Бүгін Мемлекет басшысы Қысым-Жомарт Тоқаев су тасқынына байланысты қалыптасқан жағдайға орай Үндеу жариялады. Ол өз сөзінде қазіргі таңда елімізде күрделі жағдай орын алып, бірқатар облыстардың су тасқынынан зардап шегіп, оларға мейлінше көмек көрсетіліп жатқанын жеткізді. Ел билігі судың зардабын жоюға барын салуда. Осы орайда зиян шеккен жандарға материалдық, басқа да көмектердің көрсетілетін алға тартқан Президент Қазақстан халқының бірлігі осы тұста көрінетінін айтып, қиын-қыстау кезде көмек қолын созып жатқан жандарға алғысын білдірді. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен блогерлерге елдегі жағдайға орай дүрбелең тудырмау қажеттігін, ел болып біріксек, еңсерілмейтін іс болмайтынын еске салды.
Еліміздің белсенді азаматы ретінде ел Президентінің Үндеуін толықтай қолдаймын және оның бүгінде баспанасыз қалып, зардап шеккен жандарға күш-қуат, қолдау береріне сенемін. Бұл іске Алматы облысы да белсене кірісіп, тасқыннан зардап шеккен жандарға жан-жақты көмек көрсетуде. “Көп түкірсе – көл” демекші, жұмыла кіріссек, алынбайтын қамал жоқ. Ел қуаты – бірлікте.
Ерболат Тұрымбетов,
Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы