Қасиетті қара домбыраның қалпын бұзбай, қоңыр үнін сақтап шеберлікпен жасау – он саусағынан өнер тамған қолөнер иелеріне тән жұмыс. Кеген ауданы Тасашы ауылының тұрғыны Еркебұлан Уәлиев арғы атадан мирас болған осынау өнерді өзіне серік еткен.
Еркебұлан мектеп қабырғасында жүріп-ақ ағаштан түрлі бұйымдарды ойып жасай бастайды. Қылқаламмен сурет салуға да қызығады. 2007 жылы орта мектепті бітірген соң Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің көркемсурет факультетіне оқуға түседі. Сәндік қолданбалы өнер мамандығын бітіріп, алғашқы еңбек жолын «DalaSazy» компаниясынан бастайды. Мұнда ол ұлттық музыкалық аспаптар жасаудың қыры мен сырына қанығады. Шеберлігін шыңдайды. 2018 жылдан бастап жеке шеберханасын ашып, бүгінгі күнге дейін домбыра және ұлттық қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысып келеді.
2013 жылы «Үкілі домбыра» байқауының дипломанты, 2015 жылы Малайзияда өткен «Royal Selancor» school of Hard knocks фестивалінің жүлдегері, «Шебер – 2015» VII-ші қолөнершілер байқауының, 2018 жылы «Аңыз домбыра» II республикалық шеберлер байқауының жүлдегері, 2023 жылы «Пернесінен сөйлейді ұлы дала» атты республикалық байқауының жеңімпазы атанды.
Қазіргі таңда шебердің жасаған домбыралары ақындар – Еркебұлан Қайназар, Мейірбек Сұлтанхан, Айнұр Тұрсынбаева мен Айбек Қалиевтің және эстрада әншілері – Ғалымжан Жолдасбай, Ақылбек Жеменей, Айқын Төлепберген, Роза Әлқожа, Төреғали Төреәлімен Нұрлан Еспановтың қолында жүр.
Он саусағынан өнер тамған шебердің басты кәсібі – домбыра жасау. Оған Тянь-Шань шыршасы, үйеңкі, қайың, полесандра ағаш¬тарын пайдаланады. Қолынан шыққан аспаптары өте сапалы.
– Күйшінің көкірегінен төгіл¬ген күйге қанат бітіретін ол – домбыра. Сондықтан жүрек қылын шертетін үн шығу үшін оны талапқа сай жасау керек. Қолөнерші міндетті түрде домбыраны жақсы шерте білуі керек. Əйтпесе, ол домбыраны мың жерден көркем жасағанымен, жанын түсіне алмайды. Сол себепті, музыкалық жағынан сауаты мықты болуы қажет, – дейді шебер.
Еркебұлан бүгінге дейін мыңнан астам домбыра жасаған. Ол көрген, білгенін шәкірттеріне үйретуде. Ұлттық құндылықты жаңғыр¬тып, қолөнерді дәріптейтін шебер¬лердің өлмес өнері кейінгі ұрпаққа үлгі болмақ.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы