Халықаралық театр күніне орай Іле ауданы А.Тоқпанов ауылындағы №42 орта мектепте Асқар Тоқпанов атындағы мектеп театры ашылды. Игі шараға «Серпер» сыйлығының лауреаты, Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актері Әсет Иманғали, А.Тоқпановтың жиені Дулат Байтүгелов, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақмарал Молдағұлова, жергілікті қаламгер, ардагер ұстаз, А.Тоқпанов ауылындағы аналар кеңесінің төрайымы Баян Топарова және «Жаңа толқын» жас ұстаздар қауымдастығының мүшелері қатысты.
Ашылу салтанатында аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақмарал Құрманжанқызы сөз алып, жиналған жұртты театр күнімен құттықтады. №42 орта мектеп ұжымы мен шәкірттері республикалық «Әбіш оқулары» байқауында сахналық қойылым бағыты бойынша жүлделі орындар иеленіп, ауданымыздың мерейін өсіріп, мәртебесін арттырып жүргенін тілге тиек етті. Ал ақын Б.Топарова КазЦИК ауылының атауы өзгеріп, аталған елдімекенге әйгілі режиссер А.Тоқпановтың есімі берілгені зор қуаныш болғанын атап өтті.
Мектеп кітапханашысы Гауһар Сайфуллина Асқар Тоқпанов бұрышына қойылған өнер қайраткерінің отбасылық және әріптестерімен бірге түскен суреттеріне, ол кісі туралы әр жылдары жазылған мақалаларға шолу жасады. Ол режиссер өмірінен сыр шерткен жәдігерлерді М. Әуезов атындағы драма театрынан, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясынан, театр тарланының өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген ғалым Аман Құлбаевтың жеке мұрағатынан алған екен.
Әсет Иманғалиұлы Асқар Тоқпановтың салған соқпағы қазіргі таңда қазақ режиссурасына даңғыл жол боп қалыптасқанын, қазақ театр өнерінде есімдері алтын әріппен жазылған мықты өнерпаздар мен режиссерлар «Тоқпановтың тоқпағынан шыққандар» екенін мақтанышпен айтатынын сөз өтті.
Іс-шарада Асқар Тоқпанов атындағы мектеп театрының жетекшісі, №42 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлсара Есболова: «Мектеп театры» жобасын енгізудегі мақсат – білім алушылардың шығармашылығын дамыту, балалардың бойына рухани қазынаны сіңіру және елжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу, баланың сөйлеу мәнерін жақсарту, көпшілік алдында өзін ұстай білу, жан-жақты дамуына ықпал жасау», – деді.
Мәдени кеш мектептің өнерпаз оқушылары ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласып, әуелете ән шырқалып, мың бұрала би биленді. Сонымен қатар Асқар Тоқпанов атындағы мектеп театры «Тұранбике ханшайым» пьесасынан үзінді қойып, көрермен қауымды тәнті етті.
Салтанатты кеш 1 сәуір – Күлкі күніне орай «Жаңа толқын» жас ұстаздар қауымдастығының ұйымдастыруымен «Дейді екендер дейді екен» атты сатира жанрына арналған байқауымен өз жалғасын тапты. Қатысушылар «Ара – ара болсын, шаққан жері жара болсын» номинациясында сатиралық өлеңдерді мәнерлеп, нақышына келтіріп оқып, «Тоқпанов салған соқпақпен» атты бөлімде ұстаз-шәкірт труппасы болып қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, театр педагогы, профессор, Қазақ КСР Халық әртісі, ауданымыздың тумасы Асқар Тоқпанов сахналаған пьесалардан 5-7 минуттан аспайтын үзінді көрсетті.
Білікті де білімді ұстаздардан құрылған қазылар алқасының шешіміне сай, байқауға қатысушылар Мақтау қағазымен марапатталды. Мектепте өткен игі шарадан Асқар Тоқпанов салған соқпақтың үзілмей, даңғыл жолға бет түзегенін анық байқадық.
Бағдат Шойбас,
Іле ауданы