Бүгін Наурызнаманың онкүндігі аясында Шеңгелді ауылында ұлан ғасыр той жасалды. Ал осыдан екі күн бұрын Қонаев қаласында Наурыз мерекесі аталып өткен болатын.
Бұл күні Шеңгелдіде 5 қазақ үй тігіліп, 700 литр наурыз көже пісірілді. Концерт қойылып, ұлттық дәстүр мен ойындар ұлықталды. Балалар ләңгі теуіп, арқан тартысып, жігіттер гір тасын көтеруден жарысты. Қошқар көтерген азаматтар да бір-бірінен қалыспады. Сондай-ақ Мәдениет үйінің алаңында ұлттық әшекей бұйымдар, киімдерден көрме қойылды.
Алдымен жиылған жұртқа Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев ақ жарма тілегін айтып, шараның шымылдығын ашты.
“Баршаңызды Ұлыстың Ұлы Күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Халық санасында ежелден жыл басы саналған, елдің жадында Ұлыстың ұлы күні болып қалыптасқан Наурыз – қашан да елдік пен бірліктің, тазару мен жаңару мерекесі. Биыл төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрі қалыптасып, жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігі аталып өтуде. Әз-Наурыз баршаңызға жақсылық сыйлап, шаңырақтарыңызға құт-береке әкелсін! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!” – деді қала әкімі.
Кейіннен елдімекеннің дамуына елеулі үлес қосқан ел ағалары Шеңгелді ауылының Құрметті азаматы медалімен марапатталды, бірқатар азаматқа Құрмет грамотасы табысталды.
Шара концерттік бағдарламаға ұласты. Ел Қыдыр атадан бата алып, Ай мен күннің диалогын тамашалады, шырқалған әнге билеп, шат-шадыман күй кешті.
Қонаев қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі