Еліміздің солтүстік, орталық, батысында бірнеше өңірді көктемгі қарғын су басып, елді әбігерге салып жатқаны белгілі. Осындай қиын-қыстау кезеңде жүздеген шақырым шалғайда болса да ел қамын ойлаған азаматтар әр өңірде бар. Ел басына түскен ауырпалықты бір кісідей көтерісіп жүрген сондай азаматтардың бірі – Райымбек ауданы Сарыжаз ауылының тұрғыны Назымбек Төлегенұлы. Facebook әлеуметтік желісінде ол туралы Оңғар Қабден есімді қолданушы жазды.
“Алматыдан Астанаға Газель жүк көлігімен жүк әкелген. Газелшілердің чатынан Торғайға көмекке кім барады дегенде ойланбастан мен барамын деп, көк тиын сұрамастан Торғайға тартып тұрған.
Тоғыз жүз шақырымдық Астана-Арқалық азап жолын басып өтіп, кеше кешке Торғайға халықтың көмегін жеткізді. Осындай батыр Азаматтарымызды біле жүрейік!” деп жазды ол Назымбек туралы.
Еске салайық, наурыздың соңында Қазақстанның бірнеше өңірінде еріген қар суынан өзендер арнасынан асып, ауылдарды су ала бастаған. 5 сәуір күнгі жағдай бойынша Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау облыстарында төтенше жағдай жарияланған. Су тасқыны басталғалы бері аталған аймақтардан 19 мыңнан астам адам эвакуацияланған.
Еске салайық, облысымыздың әр ауданында тасқыннан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек қабылдау пунктері құрылған. Ол туралы толық ақпаратты мына сілтемеден оқуға болады.