Талғар ауданы Қайнар ауылдық округіне қарасты Жалқамыс ауылы туралы толғасақ, өзіндік жыры да, айтар арыз-шағымы да, мезі қылған мәселелері де бір өзіне жетіп-артылады. Бір кездері Ауылшаруашылық институтының мал бордақылау бағытындағы өндірістік-тәжірибелік учаскесі болған шағын ауыл еді. Бұл күнде жер алып, үй салушылардың көбеюінің арқасында 7 мыңның үстінде тұрғыны бар ауқымды елдімекенге айналған. Көптеген ауылдардағыдай, мұнда да жол, көше, жарық, су, интернет, қалаға қатынау сияқты сан түрлі мәселе бар. Ауызды қу шөппен сүрткеніміз артық болар, осы күнде біршама шаруасы шешімін тауып та жатыр. Әсіресе, облысымыз бөлініп, әкімшілік-аумақтық бағыныс шекарасы айқындалғалы бері жолаушы тасымалы, ауылдың электр қуатымен қамтамасыз етілуі, көшелерге шамдар орнатылуы сияқты бірқатар мәселелер реттелді.
Осы аптаның басында «Жалқамыс ауылында Талғар аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Мақсұт Омарбаевпен кездесу өтеді және ол кісінің қасында аудандық әкімдіктің басшылығы болады» деген хабарлама тараған болатын. Ауыл халқы «мәселемізді айтамыз» деп қуанып қалған еді. Алайда үміткерге еріп келген аудандық мәслихат төрағасы Мұхит Әлібеков әуел баста ақпараттың берілуінде орындаушылар тарапынан қателік кеткенін айтып, халықты сабырға шақырды. Өйткені төрағаның айтуынша, үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасымен сайлаушыларды таныстыру үшін ел аралаған кезде ондай құзырлы лауазым иелерінің еріп жүруі – заңға қайшы. Сол себептен келе алмаған аталған лауазым иелерімен ауыл тұрғындарының кездесуін депутаттыққа үміткерлердің сайлау додасы аяқталғаннан кейін алдын ала хабарлап, жүздестіруге уәде берді. Сонымен қатар, халық құлақтанып қалғандықтан, айтсақ деген арыз-өтініштері мен шағымдарын тыңдап, қай бағытта не істеліп жатқанынан мағлұмат беру үшін Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Есенбаевты ерте келгенін айтты.
Жиын басында мерекемен құттықтаған аудандық мәслихат төрағасы үміткер Мақсұт Омарбаевпен таныстырып, сөз кезегін кандидатқа берді. Мақсұт Қасымбекұлы халық қалаулысы болған жағдайда қандай шаруаларға мұрындық болып, қандай істерді қолға алмақшы екендігі жөнінде мәлімет беріп, сайлауалды бағдарламасынан хабардар етті. Аудандық мәслихат төрағасы содан кейін үміткердің жиналыстан кете беруіне халықтан рұқсат сұрап, жиынды ары қарай жалғайық деген ұсыныс тастады.
Сөз кезегін шыдамсыздана күтіп тұрған халық ауыл әкіміне сұрақты қарша боратты. Алайда лауазымдық орынға сайланғанына жарты жыл енді болған Нұрбол Ерікұлынан үлкен нәтиже күтуге ертерек екені айтпаса да түсінікті. Дей тұрғанмен, өзі бұрын орынбасар болған кезден бері ауылмен жақсы таныс болып үлгерген әкімнің осы қысқа уақыттың ішінде атқарған бірқатар шаруаларын тұрғындардың өздері де мойындап жатты. Әрине, алда шешімін күткен жолдарды тегістеу, шеткі көшелерге жарық тарту, 80-ге тарта ауыл көшелеріне бюджеттік жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен тас төсету, көптеген үйлердің бір трансформаторға нормадан тыс артылып қойылғаны және оларды тарқатып, трансформаторлармен жеткілікті түрде қамтамасыз ету сияқты қат-қабат шаруа тұр. Ауыл әкімі сол себептен тұрғындарға қолға енді алынып, шешілгелі жатқан істерге түсіністікпен және сабырлылықпен қарауды өтінді.
Әкімнің келтірген мәліметтеріне қарағанда, ауылдағы 80 көшенің 40 көшесіне әлі тас-құм төселмеген. Ауылдың жаңа құрылыс бөлігінің алды 2000 жылдары басталса, соңы 2018-2019 жылдары орналаса бастаған. Тұтастай алғанда, округ құрамына кіретін ауылдарда 337 көше бар. Әрине, бәріне тас төсеу керек. Ешқайсысы да бөлініп-жарылып жатқан жоқ. Әкім өз тарапынан құжаттар пакетін жасап, дайындап, сметаны береді. Қанша қаражат берілетінін мәслихат шешеді. Ал бөлінген қаржыны округтің елдімекендеріне бөледі. Нұрбол Ерікұлы: «Атқарып жатқан жұмысымның барлығын әлеуметтік желілерге салып отырамын. Жалпыға ортақ желі болғандықтан, «Whatsаpp» желісіне тек жұмыстан кейінгі уақытта қосылып, қойылған сұрақтарға жауап жазамын. Оның өзіне кешкі алты жарымнан бастап, сегіз жарым-тоғызға дейін 3-4 сағат уақытым кетеді. Өзіме қарасты ауылдар бойынша бір басымда 32 «Whatsаpp» тобы бар. Мүмкіндігім келгенінше барлығына жауап беруге тырысамын. Көшелердің жолдарына келсек, былтыр үш шақырым жасалғанын білесіздер. Биылғы бюджет бөлінді. Қазіргі таңда С. Датұлы көшесіне 1 шақырым 900 метрге балласт төселді. Биылға 8 көшеге сұраным берілді. Оның 5-еуі – 200-300 метрлік қысқа көшелер. Ал Ақсай көшесі 1 шақырым 300 метрді құрайды. Мәслихаттың жыл басындағы бюджеті 20 қаңтарда бекітілді. Бірақ конкурс деген бар. Ол 45 күнге созылады. Компаниялар ұтады. Одан кейін шағымдану деген болады. Қаржылық бақылау жасалып, заңдылығы, техникалық әлеуеті тексеріледі. 3 жарым шақырымдай жерге жарықтандыру желісі тартылды. Соған 145 бағана бөлініп, орнатылды. Тағы бір айта кетейін дегенім, осы жексенбі күні босаған депутаттардың орнына аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлерді сайлау өтеді. Ауылда 18 жасқа толған 1500 сайлаушы тіркелген. Немкеттілікке салынбай, өз дауыстарыңызды беріңіздер!
Бүгінде сұраным бойынша бөлінген 13 аялдама округтің, 10 аялдама ауданның бюджетіне жатады. Сондай-ақ бөлінген 200 баған бір ғана ауылға берілмейді. Округ бойынша таратылады», – деп бірқатар жайттан халықты хабардар етті. Жиында тұрғындар ит мәселесін көтерді. Әкімнің айтуынша, ұсталған иттердің қарғыбауы бар. Демек, барлығының да иелері бар. Ветеринарлық станса қызметкерлері аптасына екі рет ауылдарды аралайды. Мамандарға жазбаша түрде өтінім берілсе, иесіз иттерді ұстап әкетеді. Сонымен қоса, халық жайылымдық жер мәселесін де ортаға тастады. Заңдағы қайшылықтарды тілге тиек етті. Айтуларынша, бұрынғы заңда жер сұрап барса, мал бар ма деп сұраушы еді, енді мал пайда болған кезде жер жекенікі деп шығады. «Анда барсаң – анданақ, мында барсаң – монданақ». «Осыны қалай шешіп бересіздер?» деген сұрақ қойылды. Сондай-ақ ораза бітісімен өткізбек болып отырған Наурыз мерекесін атап өту шарасына әкімдік тарапынан көмек сұралды. Жиналыстың қорытындысын шығарған аудандық мәслихат төрағасы Мұхит Әлібеков ендігі кездесуді депутат сайлауынан соң күту керектігін ескертті. Өйткені, шешілуі бүгін-ертеңге тірелмесе де, жоспарға енгізілген жұмыс баршылық.
Бейбіт Мекеев,
Талғар ауданы