Былтыр Қонаев қаласының Бас жоспары бекітілгені белгілі. Аталған құжатқа сәйкес, 10 көше күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Қатарында Алматы, Вивальди, Абай, Әуезов, Железнодорожная, Сидранская көшелері, Қарлығаш ықшам ауданындағы 3 көше мен «Алтын алма» саяжайының көшесі бар. Бүгінде барлығының жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған соң бюджеттен қаражат бөлініп, мердігер компания анықталмақ.
Бұдан бөлек, Сейфуллин көшесі кеңейтіліп жатыр. Жоба 2023-2024 жылдарға арналған. Ұзындығы 5 шақырымнан астам көшенің ені 15 метрге ұлғайтылды. Жолдың басым бөлігіне 2 қабат асфальт төселді. Тротуар мен веложүргізушілерге арналған жол жасалып жатыр. Көше бойына ақылды шамдар орнатылды. Биылға жоспарланған жұмыстар басталды. Аялдамалар қойылып, көше абаттандырылады. Күрделі жөндеуден өтетін 10 көше Сейфуллин көшесі сияқты кеңейтіледі.
Сондай-ақ 8-10 ықшам ауданның жолы күрделі жөндеуден өтуде. Мердігер – «Асар строй» ЖШС. Жоба бойынша көшенің ұзындығы – 14 шақырым.
Қаладағы ойық-шұңқырлы жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізу үшін конкурс жарияланып, мердігер компания анықталды. Жөндеу жұмыстары 30-31 наурыздан басталады.
«Ақылды қала» тұжырымдамасына сай, шаһар көшелеріне «ақылды» 18 бағдаршам және арнайы бағдарламамен реттелетін жаяу жүргіншілер өткелі салынады. 2025 жылы да жалғасатын бұл жобаға Алматы облысының автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы тапсырыс берген.
Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі