Алматы облысының Талғар ауданы, Бесағаш ауылында топырақ көшті. Жағдаймен танысу үшін төтенше жағдай бооған жерге Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Талғар ауданының әкімі Танат Айдарбеков келді. Сондай-ақ оқиға орнына Алматы облысы ТЖД-нің 15 қызметкері мен 4 техникасы, ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ-нің 1 қызметкері мен 1 техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 10 қызметкері мен 2 техникасы, 2 жедел медициналық жәрдем бригадасы келіп жетті.
2024 жылғы 23 наурызда сағат 00:20-да Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Талғар ауданының Бесағаш ауылындағы «Бурабай» коттедж қалашығында ауа райының тұрақсыздығына байланысты екі күн бойы толассыз жауған жаңбыр мен қарлы жауын-шашынның нәтижесінде топырақтың батпақтанып, салдарынан таудың баурайынан екі жеке тұрғын үйдің аумағын басып қалғаны жайлы хабарлама келіп түсті. Топырақ аяқталмаған қорғаныс қоршауының арасынан өтіп, бір жеке тұрғын үйдің терезесі сынған, екінші үйдің аумағындағы уақытша құрылысқа ішінара зақым келтірген. Түскен топырақтың болжамды көлемі шамамен 500 текше метрді құрайды. Екі үйде 9 адам тұрады. Көңілге медеу болатыны – құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Оқиға орнында ТЖ бөлімінің және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері екі көшені аралады. Тұрғындар қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Оған дейін «Қазселденқорғау» қызметкерлері ескерту хабарламасын берген.
Аудан әкімі, төтенше жағдай жөніндегі комиссия төрағасы Таңат Айдарбековтың айтуынша, ақпан айының басында жардан топырақ құлап, төтенше жағдай жарияланған. Сол кезде аяқталмай қалған биіктігі 4 метр бетоннан құйылған тіреу қабырғасын толық бітіру үшін 149 миллион теңге қаржы бөлінген. Сөйтіп, «Казгидроспецстрой» компаниясы бұл жұмысты қолға алатын болған. Ол кезде әлгі терезесі сынған үйдің иесі аудан басшылары үш рет келсе де ауласына кіруге рұқсат бермей қойған. Жергілікті тұрғындардың сөзіне қарағанда, бұл үйлердің жоғары жағында, жардың үстінде орналасқан 20 шақты үйден шығатын кәріз сулары да осы жағдайдың туындауына себеп болып отыр. Ал олар өздерінде кәріз жүйесі барын, су жинақтағыш тұндырғы арқылы жерге кетпейтінін айтады. Оны арнайы шақырылған мамандар зерттейтін болады.
– Егер бұл жағдай жауын-шашынның себебінен туындаған болса – табиғи, ал жоғарыдағы жинақтағыш тұндырғыдан шығатын судың салдарынан болса – техногендік апат болып саналады. Егер табиғи болмаса біз бұған төтенше жағдай деп қаржы бөле алмаймыз. Ондай кезде кінәлілерді анықтап, сот арқылы солардан ақша өндіруге тура келеді. Ал табиғи болса, ол зерттеулердің негізінде дәлелденсе, онда қаржы бөлінеді. Бүгінгі күні біз хаттама толтырып, жардың үстінде тұрған үйді бұзу жөнінде шешім қабылдадық. Енді ертең дау-дамай болмас үшін үш жақтан – үй иесі, әкімдік және жұмысты жүргізетін компаниядан сарапшылар шақырып, үйдің бағасы шығарылып жатыр. Сонымен бірге экскаватор келіп ол үйді бұзатын болады. Өйткені, ол құлайтын болса, бір үй емес, оған қоса тағы екі үйден айырыламыз. Тұрғындардың бәрі сол түні эвакуацияланды. Мына үйдің иесі Бақыт дейтін апайға бір ай бұрын Талғардан әкімдік есебінен пәтер бердік. Мына кісілер бас тартты, қазір олар туысқандарының үйінде тұрып жатыр. Сондай-ақ үйдің бағасы мен бірге оны бұзуға, мына басып қалған топырақты шығаруға кететін шығын да толық есептелетін болады. Сөйтіп, үй бұзылып, топырақ шығарылып болған соң, ортада салынбай қалған тіреу қабырғасы тұрғызылып, арасы толық қосылатын болады. Сонымен бірге, жардың тік болмауы, қауіп келтірмеуі үшін ол сатылы болатындай жұмыс жүргізіледі. Негізі бұл жерде өткен жылы да осындай жағдай болып, тіреу қабырғасы тұрғызылған еді. Мына үйдің иесі рұқсат бермей қойып, осы тұста қабырға тұрғызылмай қалған еді. Ал ана жоғарыдағы жар үстінде тұрған апатты үйдің иесіне ТЖ бұл үйде тұруға болмайды деп хабарлама берген. Ол жарылған қабырғаларды бітеп, жақсылап жөндеу жұмыстарын жүргізеді де арзан бағаға басқа біреуге сатып кетеді. Сол сатып алған адам да жылап, бізге келіп отыр. Әрине, біз оларды далада қалдырмаймыз, жәрдем береміз. Олар үйді сатып кеткен бұрынғы иесін де сотқа беруіне болады.
Топырақ басып, терезесі сынған үйдің жанындағы Бурабай көшесі, 16-үйдің иесі Ерсайын Сауранбаев мұндай жағдай осымен төртінші рет болып жатқанын, соның екеуінде үйін топырақ басып қалғанын айтты. Оның пайымдауынша, бұл жауын-шашынның салдарынан емес, негізінен жоғарыда орналасқан үйлердің жинақтаушы тұндырғысынан шығатын кәріз сулардың себебінен болып отыр. «Өйткені көктем, күз былай тұрсын, жаңбыр аз жауатын жаздың үш айында, тіпті шілденің шіліңгір ыстығында да менің үйімнің ауласынан осы өзіндік исі бар судың ағуы тоқтаған емес. Міне көріп тұрсыздар ма, ол су мына бетоннан құйылған тіреу қабырғасын да тесіп өтіп жатыр. Ал мына су жаңбырдың суына ұқсай ма? Аула түгіл, қазір үйдің ішіндегі топырақ аяғыңды бассаң былқылдап тұр!» – деп, қабырға түбіндегі арнайы жасалған арықта ағып жатқан сарғыш түсті суды көрсетті.
– Мен бұл жерді 2013 жылы сатып алдым. Осында алғаш үй салғандардың бірімін. 2017 жылы бұл жерде екі рет осындай топырқ басып қалу жағдайы болды. Сол кезде менің есігімнің алдынан 300 текше метр, екіншісінде 250 текше метрдей топырақ шығарды. Жалпы, осымен төртінші рет топырақ басып отыр. Негізінде мұндай жерлерге үй салу қауіпті, заңға да қайшы. Бірақ біз құжаты болған соң алдық бұл жерді. Өйткені өкіметке сенеміз, құжаты болған соң бәрі дұрыс деп ойладық. Енді облыс әкімінің қабылдауына жазылып қойдым, барып барлық жағдайды, болып жатқан заңсыздықтардың бәрін айтып, көмектесуін сұрамақпын, – дейді әбден шаршап, ашуға булыққан Ерсайын.
Шынында да көптеген отандастарымыздың осындай заңсыздық, тәртіпке бағынбау, рұқсат етілмеген жерлерде берілген жер телімдеріне үй салып, әбігер болып жүргені рас. Екінші жағынан, дұрыс істі мақұлдамай, қоғамның, билік орындарының ұсыныстарын қабылдап, түсіністік танытпаудың себебінен де мұндай жағдайлар орын алып жатады. Мысалы жар үстінде бір қапталының іргетасы түгелдей дерлік ашылып, төмен қарай құлағалы тұрған үйдің иесі төтенше жағдай қызметі тұруға болмайды деп ескерткеніне қарамастан, болмашы дүниені пайда көріп, жыртығын жамап, ескірген жерін жөндеп, оны сатып алатын отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін ойламай, сатып кеткен. Бұл енді адамгершілікке жата ма?!
Ал бір үйдің иесі жер телімінің жиегінен бетоннан тіреу қабырғасын салу үшін ауласына кіруге рұқсат бермеген. Соның салдарынан ұзындығы 220 метр болуы тиіс қабырғаның тек 144 метрі ғана салынған. Топырақтың басуы дәл сол қабырға салынбай қалған тұста болған. Бұл да салғырттық, өзімшілдік, дұрыс нәрсеге құлақ аспаудан басқа ештеңе емес.
«Әр жамандықтың бір жақсылығы бар» дейді халық даналығы. Зардап шеккендерге жәрдем берілер, бірақ бұл жағдай бір үлкен мәселені ұқтырып отыр. Халық та құқықтық сауатын көтеріп, барлық іс-әрекетінің заңды, тәртіпке сай болуына барынша ынталы, мүдделі болуы керек. Ал билік ұйымдары мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін жер телімдерінің заңсыз берілуіне шектеу қойып, тәртіпті барынша нығайтуы, тұрғындардың құқықтық сауатын көтеру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс!
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы