Ұлыстың Ұлы күні, күн мен түн теңесіп, жыл басы саналатын, Табиғат Ана түлеп, бүкіл тіршілік жаңаратын биылғы Наурыз мерекесі бүкіл еліміздегі сияқты Талғар ауданында да ерекше тойланды. Алмалы спорт мектебінің жанындағы қалалық саябаққа жиналған жұртты облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев құттықтап, аудан халқына ізгі тілектерін жеткізді.
Әсем де жарасымды ұлттық киімдерін киген аудан, қала тұрғындары биыл Наурыз тойын әдеттегідей әкімдік алдындағы орталық алаңда емес, барша қазақтың мәртебесі іспетті асқар Алатаудың қарлы шыңдары көрініп тұратын табиғаты тамаша, айналасы кең жерде үлкен ұйымшылдықпен тойлады. Саябақ аумағына тігіліп, әдемі безендірілген 30 ақшаңқан киіз үй мереке қатысушылары мен қонақтарын қазаққа тән меймандостықпен мейірлене күтіп алды. Мерекелік салтанат 500 жас домбырашы естіген жанның құлақ құршын қандырып, еңсесін көтеретін ұлттық рухты күйлерді орындаумен басталып, тойға жиналған қалың жұртты тәнті етті. Оның соңы этномәдени бірлестіктердің шабыттана билеген ұлттық билері мен әуезді әндеріне ұласты.
Ұлыстың ұлы күні талғарлықтармен бірге болып, қуанышты бөліскен аймақ басшысы Марат Елеусізұлы аудан тұрғындарына мерекелік сәлемін жолдап, жаңа жетістіктер, ізгі істердің мол болуына тілектестігін білдірді:
– Құрметті аудан тұрғындары мен қадірлі қонақтар, Сіздерді тамаша мейрам – Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Наурыз – бұл табиғат пен адам өміріндегі барлық нәрсенің жаңару мерекесі. Биылғы жылы Президент Жарлығына сәйкес, ол ерекше және кең түрде тойланып, әрбіріміз ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді ардақтап, ұмытпауға бағытталып отыр. Талғар ауданы бүгін Наурыз мерекесін облысымыздың барлық тұрғындарымен бірге тойлай отырып, сол салт-дәстүрімізге деген адалдық пен берілгендікті, өз халқының тарихы мен мәдени мұрасын қамтығын қайталанбас музыкалық бағдарламасын көрсетіп отыр. Бұл келешекке деген нық сеніммен жан-жүрегіңді елжіретеді. Алдымызда үлкен жұмыстар тұр және Наурыз жаңаруға деген үміт мерекесі ретінде ауданның шекарасын кеңейту мен абаттандыруға бағытталған жоспарларды бірлікте жүзеге асырамыз деген үмітті нығайтуға ықпал етеді. Біз не істесек те келешек үшін, келешек жастар үшін, олардың өсіп-өркендеп, бақуатты да бақытты өмір сүруі үшін жасап жатырмыз, – деді облыс әкімі.
Талғар ауданында бүгінгі күні ондаған этнос өкілдері асқан ынтымақпен тату-тәтті өмір кешіп, өз өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, оны одан әрі мазмұнды да мәнді ету жолында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып жұмыла еңбек етіп жатқандарын айта кеткен жөн. Мерекелік шараның ашылу салтанатынан соң Марат Елеусізұлы тойға арнап тігілген қазақы киіз үйлерді аралап, аудан жұртшылығы дайындаған әртүрлі ұлттық тағамдарды, ата-бабаларымыз адамзат өркениетіне қосқан үлкен үлес саналатын ол үйлердің қалай безендірілгенін көрді. Бұлар да қазақ халқының тұрмысы мен танымын, салт-дәстүрін, жоғары адамгершілікті қонақжай қасиетін танытатын ерекше құндылықтар. Сонымен бірге қазақтың ұлттық дәстүріне сай, енді ғана тәй-тәй басып жүре бастаған балалардың тұсауын кесу ресімі өтіп, облыс және аудан әкімі олардың жарқын келешекке деген жолдарын ашып берді. Бұл да ертеден келе жатқан жақсы дәстүр. Бұрын ата-бабаларымыз ел билеген хан-сұлтандар мен батыр-бектерге, ақын-жырауларға ұлдарының, немерелерінің тұсауын кестіріп, батасын алып береді екен. Бұл да олар келешекте ел басқаратын, халқына адал қызмет ететін, әрқашан туған ұлтының ұпайын түгендеп, намысын жыртатын айтулы азамат болсын деген ізгі ниет екені сөзсіз! Бүгінгі күні біздің ата мінген азаматтарымыз ұлық болсаң – кішік бол дегендей, Ұлы Наурызды халықпен бірге тойлап, сол той үстінде балапандардың тұсауын кесіп жатыр. Бұл да жақсылықтың белгісі!
Сондай-ақ балаларға ат қою, қыз ұзату сияқты ұлттық ресімдер орындалып, ұлттық спорт ойындары мен жарыстар да жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айта кеткен артық болмас.
Жалпы Талғардағы Наурыз мерекесі биыл жақсы өтті. Халықтың да жаңару мен жаңғыруға, өзгеру мен өсуге, ынтымақ пен бірлікке деген ынтасы, құштарлығы жоғары екені анық байқалды. Ләйім, сол жаңару мен жарқын келешеке деген үміт пен сенім ұлтымызды ұлы мұраттарға бастай бергей!
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы