Қазақ – ежелден табиғатпен үйлесімде өмір сүріп, төрт түлікті өсірудің әдіс-тәсілдерін терең меңгерген халық. Көшпенді өмірге байланысты адамның ең адал серігі әрі көмекшісі ретінде итті де ерекше бағалаған. Оны жеті қазынаның бірі санаған.
Талғар ауданындағы Панфилов ауылында тұратын ұлты грек Нестер Курджиди – бала күнінен тазы өсіріп, әртүрлі жарыстарға қатысып келе жатқан саятшыл азамат. Қазір оның күтімінде бірнеше тазы бар. Оларды әбден баптап, облыс, республика деңгейінде өтетін әртүрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды алып жүр. Тіпті, жеңімпаз болған кезі де бар.
– Менің әкем Павел Петрович тазы өсіретін. Кішкентай кезімнен оның қасында жүріп, тазыны қалай күтуді, қалай баптауды, қалай тамақтандыруды – бәрін-бәрін әкемнен үйрендім. Оларға деген сүйспеншілікті де әкем бойыма сіңірді деп сеніммен айта аламын. Мен тазыны өте жақсы көремін, тіпті онымен ауырамын десем де болады. Өйткені тазы ерекше тұқым, өте ақылды, мейірімді және көрікті. Отбасында әкемнің ізін қуған тек мен ғана. Алдағы мақсатым – қолдағы тазыларымның тұқымын таза ұстап, күтіп-баптап әрі қарай дамыту, – дейді Нестер.
Менің «Қазақша тәп-тәуір сөйлейді екенсің, оны қалай үйрендің?» – деген сұрағыма ол ойланбастан:
– Мен Қазақстанда туып, өстім. Бұл – менің Отаным! Сондықтан қазақ тілін білуді азаматтық парызым санаймын, – деді.
Ал «Қазақ халқы тазыны жеті қазынаның бірі санаған, бұл басқа ұлттарда бар ма?» – деген сұрағыма:
– Естімеппін, бұл да қазақтардың өзіндік дүниетанымының бір белгісі шығар, – деп шынайы жауап берді.
– Наурыз мерекесіне байланысты не айтар едің?
– Ол – бүкілхалықтық мейрам! Күн мен түн теңеліп, Табиғат ана жаңғырып, жаңа тіршілік, жаңа өмір басталатын керемет кезең! Барша отандастарымды осы Ұлыстың Ұлы күні, жыл басы – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Елімізде әрқашан тыныштық, татулық, тұрақтылық болып, сүйікті Отанымыз ұлттық құндылықтарын сақтап, жан-жақты дами берсін деймін!
Соңғы жылдары сонау сақ заманынан бері қазақтың сән-салтанатының ерекше түрі, саятшылық өнерді дамыту мақсатында өсіріліп келген иттің тазы тұқымы жоғалып барады деген дабыл көбейді. Кейбіреулер бүкіл Қазақстандағы осы бір өте ақылды, мейірімді әрі көрікті иттің саны 500-ден аспайды десе, тағы біреулер – тазы саны аз емес, тек оларға деген қамқорлық пен күтім кемшін екенін айтады. Бұл әңгіме ел басшылығының құлағына жеткені де күмәнсіз.
2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазының ұлттық құндылық екенін айтты және оған айрықша көңіл бөлу жөнінде тапсырма берді. Сол – сол екен, тазы мен төбет сияқты қазақы ит тұқымдарын сақтау және қалпына келтіру мәселелері жөнінде арнайы жиын өтті. Ал 2023 жылдың қаңтар айында заң қабылданды. Президент ол жөнінде: «Құмай тазы – ерекше жануар, қазақтың жеті қазынасының бірі. Біз тазы мен төбетті халықаралық деңгейде кеңірек дәріптеуіміз керек. Сыртқы істер министрлігі де міндетті түрде атсалысуы қажет. Тазыға ерекше күтім, қамқорлық, кәсіби көзқарас қажет. Сол үшін арнайы заң қабылдадық», – деді.
Әрине, қазір кең байтақ еліміздің барлық өңірінде қазақы тазы бар деп айту қиын. Бірақ Нестер сияқты туған жерін, елін, оның тілі мен бүкіл ұлттық құндылықтарын жан-тәнімен сүйетін, оларды дамытуға өзіндік үлес қосқысы келетін азаматтар барда бұл ғажап қазынамыз да молаймаса, азаймайтыны анық!
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы