Қонаев қаласында облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХVІІІ сессия отырысы өтті. Сессияны облыстық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Ерік Әбитов ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Төлебекованың баяндамасы тыңдалды. Одан кейін Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 163-бабының 2-тармағына сәйкес, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау мәселесі қаралды.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков «Алматы облысындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебін ұйымдастыру және пайдалану арқылы жаппай балалар спорт түрлерін дамыту» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдауды сұрады. Ерболат Сарабекұлы 2024-2033 жылдарға арналған 11,266 млрд теңгені құрайтын жоба аясында Іле ауданында баскетбол, стритбол, гандбол, үстел теннисі, стендтік ату, оқ ату, жүзу, велосипед спорты, семсерлесу және садақ ату спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін ұйымдастыру және пайдалану, 73 жаңа жұмыс орнын құру қарастырылатынын айтты. Мұндай жобаның мемлекеттікжекешелік әріптестік тетігін пайдалану шартының бүкіл қолданылу мерзімі ішінде ортақ төлемдер арқылы бюджетке түсетін жүктемені азайтуға септігі тиетініне халық қалаулыларының назарын аударды.
Келесі кезекте сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова ҚР Премерь-министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 26 шілдедегі №312 бұйрығымен «Облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы көші-қон процестерін реттеудің үлгілік қағидалары» бекітілгенін айтты. Баяндамашы осыған байланысты жергілікті атқару органдарының бұрын бекітілген нормативтік актілерді сәйкестендіру бойынша жұмыс жүргізу қажет екенін алға тарта сөйледі. Аталған бұйрық пен «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзінөзі басқару туралы» Заңның 6-бабына сәйкес, басқармаға бекітуге енгізілетін облыстық мәслихаттың «Алматы облысындағы көші-қон процестерін реттеу қағидалары» жобасын ұсынды. Сонымен қатар, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаев баяндама жасады.
Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылаған депутаттар «Алматы облысындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебін ұйымдастыру және пайдалану арқылы жаппай балалар спорт түрлерін дамыту» мемлекеттікжекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылдау, «Алматы облысындағы көші-қон процестерін реттеу қағидаларын бекіту туралы» Алматы облыстық мәслихатының 2017 жылғы 15 желтоқсандағы № 26-129 шешімінің күшін жою, облыстағы көші-қон процестерін реттеу қағидаларын және 2024-2028 жылдарға арналған қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін бекіту туралы шешім қабылдады.
Одан әрі жалғасқан сессия отырысында облыстық мәслихат төрағасы Талғат Байеділовтің Еңбекшіқазақ ауданының әкімі лауазымына тағайындалуына байланысты өкiлеттік мерзімі тоқтатылып, облыстық мәслихат төрағалығына Қуат Байғожаевтың кандидатурасы ұсынылды. Сайлауды ашық дауыс беру арқылы өткізуді қолдаған халық қалаулылары ұсынылған үміткерді бірауыздан мақұлдады.
Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғат Байеділов пен Қуат Байғожаевтың бір жыл ішінде атқарған жұмыстарына баға беріп, жаңа лауазымда атқаратын қызметтеріне табыс тіледі.
Таңжарық Бақтыбайұлы,
Қонаев қаласы