Алматы облысы жастарының бастамасымен су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 5 күнде 60 тонна гуманитарлық көмек жиналды. Басым бөлігі – күнделікті тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, сондай-ақ тұрмыстық техника.
Бұл іске облысымыздың еріктілері, кәсіпкерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Amanat» партиясының мүшелері мен қайырымды жандар өз үлестерін қосты. Осы арқылы ел басына іс түскен шақта Алматы облысының қуат-күші мызғымас бірлікте екендігі айқын көрінді. Сондай-ақ, өңірдегі ірі бизнестің тарапынан бірыңғай арнайы шотқа қаржылай көмек аударылуда.
Қазіргі таңда облыстық жастар ресурстық орталығының базасында құрылған «Күшіміз-бірлікте» штабының еріктілері жиналған көмекті сұрыптап, «Қазақстан теміржолы» ұсынған вагондарға жүктеп, жөнелтуге дайындап жатыр.
Келер апта Алматы облысынан жіберілген 60 тонна көмек Батыс Қазақстан облысының судан жапа шеккен тұрғындарына жеткізілетін болады.