ҚР Ұлттық экономика минстрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті өткен жылы 13, биыл жыл басынан бері 2 құқық бұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде өткен жылы 72 млн теңге айыппұл салынса, 2024 жылы айыппұл мөлшері 762 440 теңгені құрады.
Аталған департамент басшысы Барлық Төрехановтың сөзіне сүйенсек, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы жүйелі түрде іске асуда.
Бүгінгі күні Алматы облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаменті мен басқармасының бірлескен бұйрығымен 2022-2026 жылдарға арналған «Қонаев су арнасы» МКК жалпы сомасы 1,3 млрд. теңгеге инвестициялық бағдарлама бекітілді. Алдағы таңда 42,6 км желіні жөндеуден өткізу көзделген, ақаулар қалпына келсе, су желілерінің тозуы 80 пайыздан 67 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Сонымен қатар, тарифті ұлғайту есебінен 168,4 млн.теңгеге «Талғар су» МКК үшін де инвестициялық бағдарлама айқындалды. Жоспар жүзеге асқан жағдайда, 16 км су желісі жөнделіп, желілердің тозу деңгейі 21 пайызға дейін азаяды деп күтілуе. Дәл осы бағыттағы жұмыстар «Қаскелең» ЖШС-мен жалғасын таппақ. Спикердің айтуынша, жалпы сомасы 12 млн теңгенің инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Бұл ауданда 4 км желіні жөндеу, желілердің тозуын 43,12-ден 38 пайызға төмендетуге мүмкіндік бермек.
Естеріңізге саламыз, 2023 жылдың қазан айынан бастап бекітілген инвестициялық бағдарлама шеңберінде тариф енгізілген болатын.
Баспасөз мәслихаты барысында департамент басшысы тарифтің өсу себебіне тоқталды.
«Электр энергиясы құнының және экономикалық қызмет түрлері бойынша жалдамалы қызметкерлердің орташа айлық жалақысының өндірістік персоналда 10,69 пайызға, әкімшілік персоналда 35,72 пайызға ұлғаюы тарифтің өсуіне басты себебі», – деді Барлық Төреханов.
Жалпы алғанда, ҚР Ұлттық экономика минстрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті 5 бағыт бойынша мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Мәселен, 2023 жылы 124 қызмет түрі көрсетілген. Департаменттің қызметіне табиғи монополиялар субъектілеріне, сондай-ақ ерекше маңызды нарық субъектілеріне табиғи монополиялар туралы заңнаманың және Кәсіпкерлік кодекстің сақталуына тексеру жүргізу кіреді.
«Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңын және Тарифтердi қалыптастыру қағидаларына сәйкес субъект жыл сайын, уәкілетті органның ведомствосына бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы есепті ұсынады. Осылайша, 2022 жылғы есептерге талдау жүргізу барысында 26 субъектіге 36 уақытша өтемдік тариф енгізілді.
Еске саламыз, былтыр монополист базасы бойынша тариф пен тарифтік сметаны бекітуге 387 өтінім келіп түсті, оның 188-нен бас тартылды, 80 өтінім кері қайтарылды, сондай-ақ 115-і бекітілді.
Алматы облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі