Жыл өткен сайын жасанды сананың тұрмысқа енуі жаңа белестерге көтеріліп, қолөнер бұйымдарына деген сұраныс пен олардың бағасының өсуіне де ықпал етіп келеді. Қазір адамдар зауыт-фабрикаларда машиналардың көмегімен жаппай өндірілген өнімдерден гөрі қолдан жасалған жалғыз дана бұйымды көбірек іздейді. Соның әсерінен шығар, «шығармашылық креативті индустрия» деген таңба қолөнершілік жеке кәсіпкерлікке қатысты айтылатын болды. Бұл кіші шығармашылық кәсіптің ең басты ерекшелігі – бұйымның жоғары сапасы мен тұтынушы талабына бағытталғандығында.
Балқаш ауданы Бақанас ауылының тумасы, қарапайым көпбалалы отбасында дүниеге келген біздің кейіпкеріміз Баян Жұмағанбетова осылай пайымдайды. Баянның айтуынша, оның ата-анасы, әпке-сіңлілері, бауырлары мен туыстарының бәрі тігін тігу, сурет салу сияқты шығармашылық жұмыстарға шебер жандар. Әулеттен-әулетке жалғасып келе жатқан осы қабілет-қарым мен табиғи дарын оның да бойында бар. Сондықтан дарынды ортада өскен қыздың суретші-дизайнер мамандығын таңдауы кездейсоқтық емес дер едік.
4 сыныпта оқып жүрген кезінен ол шағын тігін шеберханасы бар әпкесінің мата қиындыларынан әдемі құрақ құрап, көрпе-жастық тіккен жұмыстарын, ал әкесі мен ағасы сурет салып, картиналар жасайтынын көре жүріп, шығармашылық өнердің қыр-сырын санасына тоқи бастайды. Төменгі сыныптарда оқып жүрген кездің өзінде ол қарапайым иненің көмегімен жасаған шаш қыстырғыштарын арзан бағаға сатып, ақша тауып жүреді. Бір қызығы, оның «өнімін» тек оқушы қыздар ғана емес, мұғалімдері де сатып алып, қолданатын болған. Ал өз кәсібін тоғыз жыл бұрын бар-жоғы 2 мың теңге «инвестицияға» бастаған.
Былай қарасаңыз, «Осы қаржымен де кәсіп бастауға бола ма?!» дегендей күлкілі жағдай. Бірақ шындық сол, Баян үлкен кәсіпке осылай келген. Әлгі болмашы қаражатқа әртүрлі ою-өрнектер, безендергіш заттар, басқа да ұсақ-түйектер сатып алып, оларды бас киімдердің аксессуары ретінде пайдаланған. Баянның осы бизнеспен айналыса келе, оны әрі қарай дамыту, көбірек өнім өндіріп, жеткілікті пайда табу үшін арнайы білім қажеттігін түсінгені де өте маңызды. Сөйтіп ол Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеттің көркемсурет-графика факультетіне оқуға түседі Оны суретші-дизайнер мамандығы бойынша бітіріп, тиісті дипломын алады. Міне, бұл басқа әңгіме! Енді ол қажетті теориялық білімге ие кәсіби маман!
Баянның өз кәсібін дөңгелете кетуіне кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға ұсыныс жасауы септігін тигізді. Әр нәрсені алдын-ала жоспарлап жүретін, оның үстіне шығармашылық дарыны мен креативті бастамалары бар жас кәсіпкер ә дегенде 1 миллион 200 мың теңгенің қайтарымсыз грантын ұтып алады. Бұл қаржыға ойланбастан жаңа тігін машинасы мен басқа да әртүрлі ұсақ құрал-жабдықтар сатып алады. Сол сол екен, Талғар ауданы Тұздыбастау ауылындағы үй ішінен ашылған шағын цех тұтынушыларға Баянның өз қолымен ұлттық реңкте жасалған сапалы бас киімдерін ұсына бастайды. Олардың арасында ежелгі және заманауи үлгідегі түрлі әсем орамалдар, тақиялар бар.
Бүгінгі күні Баянның қолынан шыққан өнімдерге деген сұраныс өте жоғары. Өнімнің барлығы дерлік тұтынушылардың талғам-талабына сай арнайы тапсырыспен дайындалады. Бұл жағынан өзінің жеке инстаграмм-парақшасы да қажетке жарап тұр. Оның үстіне «жарнама – сауданың қозғалтқышы» дегендей, Баян титтей мүмкіндік бола қалса, Алматы қаласындағы «Мега» сияқты ірі сауда орталықтарына жәрмеңкеге шығып, өз өнімдерін ұсынып, жарнамалауға да ерінбейді. Оның айтуынша, өнімдер негізінен мереке күндері тез өтіп кетеді. Италияның әйгілі Милан қаласында өткен халықаралық сән көрмесінде Сәбина Тоқбергенова есімді сәнгер Баян Жұмағанбетова жасаған тәжбен шықты. Осының өзі кәсіпкер үшін де, еліміз үшін де үлкен мақтаныш емес пе?!
Ол жыл сайын шығармашылық және кәсібін дамыту бағытында өзін үнемі жетілдіргісі келеді, осы мақсатта тәжірибелік және шеберлік сыныптарын өткізеді. Кәсіпкерліктен тапқан пайдасына қазірдің өзінде өрнектеп тігетін 4 машина, кәсіби өтек, манкендер, бүктеу және кесу аппараттары мен сызу үстелдерін сатып алды. Осылай кәсібі кеңейіп, шығаратын өнімдері көбейіп келеді.
Баян сонымен бірге көп балалы ана! Жұмысы шаш етектен болса да өзіне қолқабыс болуға жарап қалған төрт баласын тәрбиелеуге де уақыт тауып, бәріне үлгереді. Ең бастысы, ол қазіргі ұрпақ ұмыта бастаған туған халқының өнері, ерекше салт-дәстүрі мен әде-ғұрпына деген сүйіспеншілікті өз қолымен жасайтын өнімдеріне енгізгісі келеді. Оның қолынан шыққан бұйымдардан ұлттық үлгі мен дәстүр анық сезіліп, өнімге өзіндік ерекшелік береді.
Қолөнер шеберінің айтуынша, шығармашылық шағын кәсіпкерліктің артықшылығы – өз ісіңді ашуда ешқандай шектеу жоқ. Ең бастысы – өзіңнің жаңа өнімдеріңді әдемі ұсына білуің және шеберлік сыныптарын тартымды өткізе білуің керек. Баян сияқты қолөнер саласында еңбек ететін кәсіпкерлердің мысалында дамыған елдерде шығармашылық индустрия және оларды дамытып жатқан шағын кәсіпкерлік өздері өндіретін тауарлардан ең жоғары қосымша құн алып отырғанын айта кеткен жөн. Себебі дәл солар жергілікті жерлерде қосымша жұмыс орындарын ашып, отбасылық кәсіп ұйымдастыру бағыттарын қалыптастырып, жұмыссыздық мәселесінің шешілуіне, ескі өндіріс орындарын қайта құрылымдауға, ішкі және сыртқы нарықты жергілікті және дәстүрлі тауарлармен толтыруға шешуші ықпал етіп отыр.
Ең бастысы, қазір халқымыздың ұлттық құндылықтар, соның ішінде ұлттық үлгідегі киім үлгілері мен тұрмыстық бұйымдарға деген сұранысы өте жоғары. Оны биыл бүкіл ел көлемінде ерекше тойланған жыл басы, жаңару мен жаңғыру меркекесі саналатын Ұлы Наурыз мейрамы да анық дәлелдеді. Демек ұлт санасы, болмысы мен бүкіл тіршілігінде ұнамды өзгерістер басталды деген сөз! Ендеше, экономиканың төртінші секторы және білім экономикасы саналатын, өнер мен мәдениет, бизнес пен технология астасып жатқан шығармашылық кәсіптің де келешегі кең, болашағы зор екеніне күмән жоқ! Өйткені адамның ойы мен қиялы, білім мен интеллект – сарқылмайтын шексіз ресурс. Оның экономиканың басқа салаларынан басты артықшылығы да осында!
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы