Қазір еліміздегі әрбір азаматтың назары батыс пен шығыстағы ағайында. Ондағы қарғын судың қалыбынан шығып, ауылдарды басып, ағайынның тірнектеп жинаған дүние-мүлкіне шығын келтіріп, баспаналарын, мал-мүлкін жалмап, өз қармағына қармауы алапат апат болды. Мыңдаған жан баспанасынан, жүздеген шаруалар жан бағып отырған малынан айырылды. Әрине, мұның бәрі де өте ауыр жағдай.
Осы тасқын салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты ел Президенті Үндеу жолдады. Мемлекет басшысы өз үндеуінде бүгінгі күні табиғи апат жалмаған еліміздегі он облыста төтенше жағдай жарияланғанын айтты. Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында болып жатқан су тасқынына жауапты тұлғаларға ел Президенті бұған дейін шара қолданған болатын. Енді міне сол жіберілген олқылықтардың орнын толтыруып, түзету үшін тапсырмалар бергенін жеткізді. Әрине, біреудің өмір бойы тірнектеп жинаған дүниесі, баспанасы бір күнде жермен жексен болып, су астында қалуы оңай емес. Ондағы үйсіз-күйсіз шиеттей баласымен қалған отбасының, белі қайысып, қарттыққа жеткен қариялардың, арбаға таңылған мүгедектердің жағдайын көрсең, жүрек сыздайды. Десе де көңілге медет болатын жағдайды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеткізді. «Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Барлық құтқару жұмыстары менің тікелей бақылауымда», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы, сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып, зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеп, оған ондаған мың волонтер де көмектесіп жүргенін жеткізді. Ең бастысы азаматтарымыздың амандығын басты мәселе деп көрсеткен ел Президенті: «Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі», – деп еңсесі түскен ағайынды бір серпілтті. Ол үшін Үкіметке шығындарды өтеудің шұғыл жолын қарастыруды да тапсырды.
Иә, табиғи апат айтып келмейді. Десе де әр апаттың алдын алудағы жұмыстар жүйелі жүргізілсе, осыншалықты ауыр жағдай болмас еді. Қазір еліміздің әр түкпірінен су тасқынынан зардап шеккен ағайынға гуманитарлық көмектер жөнелтілуде. Қайғы шегіп, қан жұтқан ағайынға аз да болса қолдау болсын деген ниетпен. Бірақ бұндай жағдайды болашақта болдырмау мақсатында арнайы мамандардың тапшылығын да Мемлекет басшысы өз Үндеуінде айтты. Сондықтан келешекте біз проблеманың салдарымен емес, себебімен күресуді қолға алсақ құба-құп болар еді. Қасым-Жомарт Кемелұлының да ойы осы турасында өрбіді. Ендеше ел болып қиындықты еңсеріп, жұрт болып жұмыла білейік.
Жәнібек Айғожаев,
Ұйғыр аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі