Қазақ бір-бірімен кездесіп, амандасқанда ең бірінші «Мал-жан аман ба?» деп жағдай сұрасуы тегін емес. Себебі, халықтың тұрмыс-тіршілігі һәм күнкөріс көзі төрт түлікпен байланысты болған. Сол төрт түлікті күтіп-баптап, бағудан бөлек, ауырғаны мен сырқатына да жауапкершілікпен қарау да үлкен шеберлікті қажет етеді. Бұл міндет тікелей мал дәрігерлеріне артылған. Олар таңның атысы, кештің батысы, жаз – жайлауда, күз – күздеуде малшы қауымды аралап, дәрілеп, екпе салып жатады. Осы салада 40 жылға жуық тынымсыз еңбек етіп, ел алғысын алып жүрген мал дәрігері Кеңес Нұрақынұлын ерекшелеп айтуға болады.
Кеңес Нұрақынұлы 1962 жылы 9 шілдеде Кеген ауданы, Кіші Жалаңаш ауылында дүниеге келген. 1969 жылы Көлбастау орта мектебіне 1-сыныпқа қабылданып, 1979 жылы мектеп бітірді. Еңбек жолын 1980 жылы Жалаңаш ауылында ДОССАФ-та шоферлық курсты бітіріп, Көлбастау ұжымшарында көлік жүргізушісі болып бастады. 1981 жылы әскер қатарында болып, 1983 жылы борышын өтеп қайтты. 1983 жылдың қыркүйек айынан бастап Жамбыл зоотехникалық-ветеринариялық техникумның «Ветеринария» бөліміне оқуға түсіп, 1986 жылы «Веттехник» мамандығын алып шықты. 1986 жылдың қыркүйек айынан бастап, Көлбастаудың №1 фермасына кіші мал дәрігері болып жұмысқа қабылданды. 1987 жылы веттехник,1988-1994 жылдар аралығында Көлбастау жанынан құрылған емдеу-санитарлық пунктте меңгеруші болып жұмыс атқарды. 1994 жылы ұжымшар тарап, жеке қожалыққа бөлініп кеткен шақта «Айда» шаруа қожалығында мал дәрігері, 2006-2008 жыл аралығында Қарабұлақ,Тұйық ауылдарында жеке кәсіпкерлікте мал дәрігері болып жұмыс істеді.
2009 жылы кейіпкеріміз Қазақ ұлттық аграрлық университетінің мал дәрігерлік медицина мамандығын алып шықты. 2009 жылы Жалаңаш ауылдық округіне мал дәрігері болып жұмысқа орналасты. Кейіннен Жалаңаш ауылдық округінің ветпункт меңгерушісі болып тағайындалды. Бүгінге дейін осы қызметін абыроймен атқарып келеді. Зайыбы Бақтыгүл Құдайбергенова Ақай Нүсіпбеков атындағы мектеп-гимназияның бастауыш пәні мұғалімі. Отасқандарына 35 жыл толды, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Үлгілі отбасылардың бірі. Қыздары Әйгерім Алматы технологиялық университетінің дизайнер-конструктор мамандығын алып, қазір Ақай Нүсіпбеков атындағы мектеп-гимназияда еңбек пәнінен сабақ береді әрі педагог-ұйымдастырушы. Ал Жадыра Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университеттің география пәні бойынша магистратурасын бітірген, мамандығы – география пәнінің мұғалімі. Айзат болса, Тұрар Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық университетін эколог мамандығы бойынша бітіріп, «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркінде экологиялық ағарту бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарады.
Кеңес Нұрақынұлы 2014 жылы облыстық ветеринария басқармасының, аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталған. Адамды көркейтетін – істеген ісі, нәтижелі жұмысы. Еңбек оны ер атандырды. Ол – бақытын еңбектен тапқан жан. Еңбегіңіз еселене берсін, жақсы адам!
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы