Балқаш ауданы биыл 700 гектарға күріш, 3602 гектарға арпа, 4025 гектар жерге бидай, 15 246 гектарға жоңышқа, ал қалған егіс алқаптарына бау-бақша өнімдерін егуді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда диқандар 2680 гектарға арпа-бидай сеуіп үлгерді.
Жауапты науқанда жұмыстарын сапалы әрі жедел атқарып жатқан шаруашылықтар қатарында «Агрофирма Бірлік» ЖШС бар. Көктемнің әрбір күнін тиімді пайдаланған диқаншылармен жақынырақ танысу мақсатында Балқаш аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бүркіт Мұқановпен бірге аталған шаруашылықтың егіс алқабына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстың жүйесін көзбен көріп қайттық.
Егіс басында «Агрофирма Бірлік» ЖШС директоры Алмас Қыстаубаев, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма басшысының орынбасары, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Гарилло Мейірманов және осы академияның білім тарту орталығының басшысы Сейткәрім Қалтаев, «Агрофирма Бірлік» ЖШС-ның бөлім меңгерушісі Нұрлан Бекенұлы, есепшісі Нұрлан Қойшығұлов, механизаторлар Мақсат Тауарбеков пен Нұрбақыт Анарбек әрбір дәннің ойдағыдай өсіп-өнуі үшін қандай тыңайтқыш түрлерін қолдану жөнінде өзара пікір алмасып тұр екен.
Алмас Қыстаубаевтың айтуынша, биыл 5 450 гектар суармалы егістік алқаптың 1360 гектарына бидай, 1300 гектар жерге күріш және 2 800 гектар жерге көпжылдық шөп өсіреді. Көктемгі дала жұмыстарына «МТЗ-80», «МТЗ-1221», «YTO», «ДТ-75» тракторлары, сондай-ақ Украинадан сатып алған төрт тұқымсепкіш жұмылдырылады. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген 68 тонна жанаржағармайға қол жеткізген.
Тұқым сепкіштерді егістік алқабында қолданып жүрген механизаторлар – Мұрат Қапбаров пен Медет Ерғожаев жаңа техниканың ерекшелігіне тоқталып, сапалы жұмысына көңілдері толатынын айтты. Ерте көктемде басталған жұмыс жүйелі жүріп жатыр. Ауа райы қолайлы болса, аудан диқандары осы айдың алғашқы онкүндігінде арпа-бидай егу жұмыстарын толық аяқтайтынына сенімді.
Бақтығали Дәуітбаев,
Балқаш ауданы