Қазақ балалар әдебиетінің айтулы өкілі, тірісінде-ақ классик атанған, оқырманның ілтипатына бөленген, «Менің атым Қожа» атты фильм арқылы жұрттың көзайымына айналған ақберен қаламгер Бердібек Соқпақбаевтың туғанына биыл күзде 100 жыл толғалы отыр. Жыр жампозы Мұқағали Мақатаев «Жылдар өтеді, жаңа ұрпақ келеді, біздің әрқайсысымызды солар өз орнына қояды. Мен өз жайымда мынаны айтамын. Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын, бәлкім, одан да әрідегі ұрпақтың туысымын да» деген екен. Бұл сөзді Бердібек Соқпақбаевқа да ортақ десек, орынды болар. Себебі Хантәңірінің болат топшы, темір қанат қос қыраны талассыз таланттарымен көп жұлдыздың бірі емес, бірегейіне, ұлт ұлына, ұрпақ мақтанына айналып отыр.
Мұндай абырой-беделге тек дара дарын иелері, алыптар шоғыры ғана жетсе керек. Сондай халқының жүрегінен, әсіресе, жас ұрпақтың ойынан ойып орын алған, керемет шығармаларымен, келістіріп суреттеген кейіпкерлерімен бірге жасасып келе жатқан, тұғыры мықты тұлға Бердібек Соқпақбаевтың биыл өз оқырмандарымен тағы бір қауышатын жылы туды.
Жазушының қай шығармасын алсаң да, өзі өмір сүрген қоғамның кесіркесапатын, жасанды жалбағайлардың ұсқынсыз ісін, іріген, шіріген тынысы тар тірлігін бүкпей айтып, керек жерінде әжуамен, мысты басар мысқылмен жеткізіп, баланың сөзі ғой дегізгенмен, астарына үңілсең заман ақиқаты, адамдардың қилы мінезі, пенделігі ойлантып тастайды. Қаламгердің шағын әңгімесінен бастап романдарына дейінгі бүкіл дүниесінің айтпағы шындықтың шырайы, ақиқатты ақтаңдаққа айналдырмайық деген түпкі байламы көш жерден қол бұлғап тұрады.
Иә, қазақ әдебиеті деген алып әлемде соны із, өзіндік сүрлеу салған Соқпақбаев үлгісі қазір уақыт таразысынан, тарих сынынан сүрінбей өтіп, жаңа ғасыр белесіне нық табан тіреді. Ұрпақтар сабақтастығында ұмыт қалмайтынын, өз орнын алатынын, қазақпен бірге жасайтынын көрсетті.
«Қуаты күшті нұрлы сөз
Қуатын білген абайлар», – деп Абай айтқандай, Бердібек Соқпақбаевтың сөз қуатын абайлаған азаматтар біледі, бағалайды. Оған жазушының мерейтойларында, әр он жылда басылымдарда соны байламдарға желі тартқан мақалалардың жарияланып жататыны мысал болады.
Қарымды қаламгер Абайға көп сүйенетін. Аз күндік қызық, баянсыз бақ, тұрлаусыз байлыққа тыжырына кейістік танытатын. Соның соңына түсіп, салақтап жүргендерге қарап
«Осылар данышпан Абайдың «Адамзат бүгін адам, ертең топырақ» дегенін оқымаған ба, оқыса да ойланып көрмеген бе?» деп ұлы ақын сарынымен боямалап:
«Жаза алмадым шындықты бұрқыратып,
Оқығанның жүрегін сырқыратып», – деп, одан кейін:
«Қарын тоқ, киім бүтін, уайым көп,
Қалқайып әзер жүрмін, құлайын деп.
Ойласам жер тағдырын, ел тағдырын,
Еріксіз кемсеңдеймін жылағым кеп», – дейтін төрт жолдың тереңіне ол кезде екінің бірі құрық бойлата алмағаны анық. Астарындағы қырық қатпарға үңілмей, Бекеңнің көп әзілінің бірі дей салған. Ал қазір бәріміз көріпкел болып, дес бермей жүрміз.
Кеңес дәуірінде Жазушылар одағы дүрілдеп тұрды. Балалар әдебиеті кеңесі деген болатын. Кеңесте балаларға арналған шығармалар талқыға салынатын. Біреулер «Бердібектің кертартпалығы» деп бағалайтын аталмыш шумақтарын сондай басқосуларда еститінбіз.
Кеңес төрағасы, балалар әдебиетінің классигі, бір жас үлкендігі бар замандасы Мұзафар Әлімбаев ағамыз еді. Ол кісіні оқу кітабынан көзі шалған оқушы болмаса, үлкендер жағынан біреу біліп, біреу біле қоймайды-ау. Сол кеңестің мүшесі ретінде басқосуға қатысып тұратын едік. Бекең де келетін. Шеттеу бір орындыққа жайғасып алатын. Үлпілдетіп алақанда ұстаған ұраншыл қоғам туралы асқақ әңгімелер есе бермей бара жатқанда, ол баяғы әдетімен астары бес батпан бірер шумақты «сыбаға» етіп тарта қоятын.
Үлкендер жағы «Ай, Беке, қойсаңшы!» десе, жастар жағы мәз болатын. Енді қарап отырсақ, қаламгердің ойы бойынан биік екен. Әр сөзінің қалтарысында тереңдік елес беріп тұрыпты. Оны түсініп, түйсінгендер болған шығар, біз желпілдеген әзіл деп ұқтық. Айдай ақиқатты балаға сүйеп, айта білу де шеберлік қой. Бұл оның парасатының, пайымының бөлек екенін, осы қалай дегенде ақ пен қараны тайға таңба басқандай ажыратып, оны сөз семсерімен түйрейтінін көрсетсе керек. Бекең бүгіндері ортамызда жүрсе, мысқылдың көрігін сан құбылтары айдай ақиқат.
Мұндай астарлы ақиқатты айта білу қасиеті ол кезде екінің біріне Тәңірім бұйыртпағаны және рас. Заманынан озып туғандардың ғана еншісіне тиген. Бекең бұл арада біреуді мұқатуды ойламаған. Бар мақсаты айғай-сүреңге жұтылып бара жатқан ұлт руханиятын, халықтың қадірлі қасиетін сақтау, еліктеп, солықтап бара жатқан ұрпақты ондай сүйкімсіздіктен қорғап қалу еді.
Әдемі ақындығын прозаға, оның ішінде, балалар прозасына ауыстырғанда, мысын басқан қоғамның ақиқатын мысқылмен ашып айтуды парыз санаған секілді. Біз оны жеңіл күлкімен, ұшпа көңілмен қабылдап, тереңіне үңілмегендейміз.
«Көңілім қайтты арақтан, шараптан да,
Ауыртпаған бірі жоқ таң атқанда», – деген екі жолда ол арақ пен шарапты айтып отыр деппіз. Тереңдеп барсақ, жанын жеген қоғамның қойыртпағы кірпігінің орнына ине болып қадалып, ұйқысын бұзған екен. Сол сүреңсіздікті арақ пен шарапқа теліпті. Жазушының ұйқысын бұзып, мазасын кетірген не екенін ес кіріп, ашылған етек жабылған, шашылған дүние табылған тұста біліп отырмыз. Бекең «зарында» сеңі сірескен заман, оның тірегіміз деп тепсінген адам жатқанын тағы аңғарамыз. Сол заман Абайдай абыз болмаса да, ұқсауға жол бермейтінін білген соң, «шапқыншыларды» әлгіндей өлең жолдарымен теспей іреп отырған-ау, шамасы.
Бізді ойсыратып жүрген бір кемшілік бар. Өзімізді-өзіміз керемет «танимыз». Өзгеге сараңдаумыз, әсіресе, қазаққа қазақ иығынан қарайды. Басқаның адамы ақылды, көреген, сөзі мір, өзі пір, ойы жауһардай жалтырап, ормандай ұйысып көрінеді. Бұл кесел иектегелі біраз болды. Айталық, ғұлама ретінде әл-Фарабиді, Ислам өркениетіне үлес қосқан Бейбарысты алдымен өзгелер таныды, бізге кейін жетті. Амал қанша, сол екі алыпты әлі толық меңгере алмай, аз-кем еңбегін, ұшық-ұшық ойын місе тұтып жүргенімізді несіне жасырамыз?!
Бұл арғы тарих десек, жағынуға жоқ, жалпақтап, жақсы көріну жаратылысынан кемшін, өз елінде өгейлеу күн кешіп жүрген Бердібек Соқпақбаевты да әлемдік деңгейге көтерген Мәскеу екен. Қанша намыстансақ та шындық солай. Оны заманынан озық туған қайсар қаламгер: «Мен жазған дүниелердің ішінде жұртқа көбірек танылғаны «Менің атым Қожа» повесі болса керек. Бұл шығарманың әуелгі аты – «Өзім туралы повесть». Алматыда біраз қиналыспен басылды.
Ол кезде Мәскеуде жоғары әдеби курста оқитын едім. Қолжазбаны «Детгизге» алып бардым. Бұлар не айтар екен?
Жүрегім лүп-лүп етіп «Детгизге» екінші рет келіп тұрмын. Бөлім меңгерушісі егделеу әйел адам. Бетіме күлімсірей қарап, қолын созады:
– Құттықтаймын. Повесіңіз бізге ұнады. Басылатын болды. Орыс тіліндегі «Қожаның» тұсауын осылайша Мәскеу кесті. Көп тиражбен екі рет басты. Қазақтың сүйкімді де сотқар қара баласы осыдан соң бүкіл Кеңес одағын аралап кете барды. Бірінен соң бірі: молдаван, латыш, литван, украин, өзбек тілдерінде басылып шығып жатты.
Бір күні қызметтегі орныма жігіттердің бірі телефон соғып, кітабымның Парижде француз тілінде басылғанын айтып құттықтады. «Қазақфильм» көркемсуретті фильм түсіруге кірісті. Сценарийін өзім жазыстым. Кино түсіріліп болып, Кеңес одағының барлық экрандарында көрсетіле бастады. Киноны түсірген талантты режиссер Абдолла Қарсақбаев еді. Тентек Қожа мұнымен қанағаттанбады. 1967 жылы Францияның Канн қаласында өткізілген балалар мен жастар көркемсуретті фильмдерінің бүкіл дүниежүзілік фестиваліне қатысып, бәйге алып қайтты», – дейді.
Ал журналистер, былайғы жұрт көп қоятын «Не жазып жүрсізге?» берген жауабының астарында да ұққан пендеге керемет иірімдер жатыр. Оқып көрелік: «Сіз қалай жазасыз? Қалай жазушы болдыңыз? Ана кітабыңызды қалай жаздыңыз?» деген тәрізді сұрақтар оқырман қауым тарапынан әр кезде қойылатыны белгілі. Бірде-бір кездесу кеші әлгіндей сұрақсыз өте қоймады. Басқаларды қайдам, мен өзім сондай кезде не айтсам екен деп тоқыраңқырап қаламын. «Қалай жазасыз дейсіз бе? Үстелге отырып жазам… жаза, жаза жазушы болдым…» деген секілді әзілмен жауап бере бастаймын.
Үстелге отырмай да жазатын жазушылар болған. Мысалы, Э.Хемингуей түрегеп тұрып жазады екен. Сол үшін өз бойына лайық, биік үстел жасатып алған. Отыра беру адамды енжар етеді, семіртіп жібереді дейтін болу керек», – дейді. Соңғы сөйлемдегі «семіртіп» деген сөзді ол әдейі астармен айтып отырғаны бірден байқалады.
Біз қоғадай жапырылып құлатпаймыз деп, қолтығынан демеп жүрген Кеңес дәуірін екеуара отырғанда келемеж еткенін өз аузынан естіп, бұл шын сөзі ме, әлде қалай деп таңғалғанымыз бар. Өткен ғасырдың 80-жылдары «Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы» деген сериямен ұлтымыздың айтулы балалар қаламгерінің таңдамалы көп томдығы шығарыла бастағаны бар.
Бердібек Соқпақбаев пен Сансызбай Сарғасқаев бір томға топтастырылады, редакторы сен боласың деді. Ол кезде «Жалын» баспасында қызмет істейтін едім. Жазушыларға телефон шалып, кітапқа қосатын шығармаларының тізімін сұрадым. Сансызбай аға «Вожатыйын», өзге де бірнеше әңгімелерін атады. Бердібек аға Сарғасқаевпен бір томда болуды қаламайтынын жеткізіп, басшыларға өтінішімді айт деді. Айттым. Мағзұм Тиесовті мақұл көрді.
Кітап жарыққа шықты. Сол кезде «Жалын» баспасының директоры, көрнекті жазушы Қалдарбек Найманбаев болатын.
Қалекең өзі құрметтейтін қаламгерлердің жаңа кітабы шықса, авторға редакторынан беріп жіберетін әдемі үлгісі бар еді. Сол үлгісінен бұл жолы да жаңылмай, жаңа кітаптың алғашқы бір данасын қолына алып отырып: «Бекеңнің болмысы бөлек қой, ол кісіге жетер балалар жазушысы қазақта жоқ. Неге екенін қайдам, тың дүние жаза бермейді. Мына кітап та қайта басылым. Алғысын аласың, қуанып қалсын, ренжімей апарып берсең қайтеді?» – деді.
Келістім. Апардым. Бекең көлемді кітапқа ұзақ қарады. Олай-бұлай аударыстырды. Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы ағамыз жазған алғысөзді шолып шықты. Одан кейін рақметін айтты. Кітап тізетін шкаф бос тұр десе де болғандай.
«Аға, өмір бойы жинаған кітаптарыңыз қайда?» – деп едім: «Ана үш кітаптан артық саған қандай кітап керек?» – деді де 1961 жылы Мұхтар Әуезовтің алғысөзімен жарық көрген Абай Құнанбаевтың көлемді бір томдығы мен ұлы Мұхаңның сол көлемде, яғни, үшеуі де ақ сарғыш түспен шыққан «Абай жолы» роман-эпопеясын қолына алып тұрып: «Біз осы үш кітаптың өзін толық оқи алдық па? Бұл үш томды ой көзімен оқыған адамды мен ақылы асқан жан деп танимын, әсіресе, қазақты.
Көп жұрт Абайдың атын атауға бейім тұрады, бірақ өлеңіне, қара сөзіне атүсті қарайды. Айтқан ақылын тыңдай бермейді. Орында деген сөзін құлағынан өткізіп жібереді. Содан кейін, түйсік шіркін кем болмай қайтсін, әй, надандық-ай?!
Дара Абай:
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін,
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін», – десе, мен өз заманыма орай:
«Жазған жоқпын мен-дағы ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Қатын екеу, бала үшеу, жаздым, міне,
Соларға тамақ тауып бермек үшін», – деймін де артынан:
«Жазбадым тарихта қалу үшін,
Жаздым мен қаламақы алу үшін.
Әркімнен қызмет сұрап, тентіремей,
Жанымды жұрт қатарлы бағу үшін»,
– деп кете беремін. Көп досым мұны қалжың деп біледі. Шынына келсек, ағаңның ақиқат сөзі осы. Күнкөріс қамында жүргенде мұны ақиқат емес деп арлы адам дауласпайды, ал арсыздар күңкілдейтін шығар. Мейлі, күңкілдей берсін», – деп бір тоқтады.
Ішімнен «Бүкіл кітабын үлкен-кіші жарысып оқитын, «Менің атым Қожа» секілді айтулы туындының авторында да бір өкініш болады екен-ау!» деймін.
Сөйтсем, бізді «жарылқаған» қоғамның олқы тұсын Бекең елден бұрын біліп, наразылығын осылай жеткізіп жүреді екен.
Ол сәлден кейін: «Есіңде жүрсін, қалқам, біз ақиқатты тұншықтырдық», – деді. Тіпті қысқа-қысқа ойлары еттен өтіп, сүйекке жетеді. «Гүлденген заманда бұл кісінің мұнысы қалай?» – деп қоямын.
Балалар әдебиеті кеңесінің отырысында именбей айтатын әзілдері осындайда туатын болса керек. «Мен қазір қағаз, қаламнан жеріген адаммын, оған берер жауабым мына бір-екі жол өлеңсымағым болсын. Ол былай деп келеді:
«Өсек пен өтіріктен тойып кеттім,
Жазуды сол себептен қойып кеттім».
Солай, бала».
Әлдекімдердің «Ол кісі қоғамға ылғи наразы» деген сөзі есіме түскенде, пендемін ғой, мен де рас шығар деп қалатынмын. Өйткені сол қоғамда жүрдім емес пе? Қып-қызыл коммунистігім және бар.
Кетуге ыңғай таныттым, қаламгер сезе қойып: «Сені шаршатып алдым ба, есіңде жүрсін, ұлының ұлылығы туралы көргенімді айтайын. Қаласаң, көкірегіңе түйіп ал, ояну үшін керек», – деді. Содан кейін әңгіме желісін өрбітті.
«Азды-көпті еңбегім жарық көріп, бір қарағанда тентектеу көрінгенмен, есті Қожа ескеріліп, жұрт тани бастағанда ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов те көңіл аударғаны бар. Ұлттың бағына біткен ұлымыз әр жылы бір облысты аралайтын әдеті болушы еді. Соның орайы Талдықорған өңіріне келгенде, «Бірге жүруге қалай екен?» депті. Мұхаң ертем десе, ермейтін мен кіммін?
Талдықорғанға жетіп бардық. Атқа мінгендерден бастап, араларында ендіенді қатарға қосылып келе жатқан талантты жазушы Сайын Мұратбеков бар, тік тұрып қарсы алды.
Құрмет бөлек, ілтипат ерекше, жаз айы еді. Жорға мен жүрістіге мініп, ханжайлауға тарттық та кеттік. Бәріміз Мұхаңның аузына қараймыз. Жатқан бір әлем. Елдің жайын, жер жайын қозғайды. Ұлт, жұрт дейді. Кейде біздің ой түгілі түсімізге кіре қоймайтын қиялдай әңгімелердің тиегін ағытқанда, аузымызды ашып, көзімізді жұмамыз. Партия, Кеңес қызметкерлері бұл кісі жұмбақ жасырып отыр ма дегендей күй кешеді.
Телегей-теңіз білім. Естеріңде жүрсін дегендей, есті әңгімелерді толғап-толғап алып, одан кейін аттың басын еркін жіберіп, барып-барып тізгін тартады. Далақтап біз жеткенде, «Керемет!» дейді төңірегіне қырандай көз тігіп. Осы керемет сөзінің арғы жағындағы кереметті біріміз біліп, біріміз білмей, қызық үшін ғой деген жеңіл ойдың жетегінде кете бергеніміз де рас еді. Кейін қарасам, ұлы қаламгер сол керемет деген сөз арқылы бүкіл қазақ даласының кереметін аңғарыңдар, ұғыңдар, бір күнгі көрген ойын-күлкіні емес, ертеңгі тірлікті, ірілікті, тозбас ақылды айтып жатырмын деген екен ғой.
Бірақ соның бәрін әлі санамызға сіңіріп, орындай алмай жүрміз. Орындау үшін самал жұтам деп сайрандаудың қажеті шамалы секілді. Ақиқатқа бой алдырып, еңбек ету керек. Бірақ біздің қолымыз тиер емес. Ұлыдан ұлы сөз қалады. Тереңнен қозғаған, алысты болжаған, кемел ойларының жігін айқара ашып тастамай, ал түсінсең түсініп қал, түсінбесең өз сөзім өзімдікі дегендей әңгіме желісін толғап кететін.
Мен кейін Мұхаңның көркем дүниесімен қоса, ғылыми, өзге де мақалаларын зейін қоя оқыдым. Ақылдың айнасы. Тұнып тұр. Ой-өрең мықты болмаса, түсіне алмайсың. Батыр да, ұлы адамдар да аңғалдау келеді. Мұхаң ондай жағын да аңғартып алады екен.
Өмір болып жатса ол туралы жазсам деген ойым бар. Бірақ, әй, қайдам. Шынымды айтайын, жасандылықтан, жағымпаздықтан шаршадым. Ақиқатты айтсам, қой ішіндегі қотыр ешкідей боламын. Содан соң, данышпан Абайдың Көкбайының күйін кешіп, ойлы-қырлы ой сапырып, бұрынғы әп-әдемі ақындығымның жұқанасын «тірілтіп»:
«Ақын сорлы жылайды,
Жылайды да жырлайды», – деймін.
Бұған біреулер күледі, біреулер «Бердібек айта береді», дейді. Мейлі, өз сөзім өзімдікі», – деп әңгімесіне нүкте қойды.
Орнымнан тағы тұруға ыңғай танытқанда, «Менде мынандай да өлең болған, тыңдағың келе ме, әр сөзіме зейін қоясың, қағазға түртесің, мұны да түртіп ал:
«Халқым бар қазақ дейтін азып болған,
Бірінің көрін бірі қазып болған.
Сол елдің жазушысы Соқпақбаев,
Онысы қатын-баласына азық болған», – деп келеді. Дұрыс түсін мені, бала. Мен халқымды емес, аналарды айтып отырмын. Есіңде болсын, халқыма тілім тимейді. Халық бағалаған, ұрпақ түсініп оқыған жазушымын», – деді.
Ол кезде дүрмектеміз, басымыздың дымы кебе қоймаған кез. Осы кісінің айтқандарының астарында бір сәуле жатқан жоқ па деу ойға келмепті. Тіпті «Еңсесі биіктер өтірік айтпайды» (Сейдахмет Бердіқұлов ағамыздың сөзі) ғой деуге шама жоқ және. Сөйтсек, ар мен адамдықты ту еткен Бердібек Соқпақбаев табиғатына жат өтірік көлгірсуді, оның майын тамызып жазуды қолай көрмепті. Ақиқатты өзі баурайында өскен Хантәңірі секілді деп біліп, содан айнымай, күнге бағып құбылмай, тура жолдан танбай, жұмбақ жағдайда пәниден бақиға кете барды.
Осы жерде қазақтың Қадыр ақыны (Мырза Әлі) «Жазмыш» атты адам тағдырына қатысты жазған кітабында: «Бердібек Соқпақбаев сергек те шымыр, сүйегі асыл мықты қазақ болатын. Ал жазушы ретінде шындықтан, реализмнен басқаны мойындамайтын, бояма шығармаларды иттің етінен жек көретін бірбеткей батыр қазақ-ты. Бір күні сол ағамыз ойда жоқта қайтыс болды. Жұрттың сөзіне де, өзімнің құлағыма да сене алмадым. Сенуім де мүмкін емес еді. Бірақ сен, сенбе!
Өлген адамды тірілте алмайсың. Арулап о дүниеге аттандырдық. Қимас қаламгерді қара жер құшағына тапсырдық. Өз қолымызбен жерледік. Әйтсе де көңілде күдік қалды. Адам бірдеңені сезеді. Сезеді. Күдіктенсем күдіктенгендей-ақ екенмін. Бұл жағынан оның қазасы Сергей Есениннің қазасына қатты ұқсайды», – деп жазба қалдырған екен.
Б ердібек Соқпақбаев ағаның қолтаңба жазып берген кітаптары менде бар. 1987 жылы оқырман қолына тиген таңдамалы екі томдығына «Сүлеймен інім! Бақытты бол!» деп қол қойса, 1985 жылы шыққан «Аяжан» кітабына екі қызыма «Сәния, Жанат қыздарым! Жастарың ұзақ болсын» деп тілек білдірген екен.
Менің алтынға айырбастамас қымбаттым – осы қолтаңбалар. Ашып қарағанда, асықпай оқығанда, ақиқат адамның бүкіл болмысы көз алдыма келеді. Орыс сыншысы В.Белинскийдің «Балалар жазушысы болып қалыптасу қиын, арнайы туу керек» дегені бар.
Балалар жазушысы болып туған тума талант Бердібек Соқпақбаев шығармалары уақыт өте келе, ұрпақтар алмасып, қазақ жұрты әлем жұртының қатарына мықтап табан тірегенде оның кейіпкерлері Марк Твеннің Том Сойерімен, Гекльберри Финнімен, өзге де әлемдік айтулы жазушылардың атақты шығармаларымен тұрғылас болатынына сенімім кәміл. Бола да бастады. Мұхиттың бергі, арғы жағында Бердібек аға шығармалары жарыққа шыға бастады.
Тәубе, Қожа мұхиттан өтіп кетті. Тек «Ондай болмақ қайда?» демей, жақсы істің жанашыры болып, сергектік таныта білсек, таныстыра берсек, ұлт құндылығы құлпыра түседі. Ұлт жазушысы арқылы ұлты да танылады!
Сүлеймен Мәмет,
ҚР Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы