Наурызнама онкүндігі аясында Қонаев қалалық Мәдениет үйінде «Ұлттық киіміміз – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі» атты сән көрсетілімі өтті. Көрсетілімге мектеп, кітапхана, Мәдениет үйінің ұжымдары қатысып, ұлттық киімдерімізді паш етті.
Алғашқы болып Заречное ауылындағы орта мектеп ұжымы шығып, ұзатылатын қыздың бас киімі – сәукеленің үлгісін көрсетіп, оның жасалу жолдарымен таныстырды. Сәукеле – аса бағалы, салтанатты бас киім екеніне, оның асыл тас, маржанмен өрнектеліп, алтын жіппен әшекейленетініне, төбесінің биіктігі екі сүйем, кейде одан да биік болатынына, сырты қамқа, дүрия, торғын сияқты асыл матамен тысталып, шашақты, әшекейлі жібек матамен көмкеріліп, жерге дейін сүйретіліп тұратынына тоқталды. Сәукелеге тағылатын үкі нәзіктіктің, әсемдіктің белгісі екенін ортаға салды. Қонаев қаласындағы №3 орта мектеп ұжымы кимешекті дәріптеп, оның киесі мен қасиетін дәріптеді. Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектеп жас келін босаға аттағанда тағатын ақ жаулықтың мәні мен маңызын жеткізді. Ы.Алтынсарин атындағы №1 орта мектеп ұжымы қазақ әйелдерінің көркін кіргізер камзолды насихаттап, сонымен қатар оқушылардың мектепте қазақы оюлармен көмкерілген көк түсті камзол, жакет киюді дәстүрге айналдырғанын атап өтті. Қонаев атындағы №1 орта білім шаңырағы әйелдер тағатын әшекей бұйымдардың түрлерімен таныстырды. А.Жұбанов атындағы №5 мектебі қазақтың ежелден бергі кәделі киімі – шапанның ерекшелігін айтып, ол қалың матадан арасына жүн немесе мақта салып тігілетінін алға тартты. Сыйлы адамға шапан кигізу дәстүрі бүгінге дейін сақталғанын тілге тиек етті. Ш. Уәлиханов атындағы №2 гимназияның оқушылары мектеп формасы ретінде оюлы жакеттер тіктіріп, сабақта киіп жүргенін айтып, балалардың ұлттық киімін насихаттады. №2 орта мектептің жас мамандары ұзатылатын қыздың әнін орындап, сыңсу айту дәстүрі қазақта бұрыннан бар екенін, оны ұзатылатын қыз өз жанынан шығарып айтатынын немесе бұрыннан қалыптасқан сыңсуды ел-жұртымен қоштасарда орындайтынын жеткізді.
Шеңгелді ауылынан келген көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері, тігінші Жолдыгүл Жұмағұлова кимешекті ерекше дәріптеп, оны әрбір қазақ әйелі киюі қажеттігін алға тартты. «Анам өмірінің соңына дейін кимешек киіп өтті. Бала кезімнен киімдеріне қызығып жүрдім. Кейін қолыма ине алып, түрлі стильдегі көйлектерді, тақияларды, сәукелелерді тіге бастадым. Киім ғана емес, қыз жасауын да жасаймын. Оның ішінде махаббат, құрақ көрпесі, кішігірім көрпешелер де бар. Қыз жасауына міндетті түрде кимешек салынуы керек. Бұрын ол дәстүрімізде болған. Қазір ұмыт қалды. Тұрмысқа шыққан қыздың болашақта киер кимешегін даярлап, қыз сандығына салып беру – ананың парызы», – деді Жолдыгүл апа. Сондай-ақ, жас аналардың кимешегі қанық түсті, орта жастағы әйелдердің кимешегі солғын түсті, ал әжелердің кимешегі ешбір ою-өрнек, әшекейсіз ақ түсті болып келетінін жеткізді тігінші апа.
Шарада қазақтың кұндыз бөркі мен шапанын паш еткен Шеңгелді Мәдениет үйінің қызметкері Қайрат Жақыпов көрермендерді өнерімен тәнті етіп, қазақы дәстүрге сай бата берді. Ұлттық дәстүрімізді дәріптеген шараның көңілінен шыққанын айтып, алдағы уақытта да жалғасын тапса деген ізгі тілегін жеткізді.
Алма Есенбай,
Қонаев қаласы