Адилжан Аббасұлының талай мұқтаж азаматтарға қол ұшын созғанын жіпке тізді. Әсіресе аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға көп қолдау көрсетеді екен. Онсыз да тағдырдың таяғын жеген, жан жарасы жанына бататын жандарға ешқашан тартынбай қайырымдылық жасайды. Сонымен қатар ауданның намысын қорғайтын спортшыларға да қолдауын аяған емес. Жол пұлын қамдап, намысын қайрап, қаржысын беріп барынша қолдауды да өзінің азаматтық парызы санайды. Мешіттерге көмек көрсетіп, мереке сайын жарымжан жандарға жәрдем береді. Жылына кемі 1,5 миллион теңгені қайырымдылық шарасына жұмсайды. Міне, осындай жақсының жақсылығын айтқан жолдасы Алимжан ағамыз Адилжан Сайдуллаевтың нағыз қара жұмыстың, адал еңбектің адамы екенін атап өтті.
Иә, адал кәсібімен нәсібін тауып отырған Адилжан Аббасұлы бау-бақша саласындағы жаңашылдыққа да жаны жақын жан. Тіпті бірнеше рет Анталиядағы бағбандардың халықаралық семинарына да қатысқан. Онда жеміс сортын жақсарту, оларды күтіп-баптау, дәрілеу, үсіктен сақтандыру, мол өнім беруін қамтамасыз ету мәселелері қаузалған. Адилжан ағамыз осы тұста сол семинарға Алматы облысынан тек біздің ауданның бағбандары ғана делегат болып барғанын мақтана да марқая айтты. Жері ну, топырағы құнарлы біздің Қарадаланың қойнауы құт қой шіркін! Осы құтты мекенде тіршілік еткен әр жанның жерге өкпесі жоқ шығар. Өйткені тер төксе, үйіп-төгіп беретін қасиетті топырақ бұл. Тіпті тастаққа тал тігіп, содан ұшан-теңіз өнім алып, ауданның абыройын асырып отырған Адилжандай азаматтар біздің ауданда көптеп саналады.
Түркияға барған сапарларында қараөрік пен шабдалының көшеттерін де ала келген. Ондағы мақсат сапалы, тек экспортқа шығарылатын өнімді біздің жерге егіп, көбейту. Адилжан ағамыз да өз әріптестерімен әкелген көшеттерін жерсіндіріп, оны көбейтіп, бүгінде пайдаға асыруда. Тіпті түрік елінен бау-бақшаға қажетті бірнеше техниканы да алып келіп, кәдеге жаратып отыр.
Адилжан Аббасұлының Алла берген үш ұлы бар. Бүгінде ер жетіп, азамат болған балалары да жанында көмекші. Кенжесі ғана ақ халатты абзал жан болуды мақсат еткен. Бүгінде Алматы қаласында білім алуда. Ал үлкен екі ұлы отбасылық кәсіптің жілігін шағып, майын ішкен азамат болған. Бабын тауып, бақ өсіріп, жер-ананың жемісін көріп, шаңырақтарын шаттыққа кенелтіп отырған Адилжан ағамыздың ісіне жаратқанның береке беруін тіледік.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы