Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытай Халық Республикасынан келген инвесторлармен кездесті. Басқосу барысында Қытай сауда және өнеркәсіп федерациясының тұрақты комиссия мүшесі Луан Лисинь сөз алып, Қазақстанға екі елдің ынтымағын арттырып, іскерлік байланыс орнату үшін келгенін жеткізді. Осы орайда Алматыға жақын маңдағы облысқа қарайтын аумақтан мәдениет орталығын салсақ деген ойын алға тартты.
– Үшқабатты ғимарат салу ойымызда бар. Ол әрі мәдени, әрі сауда, әрі саяхат орталығы болмақ. Онда азық-түлік, киім-кешек, басқа да заттар сатылады. Оның жанынан бұқараға арналған қонақүй немесе жатақхана тұрғызбақпыз. Үрімжіде осындай үлкен мәдени-сауда орталығы жұмыс істейді. Ол әрі саяхат аумағы болып есептеледі. Онда такси компаниялары да қызмет көрсетеді. Үрімжіге барып сауда істеймін деген жандар болса, сол жерден орын береміз. Қазақстанның өнімдерін Үрімжіге апарып, сол сауда орталығына шығару жоспарланған. Сонымен қатар картоп өңдейтін зауыт, күн, жел стансаларын салсақ деген де ұсыныс айтпақпыз, – деді Қытай өкілі.
Бұған орай аймақ басшысы Марат Елеусізұлы:
– Заманауи сауда орталығын салу қажет-ақ. Халық саны көп облысымызда сауда орталықтары жақсы дамиды деп ойлаймын. Бірақ ол үшін Алматы маңынан жер беру мәселесі қиындау. Қонаевқа жақындау болса мемлекеттік қордан жер қарастыруға болады. Алматы маңында облысқа қарасты жекеменшіктегі жерлер болса, олармен келісімге келуге ықпал етеміз. Жалпы, Алматы облысының жері кең. Халық көп шоғырланған Қаскелең, Талғар, Есік қалалары бар. Талғардан да сауда орталығын ашуға мүмкіндік мол. Ал картоп зауытын салу туралы ұсынысыңызды толықтай қолдаймыз. Ең көп картоп алқаптары Райымбек, Кеген аудандарында орын тепкен. Бір айта кетерлігі, ол аймақтан саяхатшыларға арналған жол ашылады. Еңбекшіқазақ ауданында да суармалы жерлер көп. Картоп өсіруге қолайлы. Көрші қырғыз елінде де картоп көп өсіріледі. Облысымыз арқылы оны тасымалдауға мүмкіндік бар, – деді.
Қытайлық инвесторлар Райымбек, Ұйғыр аудандарында болып, картоп өсіру жайымен танысқанын, алайда ондағы картоп сорты өңдеу талабына сай келмейтінін, ол үшін басқа түрін өсіру керектігін айтты. Бұған орай облыс әкімі шаруашылықтармен келісіп, қандай тұқым керек, соны егуге болатынын тілге тиек етті. «Екі жылда картоптың жаңа сортыегіліп, өсіп, дайын болғанға дейін сіздерге жаңа зауыттың іргетасын қалап, аяқтауға мүмкіндік бар», – деді облыс әкімі.
Өз сөзінде облыс әкімі күн, желстансалары жұмыс істеп жатқанын, алайда кеңейтуге болатынын айтып өтті. Бұл мәселені ары қарай пысықтау үшін басқармалармен тығыз жұмыс істеп, нақты іс жоспары белгілі болған соң келісімшартқа қол қойылатынын жеткізді.
Алма Есенбай,
Қонаев қаласы