Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігінде ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Алматы облысы бойынша өкілі Эльбрус Сұлтанқұлов аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиынға облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Қайрат Пилалов, облыстық сот орындаушылар палатасы басшысының орынбасары Қайрат Бейсембаев, аудандық әлеуметтік қорғау бөлімінің өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер және аудан тұрғындары қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Қуат Ақшабаев жиынды ашып, жүргізіп отырды. Эльбрус Сұлтанқұлов ең әуелі қатысушыларды Наурыз мерекесімен құттықтап, адам құқықтарын қорғаудың маңыздылығына тоқталды.
– Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өкіліне адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, оларды сақтау мен құрметтеудің мемлекеттік кепілдігін қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіруге, өңірдегі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын ынталандыру және ілгерілету мақсатында мемлекеттік билік, құқық қорғау және сот органдарына жүгіну жөнінде кең өкілеттік берілген. Бүгінде еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметін қамтамасыз ету үшін Адам құқықтары жөніндегі орталық құрылды. Мемлекеттік мекеме болып саналатын бұл орталық уәкілдің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық және өзге де заңда көзделген қызметін жүзеге асыруға жәрдемдеседі, – деді Эльбрус Сұлтанқұлұлы.
Қатысушылар әлеуметтік қолдаудың, азаматтардың мүліктік құқықтарын сот орындаушылары мен коллекторлардың әрекеттерінен қорғау мәселелерін көтеріп, талқылады. Әсіресе саяжай тұрғындары ондағы тарифтердің заңсыз қымбаттауы мен өзге де өзекті проблемаларды сөз етті. Жиын соңында Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің өкілі азаматтарды жеке қабылдады.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы