Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірімізге арнайы келген Қытай Халық Республикасы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының делегациясымен кездесті. Басқосу барысында экономиканың түрлі саласы бойынша екіжақты әріптестік мәселесі сөз болды.
Алғашқы болып сөз бастаған аймақ басшысы делегацияның Астанада ел Президентінің қабылдауында болғанын атап өтіп, Қазақстанның көршілес жатқан Қытай елімен экономикалық, мәдени тұрғыда тығыз байланыста екенін жеткізді. – Осыдан 11 жыл бұрын елордамыз – Астана қаласында Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзинь Пин ұсынған «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жүзеге асыруда Алматы облысының рөлі ерекше. Географиялық тұрғыда да өңірдің өнеркәсіптік және транспорттық хаб ретінде даму мүмкіндігі жоғары. Өткен жылы қазан айында Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылып, екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін берілді. Бұл ретте Алматы облысы мен ШыңжаңҰйғыр автономиясының жасалған келісімді іске асыруда толықтай мүмкіндігі жетерлік, әлеуеті жоғары. Оның айғағы, өткен жылғы Алматы облысының Қытаймен сауда айналым көлемі 1,1 млрд АҚШ долларын құрады. Осы орайда екі ел арасындағы халықаралық қатынастарды нығайту аясында Алматы облысында жүзеге асып жатқан, жоспарланған және инвестицияны талап ететін бірқатар жобалардың бар екенін атап өткім келеді. Өткен жылы облыс әкімдігі өкілдерінің Үрімші қаласына жұмыс сапары барысында 15 меморандумға қол қойылды. Оның ішінде, 2 жоба іске қосылса, 1-еуі жобалау сатысында, – деді облыс әкімі.
Келесі кезекте сөз Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Қытай коммунистік партия комитеті хатшысының орынбасары, ШҰАА Халық үкіметінің төрағасы Эркин Туниязға берілді. Ол бірінші кезекте қазақ елінің жылы қабылдауына алғысын жеткізді. Іле автономиялық ауданы ірі аймақ болып табылатынын, Қытай елі мен қазақ халқының достығы талай ғасырдан бері жалғасып келе жатқанын, халықаралық қатынастар өз деңгейінде жүзеге асып жатқанын алға тартты. Тауар айналымы, туризм, мәдени байланыста да ауыз толтырып айтарлық жаңалық көп екенін айтты. Алдағы уақытта жаңа туристік бағыттарды іске қосудың маңыздылығына тоқталды. Жалпы, сауда, өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм сынды 17 бағыт бойынша жұмыс жүргізуге ықыласты екенін білдірді. Сөз соңында 26 маусымда Үрімжіде өтетін ІІІ өңіраралық ынтымақтастық форумына Алматы облысының делегациясын облыс әкімі Марат Елеусізұлы бастап келетініне сенім білдірді.
Кездесуді қорытындылаған аймақ басшысы Қонаев қаласы мен оған іргелес жаңадан бой көтеретін Алатау шаһарының даму мүмкіндігі зор екенін атап өтті. Осы орайда сауда саласы мен өнеркәсіпті өркендетуде бірлесе жұмыс істеу маңызды екенін тілге тиек етті. Алдағы уақытта Үрімжіде өтетін ынтымақтастық форумына Алматы облысы делегация болып баратынын, өйткені екі елдің бір-біріне ұсынары да, үйренері де мол екенін жеткізді. Ал екі аймаққа тән үлкен жобалар алдағы уақытта пысықталып, зерделеніп барып, жүзеге асатынын айтты.
Алма Есенбай,
Қонаев қаласы