Этикалық нормалар қызметте жүрген әр жанға ортақ. Сала мен лауазымды таңдамайтын баршаға бірдей заң жүйесі төтеншеліктерді де айналып өтпейді. Бұл туралы Алматы облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Мемлекеттің мүддесі үшін еңбек ететіндерге қойылатын талап қашан да жоғары. Өйткені, оның әр басқан қадамы қоғамның жіті назарында. Жауаптылар сынның садағына ілінбеу үшін де әдептен озбау керегін айтады.
«Мемлекеттік қызметші имиджінің тұтастығы жоғары кәсіби және жеке құзыреттер, моральдық-адамгершілік қасиеттер мен әдептілік мінез-құлық көріністеріне негізделген. Әдеп Кодексінде мемлекеттік қызметшілер қоғам мен өз ісіне адал болуы, әділдік пен ашықтықты сақтауы тиіс деп жазылған»,-деді Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің Алматы облысы бойынша Департаментінің әдеп жөніндегі уәкілетті тұлғасы Арман Хасенұлы.
Бас құжатта бұдан бөлек, әріптестеріне құрмет көрсету де ашып айтылған. Бұл тұста һәкім Абайдың «ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сиясың» деген сөзі ойға оралады. Расында, тәртіп болмаған жерде түпкілікті нәтиже болуы екіталай.
Спикердің сөзіне сенсек, ТЖМ Өнеркәсіптегі қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша Департаментінде ішкі әдеп нормаларын сақтау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылады екен. Мәселен, дөңгелек үстелдер мен сауалнамалар жүргізіліп, ішкі мән-жай тұрақты бақылауда. Соған қарамастан, өткен 2023 жылы Департаменттің екі бірдей қызметкері әдеп нормаларына бағынбай, шектен шыққаны анықталған.
«Былтыр этикалық нормалар сақталмаған екі жағдай болды. Кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Биыл жыл басынан бері ешқандай заңға қайшы істер тіркелген жоқ», – дейді әдеп жөніндегі уәкілетті тұлға Арман Сағымбаев.
Қызметкерлердің мінез-құлқын назарға алатын маманның айтуынша, жоғарыда аталғандай тәртіп бұзушылық қайталанған жағдайда қызметкерлерге жаза мен шара қолдану мекеме басшысының құзыретінде.
Жалпы, этикалық нормалар — мінез-құлықты анықтайтын белгілі бір ержелер жиынтығы. Ережені елемей, жүгенсіз кету жөн емес, себебі, мемлекеттік қызметші — мемлекеттің айнасы.
Алматы облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі