Еңбекшіқазақ ауданында Наурыз мерекесіне жиналған жұрт ән мен күйге сусап, ақбөз үйлерге асығумен қатар, бүркіт пен қаршыға баптаған құсбегілердің сән-салтанатына да қызыға қарайды. Өйткені бұл ауданда құсбегіліктің өзіндік мектебі қалыптасқан.
Сөгеті ауылдық округіндегі Нұра ауылында орналасқан «Жеті қазына» құсбегілер мұражайына биыл 21 жыл. Исабековтер отбасының атсалысуымен 1997 жылы саятшылар клубы ретінде жұмысын бастаған ұжым 2003 жылы мұражай болып қайта құрылған. Көлсай, Шарын, Хантәңірін көргісі келетін саяхатшылар бұл жерге атбасын бұрмай өтпейді. Әсіресе, шетелдік қонақтар мұражайды тамсана тамашалайды.
Мұнда Әбен Тоқтасын, Сейітжан Көдекұлы сынды атақты құсбегілердің ізі қалған. Олардың ұрпағы да атакәсібін ардақтап, төл өнердің шамшырағын өшірмей келеді. Тұмса табиғаттың тілін білетін ауылдың өрендері тағы құстардың бабын табуды ерте жастан үйреніп, саятшылық өнердің алға басуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
– Құсбегілік өнер атадан балаға беріліп келе жатқан мирас, яғни, аманат. Бұрындары хандар, бектер құсбегілер ұстап, саят құрған. Айлап жүріп қызығына тоймаған. Кейінгі жарты ғасырдай уақытта бұл дәстүрден қол үзіп қалған едік. Аты аңызға айналған дана бабалар ұмыт болды. Мысалы, әйгілі құсбегі Шора баба туралы: «Аспанға ұшсам, қанатым талады, жерге қонсам, Жалайыр Шора алады», «Тінейдегі қасиет – ұялас екен сарқұспен, Шорадағы қасиет – тілдес екен бар құспен» деген сөз тараған, – дейді мұражай директоры Динара Серікбаева.
«Жеті қазына» құсбегілер мұражай ұжымының Англияға барып қазақтың саятшылық өнерін паш етіп, өзге елдің құсбегілерімен үзеңгі теңестіріп, бақ сынасқан кездері де болған. 2011 жылы дүниежүзілік венгрлер құрылтайында өзге жұртты өнерлеріне тәнті етіп қайтқаны тағы бар.
– Мажарлар: «Қазақтар Алдиярдың, мажарлар Мадиярдың баласы», – деп бауырмалдық танытып, бізді құрылтайға арнайы шақырды. Аттай қалап алдыруының басты мақсаты – ата-бабалары айналысқан құсбегілік өнерден көз жазып қалған өз елдеріне осы өнердің құпиясын үйрету еді. Құрылтайдың ашылу салтанатында венгр азаматының қолына құс қондырып, атакәсібін тірілтіп, халық игілігіне аманаттауымыз керек болды. Мұражай жетекшісі, менің туған інім Мұхамед Исабеков бұл жауапты міндетті өз мойнына алды. Хайуанаттар бағынан қаршығаны алдырып қолға үйреттік. Сын сағатта енді ғана үйретілген қаршыға венгр азаматының қолына қонбай өз бетімен ұшып кетер ме екен деген уайым да болды. Қазақстаннан келген атақты құсбегінің арқасында ата өнерімізбен қайта қауышамыз деп отырғанда халықтың сеніміне селкеу түсіреміз бе деп те алаңдадық. Мүліктің Жалайыр Шора бабасының әруағын шақырып көкке ұшырған қаршығасы қалықтап келіп межелі жеріне қонды. Осы сәтте біз де, венгр халқы да қатты тебіреніп, тіпті көзімізге жас алдық. Риза болған бауырластар қазақ еліне айрықша алғысын жаудырды. Осындай абыройлы сапардан оралған соң бұл еңбегімізді елеген ешкім болмады, – дейді Динара Серікбаева.
Мұражайға 2000-нан аса жәдігер қойылған. Қасқыр, түлкі, сілеусін, қарсақ, қоян сынды түрлі аңдардың терісінен көз тұнады. Ондағы экспонаттардың ішінде үш арланның терісі айрықша көз тартады. Бұл қасқырлар – құмай тазының олжасы. Сондай-ақ, 200-300 жылдық тарихы бар үлкен астаулар, саятшылыққа байланысты тарихи көркем суреттер көздің жауын алып, ой қозғайды. Әсіресе, Құбылай ханның саятшылыққа шыққанын бейнелеген сурет бағзы заманның баяшат өмірін елестетеді. Ойрантөбеден табылған қылыштар мен ат әбзелдері, оның ішінде үзеңгі, Албан руынан шыққан Қызылбөрік, Шағаман аталардың ұстаған берен мылтығы да көрген адамды ой тереңіне жетелейді.
«Жеті қазына» құсбегілер мұражайының ұжымы шетелдерде өткен сан салбурында еліміздің Туын биіктен желбіретіп келеді. Айталық, Францияда Наполеонның аңшылық жасаған орнына 30 мың халықты жинап, үлкен өнер көрсетіпті. Сонымен қатар Германия, Монғолия, Қырғызстан, Қытай елдерінде көрме өткізіп, қазақтың тазы, бүркітін, дәстүрімізді насихаттап, елдің ықыласына бөленген. Ұлыбритания Елшілігімен және Польша Елшілігімен тікелей жұмыс істеп, алғыс хаттарымен марапатталыпты.
Мұражай ұжымы республикалық және облыстық мәдени шараларға жиі қатысады. Биыл елімізде V дүниежүзілік көшпенділер ойынына да шақырту алыпты. Осындай ерен еңбек атқарып жүрген нұралық ұл-қыздар ата дәстүрімізді жалғастырып, ел құрметіне бөленіп келеді. Біз еркіндігін қияға самғаған қыранға теңейтін елміз. Көк еркесін ырқына көндіре білген құсбегілеріміздің де мәртебесі биіктей бергей!
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы