Алматы облысында су тасқыны болған өңірлерге көмек жинау қызу жүріп жатыр.
«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы «Өжет» базары кәсіпкерлерінің қолдауымен су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 6 тонна гуманитарлық көмек жинады.
«Партияның «Күшіміз бірлікте!» акциясы аясында базар ұжымы су тасқынынан зардап шеккен ақтөбеліктерге өз үлестерін қосып, 3 тонна аяқ киім және 3 тонна киім-кешек жинады. Гуманитарлық көмек ертең де жиналады», – дейді «Өжет» базары директорының орынбасары Бауыржан Салимбаев.
Бұған дейін аманаттықтар тасқыннан зардап шеккен аймақтарға 1 мыңнан аса аяқ киім жолдаған болатын.
«Бірнеше өңірді су алып жатқандығы баршамыздың қабырғамызды қайыстырып отыр. Еліміз үшін, халқымыз үшін қолдан келген көмекті аянып қалмаймыз. Зардап шеккен аймақтардағы әріптестерімізбен хабарласып, қандай қажетті құрал жабдықтар керек екенін сұрадық. Олардың бірінші сұранысы – резеңке аяқ киім. Кеше партияластар мен депутаттық фракция мүшелері 1 мыңнан аса резеңке етік жинап, алғашқы көмек легін бастаған болатын», – деді «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Аслан Көбентаев.
Айта кету керек, табиғи апат аймағындағы тұрғындарға көмек қолын созамын деген волонтерлер мен облыс тұрғындары үшін «Алатау жастары» КММ облыстық волонтерлік штабы сағат 09:00-ден 18:30-ге дейін жұмыс істейді.