Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі аясында Қаскелең қаласында орналасқан Сулейман Демирел университетінің (SDU) аумағында жаңа оқу корпусының іргетасын құю рәсімі өтті. Ғимарат «Freedom Шапағат» қайырымдылық қорының бастамасымен «Freedom Holding Corp» холдингінің қаражатына салынбақшы. Салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.
Жиылған жұртшылық алдында алғашқы болып сөз алған университет ректоры Әлімжан Игенбаев оқу орнының сегіз мыңға жуық студенті мен 428 профессорлық-оқытушылық құрамы атынан облыс әкімдігі мен инвесторларға аталған жобаға қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдірді.
– Бүгінгі таңда елімізге жаңа формациядағы мамандар аса қажет, – деді ол өз сөзінде. – Уақыт біздің алдымызға тың талаптар қойып отыр. Жедел дамып жатқан қоғамда қауіп-қатерлер мен сұраныстарға уақытылы үн қататын менеджерлер дайындау міндеті күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда SDU University Қазақстандағы ағылшын тілінде білім беретін бірегей оқу орны екенін айта кету керек. Мұнда 27 жылдан бері IT, инженерия, педагогика, құқық, әлеуметтік ғылымдар мен бизнес саласына қажетті жоғары білікті мамандар даярлау жүзеге асырылып келеді. Алдағы болашақта халықаралық әріптестермен, академиялық оқу орындарымен және бизнес өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз.
Осыдан кейін сөз алған облыс әкімі Марат Елеусізұлы салтанатты шараға жиналған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтап, білім беру саласында аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға, SDU University аясында жүзеге асырылатын жаңа жобаға тоқталып өтті.
– Кез келген мемлекеттің болашағы – жастар дейтін болсақ, Алматы облысын дамытудың стратегиялық жоспарын жүзеге асыратын да сол жастар екені ақиқат, – деді ол. – Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өлкемізге келгенде Қонаев қаласы ғылым мен білім бағытындағы бастамаларды қолдау арқылы студенттер қалашығына айналу қажеттігін атап айтқан болатын. Жоғары оқу орындарын қалыптастырып, оған жастарды тарту аймақ тұрғындарының жасаруы мен дамуына ықпал ететіні белгілі. Осы орайда Сулейман Демирел университетінің көшбасшылық қызметін ерекшелеп айтуға болады.
Өткен жылы Алматы облысының жастар саясатын жүзеге асыратын жаңа басқарма жасақталды. Себебі облыс тұрғындарының 30 пайыздан астамын 35 жасқа дейінгі азаматтар құрап отыр. Жастар мәселесін шешуге бағытталған екі жылдық жоспар жасалып, жүзеге асырылуда. Бұл саясат алдағы уақытта да әкімдіктің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Аталған жобаның қалай басталғаны және неліктен SDU University таңдалып алынғаны жайлы «Freedom Holding Corp» компаниясының атқарушы директоры Тимур Турлов баяндап берді. Ол университеттің Алматы облысындағы жалғыз жоғары оқу орны болуымен қатар, Қазақстандағы жетекші рөліне де тоқталып өтті.
Құны 1,8 млрд теңге болатын құрылыс 5632 шаршы метр аумақты қамтиды. 4 қабатты ғимаратта 17 офис, 12 студенттік аудитория, қаржылық сауаттылықты арттыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мақсатында бірегей үлгідегі заманауи зертханалар ашылмақ. Бұл жастарға теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Бір мың студент білім алатын ғимарат биылғы жылдың соңына дейін салынып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Жаңа кампуста қаржылық сауаттылықты жетілдіруге арналған интерактивті орталық жұмыс істейтін болады. Білім алушылар «Freedom Akademy» мамандары мен сарапшыларынан инвестициялау мен дамудың озық үлгілерін оқып, үйренеді. Жаңа ғимаратта түрлі конференциялар мен семинарлар өткізуге лайықты жиынжайлар жасақтау да жобаға енгізілген.
SDU University – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында негізі қаланған еліміздегі іргелі оқу орны. Мұнда студенттер саны мен білім беру бағдарламасының артуына байланысты университет аумағында қосымша ғимарат салу уақыт талабынан туындағаны ақиқат. Ал жастардың білім алуына салынған қаржы – инвестицияның ең тиімді түрі екенін ескерер болсақ, басталған игі шара болашақта еселеп қайтып, мемлекетіміздің гүлденуіне өз үлесін қосады деп сенгіміз келеді.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы