Алматы облысында жалпы құны 70 миллиард теңгеге жуықтайтын ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. «Focus Logistics» ЖШС облыстың оңтүстік өңірінде логистикалық парк салу бойынша ірі жобаны қолға алды. Оны жүзеге асыру аймақтың логистикалық инфрақұрылымын дамыту үшін жаңа мүмкіндік береді. Жоба аясында 4500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылмақ әрі 300 000 шаршы метрден астам қойма алаңы іске қосылады. Жобаны іске асыру 2028 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Жобаның бірінші кезеңі бойынша шамамен 94 га аумақта «OZON» компаниясына арналған «А» сыныпты қойма құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы аталған қойманың іргетасын қалау рәсімі өткізілді. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр.
Аталған логистикалық парктің Үлкен Алматы айналма жолының бойында орналасуы көптеген артықшылықтар береді. Әсіресе, тиімді жұмыс істеуіне көп септігін тигізеді. Бұл стратегиялық орын негізгі магистральдарға оңай қол жеткізеді әрі басқа аймақтармен және қалалармен жеңіл байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Осындай ыңғайлы орынның арқасында логистикалық парк тауарларды тасымалдау және таратумен айналысатын компаниялар үшін тиімді орталыққа айналады деп күтілуде.