Қасиетті Хантәңірі етегіндегі Текес ауылында жасы 102-ге келген Нүсіпжан Үстенов дейтін қарт тұрады. Саналы ғұмырын денсаулық саласына арнаған қарияның жалғанның жарығынан көргені көп, көңілге түйгені мол. Көкірегі шежіре-сырға толы.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай қарияға амандаса барып, өркенді өмірі, ғибратты ғұмырына қаныққанымыз бар. Жасы жүзден асты дейтіндей емес, қимылы ширақ. Еңселі келген дене бітімі шөге қоймаған.
Ақ күмістей сақалы кеудесіне құйылып, қазыналы қариялықтың белгісін молынан аңғартады. Өмірінің ширек ғасырға тарта уақыты қиыр жайлап, шет қонған малшы қауымының денсаулығына қызмет етумен өткен қарттың тереңнен тартатын әңгімесі де әсерлі. Тыңдаған сайын көңіл көкжиегін көкке самғатады.
Өзінің айтуы бойынша, Нүсіпжан қария 1922 жылы Кеген өңірінде туыпты. Әкесі Үстен киіз үйдің сүйектерін жасайтын ағаш шебері әрі етік тігетін ісмер екен. Анасы үй ішіндегі тірліктің қамымен күн өткізген, дидарынан шуақ шашылған мейірімді жан болыпты. Жиырмасыншы жылдардың аласапыраны осы бір қарапайым отбасына да тыныштық бермей, Қытайға қашуға мәжбүр еткен. Бір үйдің қолғанатына жарап қалған Нүсіпжан 3-сыныпты бітірген соң күнкөрістің қамымен оқумен де, балалық балдәуренмен де ерте қоштасып, шаруаға араласқан. 16-17 жасында Шолақтерек, Шекірті деген жерлерде байларға жалданып, жылқы, қой бағыпты. 1940 жылдары атақты Шығыс Түркістан армиясына алынып, Гоминдаң өкіметіне қарсы көтерілген азаттық қозғалысына қатысқан. Қолына қару алып, ұлт бостандығы үшін болған ұрыстың бел ортасынан табылыпты.
– Менің адам емдеу ісіне машықтануым осы жан алып, жан беріскен майдан өтінде басталды. Оқ тиіп, қылыш кесіп жараланған әскерлерді белгілі орынға жеткізу бойы ұзын, ірі денелі жігіттерге жүктелетін. Солардың қатарында мен де бар едім. Сөйтіп жүріп емдеу құралдарын пайдаланып, денедегі оқты алу, ине құю, қан қысымын анықтау, тамыр ұстау сияқты ем-шараларды үйрендім. Денсаулық саласында арнайы оқуым болмаса да, оқ пен оттың ортасында жүріп жинақтаған тәжірибем, дәрігерлердің адам емдеуге болады деп берген рұқсат қағазы өміріме сенімді серік болды, – дейді қария.
Қытайда 10 жылдан аса дәрігерлік қызмет атқарып, 1962 жылы отбасымен атамекеніне оралған Нүсіпжан алғаш аудан орталығы Нарынқолға орналасыпты. Текес өзенінің төменгі сағасындағы су электр стансасына қатардағы жұмысшы болып қабылданып, қарапайымдылығы әрі еңбекқорлығымен ортасына сыйласымды көзқарас қалыптастырыпты. Балаларының алды мектеп жасына таянған соң, тоғыз жолдың торабындағы Текес ауылына түпкілікті қоныс аударған. Қытайдағы дәрігерлердің берген қағазы бар емес пе? Күндердің күнінде осы қағазды алып, Алматыдағы сол тұстағы Денсаулық сақтау министрінің қабылдауына кіреді. Қағазымен танысып, жағдайына қаныққан министр бұған үлкен сенім артып, өзі тұрып жатқан ауылдағы ұжымшар малшыларының денсаулығын қадағалайтын орта буынды дәрігер (фельдшер) деген жолдама беріп, жұмысына сәттілік тілепті.
Нүсіпжан Үстенов сол күннен 1982 жылы зейнетке шыққанша аттан түскен жоқ. Өзіне жүктелген жауапкершілігі зор мамандықты абыройлы борышы санады. Үнемі малшы қауымның ортасынан табылды. Кәсібін міндет етіп, басшылардан автокөлік талап еткен де жоқ. Колхоздың берген мініс атына екі басы дәріге толы былғары қоржынды бөктеріп алып, аспантаудың сай-саласы мен қойнау-қуысын, құз-қиясын құтты қоныс еткен малшыларды жазы-қысы күн құрғатпай аралаумен болды.
Ауруға шипа, дертке дауа таба білген мінезі жұғымды Нүсіпжандай емшіні малшы қауымы да ықыластана күтіп, құрмет тұтты. Алғыстарын жаудырып, ризашылықтарын білдіруден айныған жоқ. Сол тұста Нүсікеңнің ем-домына жүгінбеген адам кемде-кем шығар. Қарияның ұзақ жылғы еңбегі орынды бағаланды. Бүгінде асыл жары Ажарқан Қосабаева екеуі немере мен шөберелердің қызығына кенеліп, Алланың көрсеткен жақсылығына шүкіршілік етіп отырған жайлары бар. Ұл-қыздарының өзі бір-бір шаңырақтың ата-әжесіне айналған. Бірі – ғасырдан асып, бірі – тоқсанға таяп отырған қос қарияның күтімі кенже ұлы Серік пен келіні Тұрсынкүлдің қолдарында. Баптарын тауып, бастарынан құс ұшырмай отырған бала-келініне қариялардың айтар алғысы көп.
Нүсіпжан ата келесі кезекте әңгіме желісін Наурыз мерекесіне деген ақ тілекке жалғады. Заманға, қоғамға, елжұртқа батасын арнады:
– Ұлыстың ұлы күні – Наурыз құтты болсын! Аспан асты, жер үсті нұрлы шуаққа толсын! Заман тыныш, елдің көргені береке мен ырыс болсын! Жаманшылық келмесін, қайғы бұлты төнбесін! Ұрпақ ұрпаққа жалғасып, еш жамандық көрмесін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Әр шаңыраққа бақыт пен шаттық орнасын, Қызыр бабам қолдасын! – деген аталы да баталы сөзі көңілімізге қанат бітіргендей сезімге бөленіп, алдынан арқаланып қайттық.
Жұмабек Тұрдиев,
Райымбек ауданы