Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін Тәңіртау етегінің ел-жұрты зор мереймен қарсы алды. Бұл күні ақтарылған ақ тілек пен жүректі жарып шыққан ыстық ықыласта шек болған жоқ. Б. Соқпақбаев атындағы Жастар саябағындағы ұлттық дәстүрге сай безендірілген бір ұя қаздың жұмыртқасындай ақшаңқан қазақ үйлердің айналасы дүбірлі думанға толды. Жеті түрлі дәмнен жасалған наурыз көженің иісі көктем лебімен ілесіп, мұрынды қытықтады. Ұлттық ойындардың да айдарынан жел есіп, желікке желік қосты.
Бір күн бұрын Аспантаулар аясынан шығып, Қонаев қаласында өткен Наурыз тойына «Хантәңірі мақтаныштары» деген атпен шерулетіп барған Райымбек ауданының ұлы көші осынау дүбірлі шарадан Тәңіртаудың қадір-қасиетін тағы да аспандатып оралған болатын. Тойға жиналған қауым облыс орталығында өткен Ұлыстың ұлы күні мерекесінен атамекеніне абырой арқалап қайтқан ұлы көшті саябақтың алдынан күн екінтіден асқан шақта зор қошеметпен қарсы алды. Жұртшылықтың алдынан жүріп өткен Райымбек батырдың заманындағы ерлік рухы бейнелейтін көрініс, қар жамылып, мұз құрсанған Тәңіртаудың сұлбасы, қасиетті шыңның төсінен түлеп ұшып, исі қазақтың мақтанышына айналған Бердібек, Мұқағали, Сағат сынды қазақ әдебиеті ақиықтарының бейнелері, аудан өнерпаздарының халық әндерін әуелеткен әуезді әуендер, оларға әр тұстан әруақты бабалардың атын шақыра атойлаған ұрандар қосылып, айналаны айналаны азан-қазан жасады. Ақ кимешекті әжелер шара табақтардан шашулар шашты.
Той келесі кезекте саябақ төріндегі сахнада жалғасты. Жиналған қауымды аудан әкімі Берік Дүйсенбаев Наурыз мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегімен алқады. Ауданның жыл ішіндегі экономикалық-әлеуметтік, мәдени жетістіктерінен қысқаша хабардар етті. Аудан халқын татулыққа, бірлікке шақырудан танбаған ақсақалдарға мен ақ жаулықты аналарға,табысты тасқындатып, молшылыққа жол ашып жүрген еңбекқор жандарға, денсаулық, мәдениет саласының қызметкерлеріне, қайырымдылық жасауды азаматтық борыш санайтын кәсіпкерлерге алғысын айтып, ыстық лебізін білдірді. Ақсақалдар алқасының төрағасы Бекболат Бірбаев, аудандық мәслихат төрағасы Самат Мүсірбаев тілек-ниеттерін арнады. Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары әсем ән, тәтті күйлерін, мың бұралған бирлерін тарту етті. Б. Мұқай атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары да той қуанышын еселеуге барын салып, қалың қауымның мерейін тасытты.
Биылғы Наурыз тойының есте қалар бір ерекшелігі қасиетті Рамазан айымен қатар келгендігінде болды. Ораза айын құрмет тұтып Ораза ұстаған жандар той қызығымен күнді батырып, киіз үйлердегі жайылған дастарханнан ауыздарын ашты. Былайғы жұртшылық та Ұлыс тойдың берекелі-мерекелі дастарханынан дәм татты. Сөйтіп, қардың көбесін сөгіп, Жер-ананың кеудесін бусандырған Ұлыстың ұлы тойы Қасиетті Тәңіртау етегінде мәнімен де, сәнімен де ұлықталды.
Жұмабек Тәліпұлы,
Райымбек ауданы